Түркістан: Нашақорлыққа қарсы күрес айлығы басталды

27 мамыр, 16:15

 

Есірткінің таралуына жол бермей, өскелең ұрпақты нашақорлықтан сақтандыру – үздіксіз, әрі аяусыз күрес жүргізуді қажет етеді.

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауында тұрған бұл мәселе бойынша өңір көлемінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық штабы тұрақты қызмет етуде. Жас буынды бұл кеселден сақтандыру мақсатында түрлі кездесулер, алдын алу жұмыстары үзбей жүргізіледі.

Енді, міне, Түркістан облысында нашақорлыққа қарсы күрес айлығы да басталды. Түркістан қаласында Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, облыстық әкімдік және бейінді мекемелері ұйымдастырған, 26 маусым-Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай бір айлық іс-шараның ашылуы өтті.

Іс-шараның ашылу салтанатына Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов пен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысты. Сондай-ақ кездесуге оқушылар, студенттер және облыс орталығының жастары, жалпы барлығы 500-ге жуық адам жиналды.

Іс-шараның мақсаты — өскелең ұрпақтың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, жастарды нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы тұруға және салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

Соңғы статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, биылғы жылдың төрт айында есірткінің заңсыз айналымының 289 дерегі анықталды. Оның ішінде есірткі сатудың 12 фактісі және есірткі контрабандасының 64 жағдайы тіркелген. Заңсыз айналымнан 116,6 кило есірткі заттары тәркіленді. Синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 60 ақпараттық сайт бұғатталған.

Басқосуды ұйымдастырушылар өз сөздерінде жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру мақсатында, осындай іс-шараны өткізудің маңыздылығын атап өтті. Еліміздің өркендеуі мен дамуы үшін тынымсыз еңбек етуге шақырды.
Сондай-ақ іс-шарада белгілі әншілер, облыс ансамбльдері мен жас спортшылар өнер көрсетті. Ал полицейлер жастарға есірткіні қолданудың зияны туралы ескертіп, осындай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді.

Айта кетейік, өткен жылғы шілде айында Үкімет қаулысымен «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» бекітілген болатын. Осы жоспарды жүзеге асыруға бюджет есебінен 53,1 млрд теңге қарастырылды. Кешенді жоспар негізінде заңнамалық және нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыру жоспарланған. Сол арқылы қоғамда нашақорлық деңгейін төмендету көзделеді.

Ал күні кеше есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті құрылатыны жария етілді. «Ашық НҚА» порталына талқылауға шығарылған қаулыда «Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті құрылсын» делінген.
Құжат түсіндірмесінде ішкi iстер министрлiгiнің құрылымындағы Есірткі қылмысына қарсы күрес комитетін құру есірткіге қарсы қызметтің негізгі бағыттары бойынша функцияларды сапалы деңгейде орындауға, есірткінің қауіп-қатеріне қарсы іс-қимылдан тұратын ұйымдастырушылық бөлігін мемлекеттік деңгейде жақсартуға мүмкіндік беретіні жазылған.

Ішкі істер министрлігінде осыған дейін төрт ведомство болған. Ал жаңадан құрылатын комитет министрлікке қарасты 5-ші ұйым ретінде тіркеледі.

Комитетті құру Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына» сәйкес жүзеге асырылмақ.

Жаңа комитеттің бөлімшелері мемлекеттік есірткі саясатын қалыптастыру және іске асыру жөніндегі функцияларды жүзеге асырады. Сондай-ақ бұл бөлімшеге қосымша өкілеттіктер мен штат саны берілетін болады. Комитет қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерін алу құқығы беріледі.

«Жобаны іске асыру штат санын көбейту, қызметкерлердің жалақысын көтеру және тұрғын үй төлемдерін беру үшін мемлекеттік бюджеттен жыл сайын 183,3 млн теңге мөлшерінде қосымша қаржы шығындарын талап етеді», – деп жазылған құжат түсіндірмесінде.

Сондықтан алдағы уақытта ХХІ ғасырдың тажалы – есірткіге қарсы күрес одан сайын күшейтіледі. Бұл күреске Түркістан өңірінің құқық қорғау органдары аянбай атсалысатыны анық.

Айдос Құсайынұлы

Суреттер: Түркістан ПД баспасөз қызметі

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген