Биыл Түркістан өңірінде құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар жиі өткізіліп жатыр. Оның ішінде пробацияда тұрған адамдарды бақылау, жол-көлік апатын болдырмау үшін жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және есірткіге қарсы күрес шаралары бар.
«Пробация» — құқық бұзушылықтың алдын алу
Түркістан облысы полиция департаменті Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тамыз айының 15 мен 22 күндері аралығында Түлкібас ауданы аумағында республикалық «Пробация» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізді. Бұл іс-шараның мақсаты — пробацияда есепте тұрған адамдардың жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу.
Пробация қызметі есебінде тұрған адамдардың жаңа құқық бұзушылықтарды жасауының алдын алу жөніндегі өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру барысында инспекторлар есептегі тұлғаларға сот жүктеген міндеттерді орындауды және қылмыстық, әкімшілік құқықбұзушылықтар жасамау керек екендігін қатаң ескертіп, олармен профилактикалық сұхбаттар жүргізді.
Іс-шара кезінде қайталама қылмыс жасауға, алкогольдік ішімдік ішуге, отбасылық тұрмыстық жанжалға бейім тұлғалар қадағаланып, учаскелік полиция инспекторларымен тығыз байланыста жұмыстар атқарылып жатыр.
«Alphard» жүргізушілеріне түсіндірме жүргізді
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен жеке құрам қоғамдық көлік иелерімен, жолаушылармен тілдесіп, жол ережесін бұзбауға шақыруда.
Жүргізушілерге жол апатына бірден-бір себеп болатын қарама-қарсы бағытқа мүлдем шықпауды қатаң ескертуде.
Оның ішінде жұртшылықтың пікіріне орай жылдамдықты шамадан тыс асырып, қарама-қарсы қозғалыс жолына шығуға құмар «Alphard» жүргізушілеріне түсіндірме шараларын күшейтті. Рейд жасап, оларға жол қателікті кешірмейтіні жеткізілді. Еске салсақ, өткен аптада Жамбыл облысының аумағында дәл осы «Alphard» жүргізушісі жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, соның салдарынан алты адам мерт болды.
Сондықтан полиция тек «Alphard» қана емес, барлық көлік иелеріне жылдамдықты асырмауды, қарсы жолаққа шықпауды, жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауға шақырады.
Нашақорлыққа жол жоқ!
Полиция қызметкерлерінің есірткі құралдарының таралуына тосқауыл қою, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресте атқарар жұмыстары сан алуан.
Мәселен, Кентау қаласының полиция қызметкерлері мен «Жастар ресурстық орталығының» ерікті жастарының қатысуымен нашақорлықтың алдын алу жайында қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын ескеру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Оның мақсаты — есірткіге қатысты проблемалар және есірткіні қолданудың алдын алу. Жастар арасында есірткіге қатысты проблемалар жайлы ақпараттандыру деңгейін жоғарлату, психоактивтік заттарды қолдануға қарсы дағдыларды дамыту. Олар дүкендерді, тамақтану орындарын, қоғамдық орындар мен көше қиылыстарын да тыс қалдырмады.
Сонымен қатар тұрғындарға есірткі қылмысының алдын алу мақсатында ескерту жұмыстарын жүргізіп, есірткінің заңсыз айналымы қандай да бір заңсыз әрекет жазасыз қалмайтындығын ескертті. Сондай-ақ «Нашақорлық, есірткі және трамадолға жол жоқ!» тақырыбында 230 жадынама таратты.
JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан ПД баспасөз қызметі