Елдің тыныштығын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті қадағалау — учаскелік инспектордың міндеті. Қалың бұқарамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін дәл осы учаскелік полицей құқық қорғау органдарының имиджін қалыптастырады.
Учаскелік полиция ішкі істер органдары жүйесінде көп қырлы қызмет саналады. Қоқыс тастаудан бастап, отбасындағы жанжал, балалар мен жасөспірімдердің бірдеңеге ұрынып қалмауын қадағалау, тіпті көршілердің бір-біріне шағым жасауына дейін араласып, оңтайлы шешуге бел шешіп кірісуге тура келеді. Оқыс жағдай бола қалса да, алдымен таяқ жейтіндер де осылар. Кез келген сәтті өміріне қауіп төндіретін қатер төндіретін кездер де болып тұрады. Бірақ, соған қарамастан, өз жұмысына қалтқысыз берілген, тұрғындардың тыныштығы жолында жан аямайтындар учаскелік полицейлер көп.
Қазіргі уақытта бүкіл елде «Жұртқа жақын полиция» қағидаты қолданыста десек, учаскелік полицейге жүктелетін міндет пен жауапкершілік жүгі ауырлай түседі. Түркістан өңірінде осы саладағы мүлтіксіз қызметімен көзге түскендер көп. Солардың бірі — Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы Мұрат Камалов.
Полиция қызметкері еңбек ететін Төлеби ауданында бас-аяғы 68 мектеп бар. Онда 30 мыңға жуық оқушы білім алады. Бүгінгі таңда Төлеби аудандық білім бөлімі мен аудандық полиция бөлімі бірлесе отырып түрлі профилактикалық шараларды жүзеге асыруда.
Осы істің басы-қасында жүрген полиция майоры Мұрат Асанұлы Камалов жасөспірімдер арасында және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша оқушыларға ақпарат беріп, «Жол жүру ережелері» тақырыптарында жүйелі түрде сабақтар ұйымдастырады. Ол өзінің жұмыс күнінде үнемі оқушылар қауіпсіздігіне баса көңіл бөледі.
Тәртіп сақшысы әр дәрісінде оқушыларға лудомания, кибербуллинг, нашақорлық, жол қозғалысы ережелері, әлімжеттік тақырыптарында ашық әңгіме өрбітеді. Бастауыш сынып оқушыларын жол бойында тікелей қауіпсіздікпен таныстырып, тәрбие сағаттарын өткізеді.
Қоғам тыныштығын қамтамасыз ету жолында жеті тәулік, 24 сағат бойы тыным таппай қызмет етіп жүрген инспектордың бірі — Ерболат Бекмұратов. Учаскелік полицей бір күннің ішінде барлық бағытты: құқық бұзуға жол бермеу, қылмыстың алдын алу, демалыс кезіндегін балалардың қауіпсіздігін қадағалау, жол қозғалысы ережелерін сақтау, есепке алынғандарды тексеріп, үйлерді аралау, аумақ тұрғындарының жағдайын біліп, тілдесу, сондай-ақ алаяқтық қылмысынан сақтандыру сияқты жұмыстардың бәрін қамтиды.
Полиция майорының айтуынша, жұмыстың қызығы мен қиыншылығы қатар жүреді. Өзіне бөлінген аумақтағы тұрғындардың тыныштығы үшін жан аямай қызмет ететін учаскелік полицей жұмысқа келгенде өзінің жеке өмірін де ұмытады.
Жылдың барлық мезгілінде, тәулік бойы, облыс орталығында патрульдеу қызметін атқаратын полиция қызметкерінің де әр күні қарбаласқа толы. Осы салада жұмыс істейтін полиция сержанты Бақнұр Сарсенбекұлы: «Жүргізушілер жол ережесін бұзады. Қауіпсіздік белдігін тақпай, көлік басқаратындар бар. Ал құқық бұзушылықты анықтап, айыппұл салсақ, ренжиді, теріс пікір айтады. Осы ретте барлық көлік тізгіндеушілерін жол қозғалысы ережесін мұқият сақтауға шақырамын», — дейді.
Күнделікті түрлі жағдаймен бетпе-бет келетін полиция қызметкері, жол апатының алдын алып, оқиғадан зардап шегетіндер санын азайтуға үлес қосып келеді. Ал кейде өз өмірін қиюға асыққан тұрғынды құтқарып, ерлік ісін жасайды.
Күнделікті жұмысқа шыққанында, үйінде отбасы уайымдап отыратынын айтқан қызметкер, оған қарамастан Отанға берген антына адал болып, ештеңеден тайсалмай, шаршамай жұмыс жасайтынын сеніммен жеткізді.
Түркістан өңірінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында адал қызмет етіп жүрген мұндай полиция қызметкерлері көп.
Айдос Құсайынұлы
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі