Түркістан облысының тәртіп сақшылары құқық бұзушылық пен алаяқтық жасаған азаматтарды құрықтады, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Дүкен сатушысынан 90-нан астам вейп тәркіледі
Түркістан облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында тыйым салынған вейптерді заңсыз сату фактісін анықтады.
Нақтырақ айтсақ, полиция қызметкерлері Сайрам ауданы көшелерінің бірінде орналасқан дүкенде 31 жастағы сатушы тыйым салынған вейптерді еркін сататынын анықтады. Тәртіп сақшылары Сайрам ауданының тұрғынын ұстап, одан 92 дана вейп (бір реттік) тәркіледі.
Қазіргі уақытта осы факт бойынша барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 20 маусымында Қазақстанда вейптерді сатуға тыйым салатын заң нормалары күшіне енді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 301-1-бап (Шылым шекпейтін темекі өнімдерінің, электронды тұтыну жүйелерінің (вейптар), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың айналымы) қосылды.
Жүргізуші көлігінен есірткі тәркіленді
Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызметтік міндеттерін атқару барысында, есірткі заттарын заңсыз сақтау фактісін анықтады.
Нақтырақ айтсақ, елді мекендердің бірінде полиция қызметкерлері 27 жастағы тұрғынның басқаруындағы «Daewoo Matiz» маркалы автокөлігін тоқтатты.тЖедел уәкілдер тексеру кезінде жүргізушінің салонынан есірткіге ұқсас затты тапты.
Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен 10 грамға жуық марихуананы құрады. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Қайтарымсыз грант аламын деп алаяққа алданды
Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық қылмысына қатысы бар деген күдікпен жергілікті әйелді қолға түсірді.
Күдікке ілінген әйел жәбірленушіге кәсіп ашуға арналған жоспар жазып, мемлекеттен қайтарымсыз несие алып беремін деп сендірген. Танысының сөзіне сенген тұрғын, оған бір жарым миллион теңге берген. Алайда ақшаны алған күдікті байланыстан қашқан, хабарласқанымен түрлі сылтаулар айтып, тіпті уақыт өткізген.
Тәртіп сақшылары жұмыссыз тұрғынның осыған ұқсас тағы бір фактісін анықтады. Жәбірленушілерден алған 2 миллион ақшаны бас пайдасына жаратып жіберген.
Қазіргі таңда әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Жұртты алдаған әйел құрықталды
Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері алаяқтық қылмысына барған 50 жастағы тұрғынды анықтады.
Күдікке ілінген әйел екі бірдей танысына мамандықтары бойынша жұмысқа орналастырып беретінін айтып, сендірген.
Ол үшін жәбірленушілерден алдын ала 300 мың теңге көлемінде қаражат алған. Алайда біршама уақыт өтсе де уәде етілген жұмысты да, не ақшаларында қайтармаған. Яғни әйел алған ақшаны бас пайдасына жаратқан.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі