Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер ор¬гандары қызметкерлерінің жалпы саны мыңға жуықтады. Құрғақ статистиканың ар жағында қапыда кеткен қыршын ғұмыр, жақындарының қайғысы мен көз жасы тұр. Тәртіп сақшыларының бірі қылмыскердің қолынан мерт болса, енді бірі суға батып бара жатқандарды құтқарам деп қапыда кетті. Қаншама полиция қызметкері елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында өз өмірін құрбан етті.
Олардың ерлігін ұмытпай, өскелең ұрпаққа үлгі ету, соңында қалған отбасына көмек қолын созу – ел-жұртының міндеті.
Түркістан өңірінде бейбіт өмірде қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерін еске алып, тағзым етуге ерекше мән беріледі. Әр елді мекенде бейбіт күннің батырларына арналған «Батылдық бұрышы» ашылып жатыр.
Жуырда Шардара қаласының Қасым Аманжолов атындағы мектепте жас буынға үлгі болатын маңызы зор іс-шара өтті. 1998 жылы 12 қазанда шақырту бойынша шығып, оқиға орнында оққа ұшып, қаза тапқан Шардара аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Ақдәулет Тажмағанбетұлы Сандыбаевқа арналып, «Батылдық бұрышы» ашылды. Онда полицейдің ерліктері, қызмет жолдары сипатталған «Ерлік — елдің қасиеті, жүректілік — жігіттің қасиеті» тақырыбында естеліктері қойылды.
Сондай-ақ полицейдің қызмет барысындағы жанкешті ерілігі ескеріліп, 2005 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Президенті Жарлығымен II дәрежелі «Айбын» орденімен наградталған.
Аталған іс-шараға Шардара ауданы әкімі апаратының ішкі саясат бөлімінің бастығы Бақытжан Таласов, Шардара ауданының бас полицейі Шералы Әділханұлы, ІІО-ның бастауыш ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Амангелді Ысқақов және полицейдің туыстары, мектеп ұжымы қатысты.
Тағылымы мол шарада жас буынға полицей Ақдәулет Сандыбаевтың өмір жолы, батырлық әрекеттері айтылды. Жиналғандар жұлдызы ерте сөнген полицейді бір минут үнсіздікпен еске алды. Қарындасы Сара Сандыбаеваға гүл шоқтары табысталды.
Сондай-ақ Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, оларды отансүйгіштікке баулу мақсатында ерекше шара ұйымдастырылды. Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан милиция сержанты Айтжан Құдіретуллаұлы Гайбуллаевтың атына өзі білім алған «Бабайқорған» мектебінен «Батылдық бұрышы» ашылды. Онда тәртіп сақшысының өмірбаяны мен суреттері қойылған.
Ашылу салтанатына А.Ғайбуллаевтың жұбайы Гауһар Сүлейменова, ұлы Ержан Айтжанұлы, Түркістан облысы ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев пен Тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Шамшат, Түркістан қаласы ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Сансызбаев, мектеп ұжымы мен оқушылар қатысты.
Іс-шара барысында қызмет атқара жүріп, жұлдызы ерте сөнген Айтжан Ғайбуллаевтың өмір жолы туралы деректер айтылып, жиналған көпшілікке оның ерлігі дәріптелді. Өз кезегінде мектеп басшылығы полицейдің қайтпас қайсарлығы мен жанқиярлығын үнемі жас ұрпаққа үлгі етіп отыратынын жеткізді.
Мұндай іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдерді патриоттыққа тәрбиелеу, Отан үшін адал қызмет еткен батыр аға-әпкелерін үлгі ету, оқушылардың жеке басын қалыптастыру және дамыту. Алдағы уақытта мұндай игі іс жалғасын табады.
Айдос Құсайынұлы,
Суреттер: Түркістан ПД баспасөз қызметі