Әлем елдерінің деңгейін салыстырған кезде экономика, әлеуметтік ахуал, әскер күші сынды сипаттамалармен ғылым-білім саласы да қатар жүреді. Себебі, кез келген істің бастауында дәл осы ғылым мен білім тұратыны сөзсіз. Осы ретте, бүгінгі таңда елімізде жастарға сапалы білім беріп, ғылым жолына түскен азаматтарды қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Тіпті осындай қауіпті пандемия кезінде кейбір азаматтарымыз маған хат жазып, той өткізуге мүмкіндік беру керек деп талап қояды. Мемлекеттің өзі өлермендікпен өмір сүретін кезге келдік. Сондықтан еңбек ету – өмір сүру салтына айналып, басты міндет саналуға тиіс. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», — деп те айтқан еді. Демек, бұл жастардың білімге деген құштарлығын арттыратын жұмыстарға ден қою қажет деген сөз. Тиісінше, бұл тұрғыда Түркістан облысында біршама жұмыстар жүзеге асырылып, ақыл-ойды дамытуға, ізденуге бағытталған жобалар ұйымдастырылып келеді. Сондай іс-шаралардың бір бағыты – зияткерлік ойындарға негізделген бастамалар.
Бүгінде Түркістан өңірінде іске асырылып жатқан интеллектуалдық сайыстардың бірі де бірегейі – көпшіліктің қызығушылығына ие болып, тұрақты қолдау тапқан «AMANAT AQYLMAN» жобасы. Бірнеше ай бұрын бастау алған сайыстың алғашқы сатысында облысқа қарасты аудан, қалаларда іріктеу ойындары өткізіліп, жеңімпаз командалар анықталған. Ал 2023 жылдың 25 шілдесінде «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының қолдауымен және «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалдық ойыны өз мәресіне жетті.
Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, бұл жобаның негізгі мақсаты – «Amanat» партиясы жастар қанатының VI Съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен жастардың бойында болуы қажет үш қасиет – терең білім, еңбекқорлық және отансүйгіштікті дамыту. Сонымен қатар, азаматтық жауапкершілігі зор, интеллектісі жоғары, рухани жан-дүниесі бай, эстетикалық талғамы дамыған және ұтқыр тұлғалар қалыптастыру. Қазақ халқының тарихы мен ұлттық құндылықтарын зерттеу арқылы насихаттап, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңын» қолдап, өңірдегі жастар саясатын нәтижелі түрде іске асыру.
Тиісінше, облыс тарихына, қазақ әдебиеті мен тарихына, сонымен қатар, әлемдік деңгейдегі логикалық сұрақтар қойылған жеті кезең бойынша өткен сайысқа жергілікті басқару, медицина, білім, мәдениет, спорт және бұқаралық ақпарат салаларында қызмет атқаратын жастардан құралған, аудан, қалалардан іріктеліп, жүзден жүйрік атанған 17 команда қатысты.
Әр аудан, қаланың үздіктері сынға түскен тартысты сайысты ашып берген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиевтің айтуынша, бүгінде облыс бойынша партияға мүше атанған 80 мыңнан астам азамат бар екен. Бұл еліміздегі өңірлер арасындағы үздік көрсеткіш болып саналады. Тиісінше, 2022 жылдың сәуір айынан бастап партиялық жарнаның 20 пайызы Бастауыш партия ұйымдарына қайтарылып, партиялық жарнадан қайтарылған қаражат сапалы игеру мақсатында осындай білімге, спортқа, мәдениетке және партиялық басқа да жобаларды жүзеге асыруға жұмсалып келе жатыр екен.
Алтынсары Үмбеталиев өз сөзінде: «Интеллектуалдық жобаның мақсаты – қатысушылар арасында білімге деген қызығушылықты арттыру, түрлі бағыттағы ізденісін жетілдіру және оларды ораторлық мәдениетке, толеранттық тәртіпке баулу, азаматтық танымдарын дамыту. Бүгінде біз сол алға қойған мақсаттарға қол жеткізіп келеміз. Интеллектуалдық жарыстың іріктеу кезеңдеріне өңіріміздегі мыңға жуық жас пен белсенділер қатысты. Бүгін жеті кезеңнен тұратын білім жарысына облысымыздың 17 аудан, қаласынан іріктелген жүзден аса ой үздіктері қатысып отырсыздар. Ойын қызықты әрі тартысты өтеді деп ойлаймын. Командалардың да жеңіске деген құлшынысы мықты. Әрине, ойын болғаннан кейін біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Оған төрешілер өздерінің әділ бағаларын беретін болады. Сонымен қатар, «AMANAT AQYLMAN» интеллектуалды ойынының іріктеу кезеңдерінің ерекшелігі – түрлі бағыттағы сұрақтармен қатар, әр аудан, қаладағы мемлекеттік мекемелерден бастап, барлық санаттардан қатысушы қамтуында деп ойлаймын. Атап айтсақ, аудандық іріктеу кезеңдеріне жастардан бөлек, ардагерлер, депутаттар, ауыл әкімдері, дәрігерлер, мұғалімдер, спортшылар мен журналистер де қамтылған болатын. Біз әрдайым жастарға қолдау көрсетіп, білімді ұрпақ тәрбиелеуге ықпал ете береміз», — деді.
Атап өтсек, жеті кезеңнен тұратын ойынға қатысушылар сайыс барысында қатысушылар смартфон, планшет немесе қандай да бір құралдарды қолданбай, ұтқырлықтары мен білім-біліктерімен сынға түсті. Ойын соңында төрешілер командалардың жеті кезеңдегі жауаптарын есептеп, жеңімпаз командаларды анықтады. Осылайша, сайыс нәтижесі бойынша Түркістан қаласында қызмет атқаратын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған «Тұран-БАҚ» командасы үшінші, Бәйдібек ауданынан келген «ВВС» командасы екінші орынға ие болды. Ал төлебилік жастардан құралған «Жалын» командасы бас бәйгені қанжығалады.
Аталған сайыста үздіктер қатарынан көрінген түркістандық жас журналист Тұрсынай Шаметованың айтуынша, Түркістан облыс орталығына айналғалы бері тек зәулім ғимараттармен көзге түсіп, сәулет туындылары көбейіп қана қоймай, қасиетті қалада білімге құштар жастардың саны да артып келе жатыр. «Оған дәлел ретінде жастар арасында интеллектуалдық ойындардың жиі өтіп жатқанын айта аламыз. Соның бірі – «AMANAT AQYLMAN» сайысы. Өз басым осы ойынға қатысқаныма қуаныштымын. Білімімді шыңдап, тәжірибе жинақтадым. «Білгенің – бір тоғыз, білмегенің – тоқсан тоғыз» демекші, бұл сайыс күйбең тірлік арасында қолға кітап ұстап тұруды еске салғандай болды. Әсіресе, ұлт үшін қызмет еткен, халықтың сауатын арттыруға бар ғұмырын арнаған тұлғаларымыз жайлы көбірек ізденуім керек деп ойладым. Шапшаңдық пен дұрыс пайымдауды талап ететін ойында командамызбен үшінші орынға лайық болдық. Бұл да болса 17 команданың ішінде үлкен жетістік. Әр кезеңнен өткен сайын қобалжығанымызды жасыра алмаймын. Логикалық сұрақтан бастап, тарихты тануға бағытталған мұндай интеллектуалдық ойындар әлі де көптеп өте берсе екен деп тілеймін. Аудан, қалалардағы жастар команда жасақтап, арнайы келіп қатысып жатыр. Ілім-ғылымға деген осындай қызығушылық бар кезде ұйымдастырушылар мұндай ойындарды өткізуге ниет таныта береді деп ойлаймын, — дейді Тұрсынай Қуанышбайқызы.
Ал «Jastar ruhy» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы, жарыстың негізгі ұйымдастырушыларының бірі Жансерік Жұман қоғамдық қозғалыс іріктеліп, сапалы дүниелер тудыратынын айтады. «2000 жылдары немесе оған дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде біртіндеп пікірсайыс қозғалысы дами бастады. Себебі, адамның сыни көзқарасы мен ұшқыр ойын қалыптастыруда пікірсайыс технологиясы — таптырмайтын құрал. Ең бастысы, білімі артады. Пікірсайыс қозғалысы университет қабырғаларында жастар қозғалысы болып қалыптасып, телеарналық бағдарлама деңгейіне жетті. Қазіргі таңда ол бағдарламалар жалғасып жатпаса да, жастар арасындағы қозғалыс үзілген жоқ. Сәйкесінше, соңғы бес жылдық кезеңде еліміз бойынша интеллектуалдық ойынды қолдаушылар мен қатысушылар саны күн санап арта берді. Әлі де көбейіп жатыр. Әдепкіде, мұндай жарыстар ойын-сауық кештерінде өткен болса, қазіргі уақытта аудан, қалалық және облыстық, тіпті республикалық деңгейде ұйымдастырылады. Көпшілігі қазақ тілінде өткізіледі. Сондықтан осынау қозғалыстың дамуына кішкене болсын қолдау болар деген ниетпен өз концепциямызды жазып шықтық. Сайыстың іріктеу кезеңін әрбір аудан, қалада ұйымдастырамыз деп шешіп, үздіктерді облыстық жарыс анықтап берсін деген тоқтамға келдік. Өңір жастарын сайыстың негізгі қатысушылары ретінде санағанымызбен, мұғалімдер, дәрігерлер, спортшылар, полиция қызметкерлері, БАҚ қызметкерлері, тіпті ауыл әкімдері мен ақсақалдар да, жалпы оннан астам саланың өкілдері қатысты.
Сайыс кезеңдерін білімге негіздедік. Басты сұрақтар – аудан, қала және облыс тарихы, спорт, өнер салалары мен интеллектуалды сауалдар болды. Партияға қатысты сұрақтар қамтылған бір кезеңді де қостық. Осылайша, бұл сайыс өз нәтижесін берді деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлігі – біздің жеріміз қандай кең болса, табиғатымыз одан да сұлу. Ішкі және сыртқы туризм жыл сайын даму үстінде. Бірақ сол демалыс аумақтарына немесе тауға барсақ, тазалыққа көңіліміз толмай қалады. Сондықтан жастар арасында Тазаlike жобасын жүзеге асырып, еліне деген сүйінпеншілігі жоғары жастардың қатарын арттыратын қозғалыс та ұйымдастырып келеміз. Сосын, жастардың әскерге барудан жалтаруы да көптеп кездеседі. Осы мақсатта жастардың әскерге қызығушылығын арттыру, танымын кеңейту мақсатында «QAISAR» жобасын жүзеге асырып келеміз. Әскери өмірмен таныстырумен қатар, әскери жарыстар ұйымдастырылады. Түркістан облысының жастары Республикалық әскери-патриоттық ойындардың жеңімпазы атанып жатқанына мұның да үлесі бар болар. Жастардың саяси сауаты да біздің ұйым үшін өте маңызды. Сондықтан ЖОО-лардың қабырғаларында «Жас саясаткерлер мектебін» іске асырып жатырмыз. Жалпы, бізге жастар мәселелерінің шынайы зерттелген картасы керек деп ойлаймын. Біз қазіргі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық, сапалы білімге қол жеткізе алмау, баспана мәселелерін сөз етіп, сол бағыттағы жұмыстарды атқарып келеміз. Дегенмен, өңір жастарының мәселесі толық қамтылған карта жасалса, сол арқылы бес жылдық жоспар түзілсе, бұдан да жақсы болар еді, — деді ол өз сөзінде.
Осы ретте аталған сайысқа төрелік еткен өңір жастарының көшбасшысы, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ернар Бектаевты да сөзге тарттық. Оның айтуынша, интеллектуалдық сайыстарды жиі ұйымдастыру – Түркістан облысындағы жастар саясатын жүзеге асырудың тиімді бір тетігі болып саналады. Сондықтан орталық жыл басында жастардың зияткерлік қабілетін дамыту мақсатында 4 бағыттан тұратын іс-шаралар жоспарын құрып, жұмыс атқарып жатыр.
«Интеллектуалдық ойындар жастардың ақыл-ойын дамытып, олардың кітап оқуына және білім ізденуіне септігін тигізеді. Сол себепті Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» тарапынан биыл 3 түрлі форматта интеллектуалды ойындар өткізуді жоспарлағанбыз. Біріншісі – жастар арасында өткізілген «Тұран» ойыны. Екіншісі – 10-11 тамыз күндері «Не, қайда, қашан?» ойыны форматында өткізілетін «Әл-Фараби» ой сайысы. Үшіншісі – спорт пен білімді қатар дамытуға бағытталған квест форматындағы жарыс. Жалпы, біз осы жобаларды алдымен аудан, қалаларда өткізіп, үздіктердің басын облыс орталығында қосуды жоспарладық. Мұндағы мақсат – жастар арасында интеллектуалдық ойындарды насихаттап, алдағы уақытта алыс-жақын шет мемлекеттердегідей жобаларды мемлекет бюджетімен емес, қатысушылар тарапынан қаржыландырылатындай деңгейге жеткізу. Қазіргі таңда жастардың бұл бағыттағы жобаларға деген қызығушылығы өте жоғары, — дейді ол.
Расында, бүгін ілім-ғылымға құштар болған жастардың ертеңгі күні ел тұтқасын ұстайтын азаматтарға айналары анық. Ал мемлекеттің болашағы ізденімпаз, білімді азаматтардың қолында болса, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделі арта түседі деп ойлаймыз.
Бауыржан Мейірханұлы,
Түркістан қаласы