Түркістан өңірінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға, сондай-ақ балаларға құрметпен қарап, олардың қоғам өмірінен сырт қалмауына айрықша мән беріледі. Бұл бағытта түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Сондай игі шараның бірі Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде өтті. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Шексіз өнер – тең мүмкіндіктер әлемі» атты театрландырылған қойылымды қала әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі ұйымдастырған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бұл іс-шара — мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту және оларды мәдени ортаға тарту арқылы қоғаммен тығыз байланысты нығайтуға бағытталған. Жобаның ерекшелігі – барлық қатысушылар кәсіби мамандардың жетекшілігімен дайындық процесінен өтті. Бұл олардың сахнада өз өнерін сенімді көрсетуіне және шығармашылық әлеуетін толық ашуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ мұндай жобалар қоғамның ерекше балаларға деген көзқарасын өзгерту, инклюзия мен толеранттылықты нығайту, балалардың ішкі әлемін өнер арқылы ашу, кәсіби мамандардың сүйемелдеуімен сапалы шығармашылық орта қалыптастыру, сондай-ақ қолқнер мен ұлттық өнерді дәріптеуді көздейді.
Айта кеткен жөн, аталған бастама Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне сай инклюзивті қоғам қалыптастыру аясында қолға алынған. Бұл – әлеуметтік теңдікті насихаттап, ерекше жандардың әлеуетін көрсетуге арналған маңызды қадам. Іс-шара аясында Түркістан өңірінен жиналған балалардың қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы туындылар мен шығармашылық жұмыстар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Өйткені бұл жай ғана өнер кеші емес, ерекше жандардың жүрегінен шыққан шынайы шабыт пен сенімнің көірініс болғаны хақ.
Сонымен қатар, 40-қа жуық баланың қатысуымен мюзикл жанрында театрландырылған финалдық қойылым сахналанды. Мерекелік шараға әнші, композитор Құрмаш Маханов қатысып, балалармен бірге ән шырқады.
JQ-Aqparat
Сурет: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі