Бүгінде республика бойынша «Қауіпсіз қоғам» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның мақсаты құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздікті барынша сақтау. Түркістан облысында «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында бірқатар іс-шаралар өтуде, деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
«Есептегі элемент» жедел-профилактикалық іс- шарасы өтуде
Түркістан облысында сот белгілеген шектеулерді сақтамаған 50 тұрғын анықталды. Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың нұсқауымен облыс көлемінде ағымдағы жылдың 29 шілде мен 3 тамыз аралығында «Есептегі элемент» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шараның 3-тәулігінде Ішкі істер органдарында есепте тұратын 2314 тұрғын тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Нәтижесінде 50 адамның сот органдары белгілеген шектеулерді бұзғаны анықталып, шара көрілді.
Мәселен әкімшілік қадағалау туралы заңнаманы бұзудың 12 жайты анықталып, хаттама толтырылды. Мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғандармен 12 құқық бұзушылық, мінез-құлқына белгіленген ерекше талаптарды бұзудың 10 жайты белгілі болды.
Өз кезегінде полиция бұл бағыттағы шаралар жалғасатынын жеткізіп, сот белгілеген шектеулерге немқұрайлы қарамауға шақырады.
Мас жүргізуші құрықталды
Түркістан облысы Мақтарал ауданының патрульдік полиция қызметкерлері мас халде көлік тізгіндеген ер адамды анықтады. Мәселен күнделікті қызмет атқару барысында кешкі уақытта аудан көшелерінің бірінде қауіпсіздік белдігін тақпай жол ережесін бұзып келе жатқан «Audi 100» маркалы автокөлігін байқап, оны тез арада тоқтатты.
Тәртіп сақшылары жүрісі күдік тудырған 43 жастағы жүргізушіні тексеру барысында автокөлікті мас күйде басқарғанын анықтады.
Қазіргі таңда масаң күйде көлік жүргізген ер адам 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Мақсат — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу
Ордабасы аудандық полиция бөлімінің инспекторы полиция лейтенанты Жанар Мұратбекова мен «Шапағат» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мекеме қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ардагерлер арасында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Отбасындағы қарым-қатынасты нығайту, ата-ана мен баланың арасында түсіністік пен отбасылық махаббатты қалыптастыру мақсатында өткізілген бұл шарада ардагер ата-апаларымыз осы тақырыптағы ой-пікірлерін ортаға салды.
Шара барысында Мемлекет басшысының бастамасымен «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» Заңына енгізілген өзгерістер түсіндірілді.
Өз кезегінде аудандық әжелер кеңесінің төрайымы, «Қазақ аналарының дәстүрге жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Ордабасы аудандық филиалының төрайымы Ұлболсын Әбілдаева сөз алып, ата-ана мен баланың арасында түсіністік, ене мен келіннің арасындағы махаббаты қалыптастыру арқылы отбасы құндылығы мен тыныштығы, беркесі мен бірілігі сақталатынын айта келіп, жастарды отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған жол бермеу барша азаматтың міндеті екендігін жеткізді.
Қоғамдық тәртіп сақталады
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы М. Қабденовтың нұсқауына сәйкес Созақ ауданы аумағында аптаның сенбі, жексенбі күндері бір нүктелік іс-шарасы өткізілуде. Негізгі мақсат-көшелер мен қоғамдық орындардағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу. Іс-шарада заң бұзушылықтарға жол берген автокөлік иелеріне әкімшілік хаттама толтырылды. Өз кезегінде полицейлер, қоғам тыныштығы мен құқықтық тәртіпті сақтау барысында жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністік танытып, заңға қайшы іс-әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
JQ-Aqparat
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі