Түркістан: Өңірдегі мал ұрлығы 47,7 пайызға кеміді

29 мамыр, 15:59

Ауылды жерде мал асырайтындар мал ұрлығынан зиян шегетіні жасырын емес. Соңғы жылдары тер төгіп жұмыс істеудің орнына біреудің еңбегін еш қылып, малын қолды ететін қаскүнемдерге қарсы тәртіп сақшылары нағыз майдан ашты. Түркістан өңірінде бұл жұмыс тіпті қарқынды.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының полиция қызметкерлері мал ұрлығын анықтау, жолын кесу мақсатында, үздіксіз рейдтік-профилактикалық іс-шаралар жүргізіп жатыр.

Мәселен, полиция қызметкерлері жыл басынан бері мал ұрлығын кәсіп еткен 30-ға жуық адамды, оның ішінде 6 қылмыстық топты ұстады. Олардың жартысынан көбі темір тордың ар жағына тоғытылып, бес жылдан көп мерзім арқалады. Малды жүк көлігімен алып кетіп отырған күдіктілерден бөлек, тасымалдаушылар және сатып алушылар да қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Еске түсірсек, 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мал ұрлығы үшін жауапкершілік күшейтілген болатын.

Сондай-ақ облыс көлемінде жыл басынан 264 мал ұрланған болса, оның 204-і иелеріне қайтарылған. Қылмыстың бұл түрімен күресу басты жолға қойылған. Облыста төрт түлік иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мал базарлары мен ет өнімдерін сататын орындар, мал сою цехтары тұрақты түрде тексеріледі.

Түркістан облысында соңғы бес жылда мал ұрлығы қылмысы азайып келеді. Облыстық Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденовтың бұйрығымен биылғы жыл «профилактика жылы» деп белгіленген. Осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп, мал ұрлығы қылмысы былтырғы жылмен салыстырғанда 47,7 пайызға кеміді.

Сондай-ақ малын жоғалтқандар да айналып келгенде полицияға жүгінеді. Жуырда Түркістан облысында тәртіп сақшылары бір тұрғынның жоғалған қойларын тауып берді. Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, күндізгі уақытта есік алдына жайылып жүрген 6 бас ұсақ малы жоғалғанын жеткізген болатын. Осы хабарламаны алған сәтте оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары шықты. Тәртіп сақшылары бірден іздеуге кірісіп, жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды қарап шықты. Жүйелі жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде полицейлер, 3 сағат ішінде жайылымнан 3 шақырым қашықтықтан, яғни көрші ауыл маңындағы даладан жоғалған қойларды тапты. Полиция қызметкерлерінің кәсібилігінің арқасында табылған ұсақ малдар қала тұрғынына қайтарылды.

Қала тұрғыны жоғалған қойларын қайтаруға көмектескен учаскелік полиция инспекторларының жедел және сапалы жұмысы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

JQ-Aqparat

Суреттер: Түркістан ПД баспасөз қызметі

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген