Түркістан облысы полиция департаментінен келіп түскен нұсқауға сәйкес, ағымдағы жылдың маусым айының 24-26 күндері аралығында Кентау қаласы көлемінде «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты акциясы аталып өтуде. Бұл туралы Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі мәлімдеді.
Акцияны өткізудің негізгі мақсаты: 2024 жылға арналған негізгі ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспарына сәйкес халықты тұрмыстық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы таныстыру, олардың полицияға сенімі деңгейін арттыру, қоғамда отбасының рөлін нығайту болып табылады.
Акцияны өткізуге Кентау қалалық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Майра Құттыбаева, Кентау қалалық «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу бөлімінің» басшысы Қарлығаш Наханова, Кентау қалалық «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу бөлімінің» психологы Нұргүл Оспанова, Кентау қалалық «Әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу бөлімінің» әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Гүлнұр Сәрсенбайқызы сияқты мамандар тартылды.
Акцияның өткізілуін халыққа кеңінен тарату мақсатында «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» билбордтар мен маңдайша жазулары жаздырылып, Кентау қаласының орталық көшелері мен халықтың көп шоғырланатын жерлеріне ілінді, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі жадынамалар мен буклеттер тарату жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Кентау қаласы көлемінде түрлі-түсті және қара металдардың, олардың сынықтарының және қалдықтарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимылды күшейту, сондай-ақ металл ұрлығына қатысы бар тұлғаларды анықтап, қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында ағымдағы жылдың маусым айының 24-26 күндері аралығында “Металл” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті.
Іс-шараға сәйкес ПБ-нің жергілікті полиция қызметі бөліністерінен және Криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен бірлесіп металл ұрлығының алдын алу, қылмысты ашу, күдіктілерді құрықтау бағытында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ 20-30 маусым аралығында Кентау қаласы аумағында көшелер мен қоғамдық орындарда тиісті құқықтық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды ашу және жолын кесу, сонымен қатар жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында “Құқықтық тәртіп” Республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара аясында үйлер мен пәтерлерді аралау ұйымдастырылып, көшелердегі патрульдік бақылау күшейтілетін болады. Осыған орай, тәртіп сақшылары қала тұрғындарынан өтіп жатқан іс-шараға және тәртіп сақшыларының әрекетіне түсіністікпен қарауды сұрайды. Сонымен қатар олар азаматтарды қылмыстық және әкімшілік заңнама саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауда полиция қызметкерлеріне барынша жан-жақты көмек көрсетуге шақырады. Өңір полицейлері жеке құрамға салтанатты саптық тексеріс өткізді, оның барысында қызметкерлерге профилактикалық іс-шараның негізгі талаптары айтылды.
Әлима Әлмерек
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі