1995 жылдың 30 тамызында еліміздің Ата Заңы қабылданған болатын. Сол жылы дүниеге ұл-қыздар бүгінде үлкен азамат болып, ел-жұртына қызмет етіп жүр. Айталық, Түркістан облысы Полиция департаментінде 142 полиция қызметкері Конституция қабылданған жылы туылған.
Қазір олар мемлекеттік қызметте қажырлы еңбек етіп, еліміздің даму жолында өз іздерін қалдыруда. Оның арасында жас та болса бас болып, басшылық лауазымдарда жүргендері аз емес.
Бек Шәміл: Елдегі тыныштық пен Тәуелсіздіктің арқасы
Солардың бірі — Түркістан облысы ПД Ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы полиция капитаны Бек Шәміл.
«Мен Ата заңымыз қабылданған жылы туғанмын, еліміздегі басты құжат -Конституцияның төл құрдасымын. Бақытты балалық шағымды жанұямның ортасында алаңсыз өткіздім. Бұл елдегі тыныштық пен Тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын. Заңы орныққан, бейбіт те тыныш елде түлеген ұрпақ болғандықтан, құлашымды кеңге ашқан, еркінмін. Арманымды іске асыру бағытында ішкі істер саласына қызметке орналасып, бүгінде осы құрылымның қазанында қайнап, шыңдалып жүрмін. Алдыңғы буын ағалардың жолын жалғап, жұмысымдағы жауапкершілікті сезінемін. Осынау мереке қарсаңында баршаңызды құттықтап, елімізге амандық тілеймін!», — дейді ол.
Бексұлтан Тәшімов: Отанымның дамуы мен игілігіне үлес қосамын
Конституция қабылданған жылы дүниеге келген Бексұлтан Ермекбайұлы Тәшімов Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан ауылында 1995 жылдың 11 қыркүйегінде дүниеге келген. 2013 жылы мектепті тәмамдап, Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түседі.
Алғашқы еңбек жолын Ордабасы аудандық полиция бөлімінің жедел уәкіл қызметінен бастаған ол бірнеше қызмет сатысынан өтті. Аға жедел уәкіл, криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы қызметтерін атқара отырып, биылғы жылдың қаңтарында Бәйдібек аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Бүгінде екі қыздың әкесі Бексұлтан үшін Конституцияның құрдасы болу зор жауапкершілік жүктейді.
«Мен тәуелсіз елде өмір сүріп жатқаныма және Конституцияның құрдасымын деп мақтанамын. Мемлекет бізге білім алуға және дамуға мүмкіндік берді. Сондықтан Отанымыздың дамуы мен игілігіне өз үлесімізді қосу өте маңызды. Еліміз гүлдене берсін, ал біз оның болашағын жақсартуға көмектесеміз. Осы айтулы мереке қарсаңында еліміздің барлық тұрғындарына ашық аспан, денсаулық және амандық тілеймін!» — дейді Бексұлтан.
Орынбек Тәшкенбай: Елімнің тыныштығын күзетіп жүрмін
Конституцияның тағы бір құрдасы Орынбек Жұмабекұлы Тәшкенбай — Түлкібас ауданында дүниеге келген. Түлкібас аудандық полиция бөлімінің Ақпарат және байланыс тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты.
Алғаш еңбек жолын 2018 жылы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің Ақпарат және байланыс тобының технигі қызметінен бастаған ол, құқық қорғау саласында абыройлы еңбек етіп келеді.
Тәртіп сақшысы Орынбек Тәшкенбай бұл мамандықты таңдағанына өкінген емес. «Мен мемлекетіміздің Ата заңы қабылданған жылы дүние есігін ашқанымды мақтаныш санаймын. Өсе келе ойға алған арманым орындалды, полиция қызметкері атандым, өз елімнің тыныштығын күзетіп жүрмін», — дейді полиция аға лейтенанты.
Ерболат Әлиакбаров: Полицей болу үшін білім де, білік те, білек те керек
Түркістан облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының арнайы мақсаттағы бөлінісінің аға инспекторы полиция капитаны Ерболат Әлиакбаров та Конституцияның төл құрдасы
Ол жұмысқа орналасқан сәттен бастап, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға өз үлесін қосып келеді.
Ерболат Әлиакбаров 1995 жылы киелі Түркістан қаласында дүниеге келген. 2012 жылы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің «Спорт және денешынықтыру» факультетіне оқуға түскен. Содан үлкен оқу ордасында 4 жыл оқып, білім алған жігіт, полицей болсам деген ойын нақтылап, мақсатын орындау үшін Шымкент қаласына «Заңгер» мамандығына құжаттарын тапсырып, оқуға түседі.
Туыс ағаларының форма киіп жүргеніне қызығып, өзінің де осы салаға арналған жан екенін түсініп, еңбек жолын 2018 жылдардан бастаған.
Полиция капитаны Ерболат спорт саласында да топ жарған, жетістіктері жетерлік. Петропавл қаласында дәстүрге айналған қазақ күресінен ҚР ІІМ екінші чемпионаты өткізілген жарыста 90кг салмақта палуандарды жеңіп, Түркістан облысы атынан III-ші орынды иеленген. «Жеңіске деген ерік үшін» номинациясымен марапатталған. Қазақ күресінен бөлек, самбо-дзюдомен айналысатын азамат, ел біріншіліктеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Ерболат өзіне сеніп тапсырған қызметті адал атқарып, халықтың көңілінен шығуға бар күшін салып келеді. «Полицей болу үшін білім де, білік те, білек те керек.Ұстамды болып, азаматтармен тіл табыса білу және сыпайы болу басты шарт», — дейді ол.
JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі