Түркістан облысы полициясы құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында түрлі кездесулер мен профилактикалық іс-шараларды жиі өткізеді. Оның ішінде ата-аналармен жұмыс, қоғамдық орындарда тәртіп бұзуға жол бермейтін «Құқықтық тәртіп» шарасы бар.
Полиция ата-аналармен кездесу өткізді
Созақ ауданының полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында оқушылардың ата-аналарымен кездесу өткізді.
Басқосуда жасөспірімдер арасындағы заң бұзушылықтың, қылмыстың ахуалына мысал келтірілді. Бүгінде ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына жеткілікті көңіл бөлмейді. Ал қараусыз жүрген бала опық жегізетін түрлі оқиғаларға тап болуы мүмкін. Сондықтан ата-аналар баланың қай ортада жүргенін, кімдермен араласып, немен айналысатынын білуі керек. Біреулерге еріп, қылмыс жасаса, заң алдында жауап беретінін әрдайым еске салу – тәртіп сақшыларының ғана емес, ата-ананың да міндеті. Осыған орай, кездесуде қылмыс жасағаны үшін жауапкершілік түрлері мен жолда жүру ережелері кеңінен түсіндірілді. Кездесуге қатысқан оқушылардың ата-аналары өздерін мазалайтын сауалдарын қойып, оған толыққанды нақты жауаптар алды.
Кездесу соңында полиция қызметкерлері қатысушыларға алаяқтықтың алдын алу бойынша жаднамалар таратты.
Арыс ауданында профилактикалық шара өтті
Түркістан облысы Арыс ауданындағы көшелер мен қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Оның мақсаты – жедел жағдайды тұрақтандыру, заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдау. Заңнамаға сәйкес, ішкі істер органдары жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде құқық белгілейтін құжаттарды тексеру және көлік құралдарын, сондай-ақ жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды және заттарын жеке тексеру, атыс, травматикалық, суық қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды тәркілеу, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды, заңсыз мигранттарды анықтауды жүзеге асырады.
Іс-шараның алғашқы тәулігінде 50-ге жуық құқықбұзушылық анықталып, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескертулер жасалды.
Сонымен қатар аудандық пробация және прокуратура органдарының қызметкерлерімен, бас бостандығынан шектеу жазасына сотталғандарды тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексерілді.
Полиция қызметкерлері тренингке қатысты
Түркістан облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспектор-психологы Әйгерім Исаева жас мамандар мен олардың тәлімгерлеріне психологиялық тренинг өткізді.
Тренингте интеллект, шапшаңдық, тез шешім қабылдау, зейін және лидерлік қасиеттерді көрсетуге арналған жаттығулар жасалды. Әр жаттығу мұқият ойлау мен іс-қимылдың үйлесімділігін талап етеді. Тренингтің барлық кезеңі қатысушылар үшін өзгеше бір тың дүние болып шықты.
Полиция капитаны Әйгерім Исаева: «Бұл жаттығулар ұжымды біріктіруге, топ құрамында әрекет ете білуге және психоэмоционалдық күйзелісті алып тастауға бағытталды. Мұндай тренингтерді біз жиі табиғат аясында өткіземіз», — деді.
Тренингке қатысқандар қызықты жаттығулар мен психологиялық әдістер үшін ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, алған әсерлері нәтижесінде қызметтік міндеттерін ерекше талпыныспен орындайтындықтарын жеткізді.
JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі