Елімізде Ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүрген отбасылық полицейлер аз емес. Бүгінде тәртіп сақшысы мамандығының беделін арттырып, тіпті кейінгі ұрпағына осы мамандықты үлгі етіп жүрген жандар бар. Біз бүгін Түркістан облысында абыройлы қызмет етіп, полиция мамандығының ерекше қызмет екенін көпшілікке паш етіп жүрген азаматтарға арнамақпыз. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Мамандығының беделін арттырып, көпке үлгі етіп жүргендер Түркістан облысы Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері Болат Асанов пен Ермек Болатұлы.
Бала кезінен еліне қорған болуды мақсат тұтқан Болат Асылханұлы ішкі істер органдарында 2004 жылдан бері қызмет атқарады. Ал әке жолын жалғаған
Ермек Болатұлы бұл қызметке 2023 жылы келді. Әкесі Кентау қаласындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етсе, ұлы небір күрделі істерді тергеп келеді.
«Бір салада еңбек ету, жауапкершілікті ғана емес, отбасындағы түсіністік пен сыйластықты қалыптастырады. Кәсіпке адалдық, қиын да жауапты істі абыроймен атқару басты ұстанымымыз! Әрқашан ұлыма ақыл-кеңесімізді айтып, халыққа қалтқысыз қызмет етуін міндеттеймін. Басында отбасымызбен ұлымыздың осы салаға келуіне қарсы болдық. Десе де балам нақты шешім қабылдағанын айтып сендірді. Бүгінде міне, өзіммен бірге қызметте» — дейді полиция полковнигі.
Кез-келген мамандықта отбасылық еңбек династиясы ерекше орында тұрады. Өйткені ол сол мамандықтың мәртебесін, қоғам алдындағы имиджін айқын көрсетеді. Түркістан облысында да әсіресе ішкі істер органдарында еңбек ететін үлгілі полицейлер династиясы аз емес.
Бүгінгі таңда олардың саны 65-ке жетіп отыр. Атап айтқанда Келес ауданында төрт буын ата-әке-бала-немерені қызметте ұштастырған отбасы бар. Бірнеше буынға жалғасқан үлгілі полицейлер династиясының бірі Базарқұловтар әулеті.
Аға буын қариялар өз балалары мен немерелеріне «Тәртіп сақшысы – ол ең алдымен адал қызмет етіп, өзі тәртіпті сақтауы тиіс. Жұмысы нәтижелі болу үшін әркім өз ісін жақсы сезіммен орындауы тиіс. Кез келген сақшының жұмысында қиын сәттер көп кездеседі. Бірақ ештеңеге мойынсұнбай, берілмей, тек алға жүру керек» деген өсиетті айтудан жалыққан емес.
Сонымен қатар аталған облыста үлгілі полицей қатарында 7 қыз бен 1 ұлды тәрбиелеп отырған полиция қызметкері бар.
Қызығы мен қиындығы қиюласқан ішкі істер саласына адамдар түрлі себеппен келіп жатады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жүрек қалауымен саналы түрде осы қызметті таңдаған адам. Қанат Бектұрсынов — Жетісай ауданы кезекші бөлімшесінің полицейі.
«Тәулік бойы кез келген жағдайға дайын болу, құқық бұзушылықтың алдын алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бұл- полицейлерге қойылатын басты талап! Ал отбасы мен мемлекет ол әрбір адам үшін басты құндылық болуы керек. Отбасың үшін қалай жаныңды берер болсаң, мемлекетке де солай адал қызмет етуің міндетті», -деп атап өтті кейіпкеріміз.
Полицей Қанаттың ішкі істер органдарында қызмет еткеніне биыл 16 жыл. Ол 2006 жылы Гулбану есімді арумен шаңырақ көтеріп, қазіргі таңда 8 перзент (1 ұл мен 7 қыз) өсіріп отырған үлгілі әке. Отбасында кішіпейіл, достары арасында абыройлы азамат. Бос уақытын көбірек балаларымен өткізгенді жөн санайтын полицей, спортпен де тұрақты түрде шұғылданады.
Әлима Әлмерек
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі