Түркістан: Бизнес идеясы бар жастарға жеңілдетілген несие беріледі

22 тамыз 2023, 12:19

 

Елімізде кәсіпкерлікті дамыту саласына шындап көңіл бөлінгеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Оның нәтижесі де жоқ емес. Бұл тұрғыда азаматтардың өз ісін бастауына қолдау көрсету мақсатында мемлекет тарапынан түрлі іс-шаралар атқарылып келе жатыр. Ол бастамалардың бір бағыты жастар игілігі үшін де қызмет етіп, бүгінде бизнеске деген құлшынысы артып тұрған азаматтар түрлі мүмкіндікке ие болуда. Тиісінше, биыл да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырма беріп, жастарға жеңілдетілген 2,5 пайыздық үстемемен несие берілетін болған. Осы орайда, бұл жұмыстарды үйлестіру мақсатында Түркістан өңіріне 2,9 млрд теңге қаржы бөлініп, облыстағы 600-ге жуық жас азамат бағдарламаның шарапатын көрмек. Бұл туралы мамыр айында жастарға жеңілдетілген шағын несие беру бойынша өткізілген комиссия отырысында айтылған болатын.

Сол жиында белгілі болғандай, қаржы және еңбек министрліктерімен үш жақты келісімшарт түзіліп, «Аграрлық несие корпорациясы» сенім білдірілген агент ретінде танылған. Сонымен бірге, облыстық комиссия құрамы жасақталып, өңір басшысының шешімімен бекітілген. Тиісінше, 2023 жылдың 2 мамырындағы жағдай бойынша, облыстың әр аумағынан 80-нен астам азаматтың құжаттары қабылданып, комиссия мүшелерінің қарауына өткізілген-тұғын. Одан бөлек, комиссия отырысында жеңілдетілген шағын несие алуға ниетті жастар бизнес жобаларын қорғай бастаған.

Сол сәттен бастап Түркістан облысында аталған тапсырма аясында қарқынды жұмыстар жүргізіліп, шілде айында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие бойынша 150-ге тарта жас азаматтың жобасы мақұлданған. Бұл туралы облыс орталығындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ернар Бектаев мәлім еткен болатын. Аталған жиында ол сол кезге дейін аз пайыздық несие алу үшін бизнес-жобасын жасаған 636 азаматтың құжат тапсырғанын жеткізді. Тиісінше, олардың 434-і комиссия қарауына ұсынылса, 243 жастың бастамасы қаралып, жобасы мақұлданған 142 жастың 80-іне кәсібін дөңгелету үшін қаражат берілгенін және 62-сіне қаражат аудару жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтқан болатын. Одан бөлек, несие беру талаптарына сай келмеуіне байланысты жүзден астам үміткерге оң қорытынды берілмегені мәлім болған.

«Несиелер «Аграрлық кредиттік корпорациясы» арқылы беріледі. Өңір бойынша Қазығұрт, Отырар, Сарыағаш, Түлкібас, Ордабасы аудандарының жастары мемлекеттік бағдарламаға өтінім беру бойынша алдыңғы қатарда тұр. Ал, Созақ, Мақтаарал, Бәйдібек, Келес, Сауран аудандары мен Кентау, Түркістан қалаларында белсенділік төмен. Сондай-ақ, Жетісай, Сайрам, Төлеби, Шардара аудандары мен Арыс қаласындағы жұмыстар орта деңгейде», — деген Ернар Нұралыұлы сол жиында.

Сондай-ақ аталған кездесуде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалындағы несиелеу бойынша директорының орынбасары Әлібек Имашев несиенің мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға, қалған басқа бағыттар үшін 5 жылға дейін берілетінін айтқан-тұғын. Оның сөзіне сүйенсек, несие алуға жасы 21-ден 35-ке дейінгі жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтар үміткер бола алады.

«Құжат тапсыру сәтінде үміткердің жасы ескеріледі. Тағы бір айта кететін жәйт, жоба шеңберінде кепілдік қою – басты талаптардың бірі. Дегенмен үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Жоба қабылданып, несие алатын кезде кепілгердің сенімхаты мен өзі міндетті түрде болуы тиіс. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша Түркістан облысында тіркеліп, ал кепілге қоятын мүлкі басқа өңірде болуына да рұқсат беріледі. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер немесе арнаулы техника қабылданады. Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет», — деген ол өз сөзінде.

Ал бірнеше күн бұрын облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ернар Бектаев Түркістан облысындағы 700-ден астам жастың жеңілдетілген несие алуға құжат тапсырғанын мәлімдеді.

«Елімізде өз ісін ашуға ниетті азаматтарға түрлі мемлекеттік қолдаулар қарастырылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласы мен жаңа бизнес идеяларды дамытуға бағытталған бағдарламалар іске қосылды. Оның ішінде жастар мен әлеуметтік көмек алушыларға ерекше назар аударылуда. Осы орайда, бүгін Түркістанда жастарға арналған жеңілдетілген несие берудің іске асырылуы мен «Ауыл аманаты» жобасына атаулы көмек алушылардың (АӘК) қатарын арттыру мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Ернар Бектаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Түркістан облыстық филиал директоры Фурхат Миркаримов, аудан және қалалардағы әкім орынбасарлары, жауапты сала мамандары қатысты», — деді ол өз сөзінде.

Ернар Нұралыұлының айтуынша, жыл басынан бері 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиені алуға ниетті 720-дан астам түркістандық жастың бизнес-жобасы қабылданып,жауапты мамандар тарапынан қажетті кеңестер берілген. Оның ішінде 612 азаматтың құжаттары комиссия қарауына беріліп, 568 жас бизнес-идеясын қорғап шыққан. Нәтижесінде 308 үміткердің жобасы мақұлданса, қалғанына оң шешім шығарылмапты. Тиісінше, мақұлданған жобалардың 104-і қаржыландырылып қойған.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы аталған бағдарлама бойынша Түркістан өңіріндегі 594 жас азаматқа жеңілдетілген несие беру жоспарланғанын жеткізді.

«Биыл наурыз айынан бастап Сенім білдірілген агент «Аграрлық несие корпорациясы» бағдарламаға қатысуға құжаттар мен жобалар қабылдауды жалғастыруда. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қарауға жолданған бизнес-жобаларды талқылап, үміткерлермен сұхбаттасу жүргізуде. Бүгінгі таңда 14 комиссия отырысы өткізілді. Дегенмен жұмыс қарқыны әлі де баяу. Мал шаруашылығы бойынша өтінімдер басым. Әрине, жайылым мәселесі жоқ аудандарда қолға алуды қарастыруға болады. Бірақ облыста жаңа кәсіп түрін жүзеге асыруға немесе қызмет көрсету саласын дамытуға ынталы жастарды қолдауымыз керектігі қайта-қайта ескертілуде. Жоспарды орында алмай жатқан, жұмыс деңгейі төмен аудан, қала әкімдіктері, жергілікті «Жастар ресурстық орталықтары» жұмыс ауқымын күшейтіп, халық арасында бағдарлама жайлы түсіндіру жұмыстарын жандандыруы қажет, — дейді ол.

 

Бұл тұрғыда Түркістан облысында тек құжаттарды қарап, ақша аударып беру жұмыстары ғана атқарылып жатпағанын атап өтуіміз қажет. Мәселен, бірер күн бұрын үш жүздің басы қосылған Ордабасыда 300-ге жуық жастың басы қосылып, кәсіпкерлік саласы бойынша білім-біліктерін жетілдірді. Жастарды кәсіпкерлікке ынталандыруға бағытталған бұл экскурсия әрі семинар-тренингтің тақырыбы – «Өз кәсібіңді аш» деп аталды. Қатысушылар іс-шара алдында «Бөрте Милка» ЖШС кешенді сүт фирмасы мен «Bokei» ЖШС қыш зауытына экскурсия жасады.

Аталған семинар-тренингті аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлы мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов ашып беріп, өңіріміздегі кәсіпкерлік саласының даму қарқыны мен алдағы уақытта жүзеге асырылатын ауқымды жобалар жайында баяндады. Сонымен бірге, аудандық мәдениет үйіне жиналған азаматтарға «Жастарға арналған 2,5  пайыздық несие», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Бастау бизнес» жобалары түсіндірілді.

Оған қоса, аталған іс-шарада «Daryn online» компаниясының республика бойынша сату бөлімінің басшысы Бәйдібек Қуатбай, жас миллионер, бизнес-тренер Өндіріс Саят пен жас кәсіпкер, еліміздегі ең алғашқы тур-саяхат саласының негізін қалаушылардың бірі Қабылбай Жақсыбек спикерлік жасап, өз кәсіптері туралы баяндап, жетістікке жету жолдарымен, өз тәжірибелерімен бөлісті. Өз кезегінде, қатысушылар да спикерлерге өздері ашқысы келетін кәсіптері бойынша сұрақтар қойып, белсенділік танытқандарға «Jake tau» ұжымы мен қоғам белсендісі Олжас Мамыр «Қасқасу» демалыс аймағына тегін жолдама сыйлады. Ал іс-шара соңында облыстық «Жастар ресурстық орталығы» басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов барлық жастарға семинар-тренингтен өткендігін растайтын сертификат табыстады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» өткізген бұл семинар-тренингтің мақсаты – жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, несие, грант алу және бизнес ашу, сонымен бірге, түрлі кәсіптің қыр-сырын үйретіп, нарықтық қатынастардың тиімділігін түсіндіру, жастарға беріліп жатқан мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау болып саналады.

Жалпы, Түркістан өңірінде жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген шағын несиеге құжат қабылдау наурыз айында басталып кеткен. Жоспарға сәйкес, өңірдегі 600-ге жуық жас аталған бағдарламаның шарапатын көруі тиіс. Тиісінше, қазіргі таңда өңірдегі халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары мен аудан, қалалардағы «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері тізе қосып, жастар арасында мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын тоқтаусыз жүргізіп жатыр. Бұл бағыттағы кездесулер мен насихат жұмыстары жылдың соңына дейін жалғаса бермек. Бұл – өз ісін бастауға ниеттенген әрбір жас азамат үшін таптырмас мүмкіндік.

Бауыржан Мейірханұлы,

Түркістан қаласы

 

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз