Қазіргі заманғы оқу-ағарту жүйесінде балалар мен жасөспірімдерге тек білім беріп қоймай, олардың рухани-адамгершілік тәрбиесіне мән беру – басты міндеттердің бірі. Технология қарқынды дамыған бүгінгі заманда рухани құндылықтар шет қалмауы тиіс. Өскелең ұрпақты адамгершілік, өзара сыйластық, мейірімділікке тәрбиелеу ең алдымен ұлттық құндылықтарды сіңіруден басталады. Осы орайда түркі әлемінің ұлы ойшылы Қожа Ахмет Яссауидің ілімі ерекше маңызға ие. Қожа Ахмет Яссауи мұрасы – қазақ халқының рухани және мәдени қазынасы. Оның ілімі мен тағылымы өткен тарих қана емес, бүгінгі ұрпақтың бағыт-бағдарын айқындайтын рухани арна. Ясауи мұрасы қазіргі қоғамда жалпы адамзаттық құндылықтарды жаңғыртуда, ұлттық сананы қалыптастыруда, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады.
Ахмет Яссауидің хикметтерінде адалдық, сабыр, шүкіршілік, ата-анаға құрмет, мұғалімге ілтипат сынды қасиеттер кеңінен насихатталады. Оқушыларға осы хикметтерді оқытып, олардың мағынасын ашу арқылы жас ұрпақтың бойында ізгілік пен имандылықты тәрбиелеуге болады. Осы орайда Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Әлия Құралбаева өзінің болашақ ғылыми жобасында осы рухани құндылықтардың білім беру саласындағы орнын айқындауға болатындығын айтады.
— Тәжірибелі ұстаз ретінде айтыңызшы, мектеп оқушыларына білім беруде Яссауи іліміндегі рухани құндылықтарды дәріптеуге бола ма?
— Иә, әрине, болады. Бұл орайда «Бастауыш сынып оқушыларын Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» еңбегіндегі құндылықтар арқылы тәрбиелеу» тақырыбындағы ғылыми жоба да әзірленген болатын.
— Сол жобаның көздеген мақсаты мен өзектілігіне тоқталып өтсеңіз.
— Бұл ғылыми жобаның мақсаты қазақ тарихындағы маңызды тұлға Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» еңбегіндегі құндылықтарды анықтап, бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшелігіне сай келетін ғылыми әдіспен анықталған құндылықтарға (махаббат, төзімділік, жауапкершілік және т.б.) тәрбиелеу құралын жасау болып табылады.
Аталған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар міндеттерді атқару көзделген.
Біріншіден, Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» еңбегіндегі құндылықтарды анықтау. Бұл құндылық ұғымын және ұлттық-рухани құндылықтардың түрлерін зерделеуге мүмкіндік береді;
Екіншіден, бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшелігіне сай келетін ғылыми әдіспен анықталған құндылықтарды (махаббат, төзімділік, жауапкершілік және т.б.) оқыту жиынтығын әзірлеу. Бұл жиынтық:
— оқушылардың ұлттық мәдени құндылықтарды тануы, қабылдауы және дамытуы және осы құндылықтарды құрметтеуіне;
— бастауыш сынып оқушыларын өзіне, отбасына, қоғамға және қоршаған ортаға игі ықпал ететін, өзімен, отбасымен және қоршаған ортасымен тату, өзгелермен жақсы қарым-қатынас орнататын, ынтымақтаса жұмыс істейтін адал, өнегелі, ізгі және бақытты азамат етіп тәрбиелеуге;
— адамгершілік құндылықтарға сәйкес шешім қабылдауға;
— бастауыш сынып оқушыларының өз-өзіне сенімді, жүйелі ойлай алатын, бастамашыл, жоспарлы оқу әдеттері мен сыни көзқарасы бар, эстетикалық сезімдері мен шығармашылық қабілеттері дамыған жеке тұлға болуына;
— бастауыш сынып оқушыларының өзіне, отбасына және қоғамға деген жауапкершілігін сезіне алатын, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қоса алатын тұлға болып өсуіне жол ашады.
— Жаһандану заманында Қожа Ахмет Яссауи мұрасын мектеп оқушыларының бойына қалай сіңіруге болады? Қандай әдістемелік немесе практикалық тәсілдер қолданылады?
— Негізі жоба мақсаты бірнеше бөліктерден тұрады. Біріншіден, Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани Хикмет» еңбегін сканерлеу және құндылықтарды анықтау. Екіншіден, рухани құндылықтарды оқыту тәсілдерінің қайсысы тиімді екенін анықтау. Жобаның бұл бөлімінің негізгі мақсаты – Түркістан үлгісін пайдалана отырып, әдебиеттерде көрсетілген құндылықтарды оқыту тәсілдерінің қайсысы оқушыларға тиімдірек екенін анықтау.
Деректерді талдауға келсе, зерттеуде пайдаланылған шкалалардан алынған мәліметтерді талдау үшін SPSS 22.0 статистикалық бағдарламасы пайдаланылады. Бұл салыстыруда орташа арифметикалық және стандартты ауытқу мәндері де қолданылады. Үшіншіден, Қожа Ахмет Яссауи құндылықтарының білім беру жиынын құру.
Жобаның екінші бөлімінде жүргізілетін эксперименттік зерттеуде Қожа Ахмет Яссауи құндылықтары бойынша оқыту жиыны қарастырылады. Құндылықтарды оқытудағы моральдық пайымдау тәсілі және құндылықтарды оқытудағы белсенді оқыту әдісінің бастауыш сынып оқушылары үшін ең тиімді екендігі дәлелденетін болады.
Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи құндылықтарының білім беру жиынтықтарына арналған пилоттық қолданбалы зерттеулер де жүргізіледі. Жоба аясында жасалатын жинақтардың тиімділігін бағалау үшін кездейсоқ таңдау әдісімен анықталатын Түркістан қаласындағы мектептер арасында сынақтан өтеді. Бұл тәжірибеде кемшіліктер анықталып, сынып жетекшілерінің пікірлері алынады. Мектеп мұғалімдерінің тек пікірлері ғана алынып қоймай, Түркістан қаласының мұғалімдеріне теориялық инфрақұрылым мен құрылған құндылықтарды оқыту жиынтықтарының практикалық егжей-тегжейлері бойынша семинарлар ұйымдастырылады.
— Дұрыс екен. «Мінез – имандылықтың айнасы» деген сөзі бүгінгі күннің басты ұраны болуы тиіс. Ұстаздар қауымы осы ілімді тәрбиелік құрал ретінде тиімді қолдана білсе, болашақ ұрпақ тек білімді ғана емес, иманды, парасатты, адамгершілігі жоғары азамат болып өсері анық.
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Әлия Білдебекова,
Түркістан қаласы