Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Заң және Тәртіп» қағидатын ұстану қоғамның идеологиялық және саяси нұсқаулығына айналуы қажет екенін атап өтті. Президент: «Бұл жаңа қоғамдық келісімнің іргетасында тұрған маңызды постулат. Барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігінің конституциялық қағидаты сақталмаған жерде әділетті мемлекет құру мүмкін емес».- деді. Түркістан облысының құқық қоргау органдары облыстағы қауіпсіздік пен құқық бұзушылықтың алдын алуда аянбай жұмыс істеуде, деп хабарлайды Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Келесте есіртікі тәркіленді
Полиция Түркістан облысының тұрғынынан марихуана салынған пакет тәркіледі. Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері есірткі заттарын сақтады деген күдікпен жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту кезінде полицейлер, аудан тұрғынының құрылысы бітпеген тұрғын үйіне жасырылған, ішінде есірткіге ұқсас заты бар пакетті тәркіледі.
Сараптамаға сәйкес, есірткінің жалпы салмағы шамамен 14 грамм «марихуана» болып шықты. Ер адам өз жауабында, аталмыш есірткіні мал жаю кезінде тауып алып, өзі тұтыну үшін сақтағанын жеткізді. Қазіргі уақытта осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Телефон ұрысы құрықталды
Полицейлер өтіп бара жатқан тұрғынның ұялы телефонын тартып алған күдіктіні ұстады. Жетісай ауданының полициясына жәбірленуші әйел хабарласып, көшелердің бірінде белгісіз адам құны 95 мың теңге болатын ұялы телефонын күшпен тартып алғанын хабарлады.
Бұл факт бойынша полицейлер қылмыстық іс қозғап, күдіктіні іздеуге кірісті. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Мақтаарал ауданының тұрғынын ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Кездейсоқ өтіп бара жатқан адаммен болған жанжал кезінде, күдікті одан Redmi маркалы ұялы телефонын тартып алып, ломбардқа өткізгені белгілі болды. Содан кейін ер адам алған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Жәбірленушінің ұрланған ұялы телефоны тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктіге қатысты жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Полицейлер жылқы ұрлаған күдіктіні ұстады
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Келес ауданының полицейлері жайылымнан мал ұрлады деген күдікпен жергілікті тұрғынды анықтады.
Нақтырақ айтсақ, полиция бөліміне аудан тұрғындарының бірі мал ұрлығы туралы арызданып, белгісіз біреу 700 мың теңге тұратын жылқысын жымқырып кеткенін хабарлады.
Тергеу барысында тәртіп сақшылары күдіктіні, Келес ауданының тұрғынын ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Ұрланған жылқы тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта мал ұрлығы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция тергеу жүргізіп, болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауда.
Есірткіге ұқсас өсімдік тәркіленді
Полиция Түркістан облысының тұрғынынан құрамында есірткі заты бар түптерді тәркіледі. Келес аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторлары қызмет атқару барысында, құрамында есірткісі бар өсімдік түптерін заңсыз өсірген жергілікті тұрғынды анықтады.
Полиция күдіктінің ауласын тінту барысында, 5 литрлік контейнерден құрамында есірткіге ұқсас өсімдіктің үш түбін тапты. Сараптамаға сәйкес, тәркіленген есірткі түптері жалпы салмағы 65 грамнан асатын «сора» болып шықты.
Анықталғандай, жас жігіт есірткі өсімдігін елді мекендердің бірінен тауып, үйіне әкеліп, өз ауласына отырғызған.
Қазіргі таңда құрамында есірткі заты бар өсімдікті заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп, барлық жағдайлар анықталуда.
164 жүк көлігі айыптұраққа қойылды
Полиция жер қойнауын заңсыз пайдалануға қатысты 164 жүк көлігін айыптұраққа қойды
Өңірде жер қойнауын заңсыз пайдалану деректерінің алдын алып, тосқауыл қою мақсатында, облыс полицейлері тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруда. Облыс әкімі Д. Сатыбалды мен полиция генерал-майоры М. Қабденов бұл шараны қатаң бақылауға алған.
Осы ретте Сауран ауданында рейд өтіп, 1 тәулікте заңсыз жер қойнауын тасымалдаудың 5 жайты анықталды. Жүк көліктері айыптұраққа қойылды. Ал құжаттар әкімшілік жауапкершілігін қарау үшін Экология департаментіне жолданды.
Жалпы Түркістан облысында жыл басынан бері «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» дерегімен 4 қылмыстық іс тіркелген. Одан бөлек заңсыз жер қойнауын пайдаланудың 150 дерегі анықталып, жинақталған құжаттар «Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу» бабымен Экология департаментіне жолданған. Айыптұраққа 164 жүккөлігі (92-«Хова», 72-«Камаз») 17 арнайы техника (8 — экскаватор, 9 – погрузчик ) қойылған.
Өз кезегінде полиция табиғат байлығына жанашырлықпен қарап, заңды бұзбауға шақырады.
Алтын ұрлаған азамат ұсталды
Полицейлер алтын бұйымдарын ұрлаған күдіктіні анықтады. Арыс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жергілікті тұрғынның үйінен алтын бұйымдарын ұрлаған күдіктіні анықтады.
Анықталғандай, клиенттің үйін тазалау үшін келген әйел, оның шкафтарында болған алтын бұйымдарын байқатпай ұрлап кеткен. Ұрланған мүліктің құны шамамен 350 мың теңгені құрады.
Полиция бөліміне жеткізілген күдікті Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты. Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды және тергеу жүргізілуде. Алынған алтын бұйымдар заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты қылмыстық істің жинақталған материалдары процестік шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Ішімдік ішкен жүргізушінің жолы кесілді
Түркістандық патрульдік полиция қызметкерлері түнгі сағат 2:30 шамасында рейд кезінде күдік тудырған “Lada Granta” маркалы автокөлікті байқады. Полиция автокөліктің соңынан жүріп, оған тоқтау қажеттігін хабарлады. Алайда жүргізуші тарап тәртіп сақшыларына бағынбай жылдамдықты асырып, қаша жөнелді.
Дегенменде полицейлер көлік тізгіндеушіні соңынан қалмай, қолға түсірді.
Яғни 38 жастағы спирттік ішімдік ішіп алған жүргізуші полиция қызметкерлеріне бағынбай, қарсылық көрсетті. Құжаттарын тексеру кезінде оның мас күйіне күдіктінген сақшылар ер адамды сараптамаға жеткізіп, мас халде болғанын растады.
Анықталғандай, жүргізуші бұған дейін ішімдік ішіп, заң бұзғаны үшін сотпен 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған болып шықты.
Қазіргі уақытта көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, мас күйінде рульге қайта отырған жүргізушіге қатысты жиналған материалдарды полицейлер сотқа жіберді.
«Жолда қабылдау» акциясы өтті
Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері 19-22 шілде күндері «Жолда қабылдау» акциясын өткізіп, облыс тұрғындарын қабылдады. 22 орында өткен акцияның 2 тәулігінде тәртіп сақшылары 220-ға тарта тұрғынның мәселесіне ден қойды. Азаматтардан келіп түскен әрбір сауалға заң аясында құқықтық кеңес берілді.
Мәселен жұртшылық тарапынан автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін алу және айыппұлдарды мерзімінде төлеу, көші-қон қызметіне, кадр саласына қатысты сауалдар көптеп қойылды.
Жалпы бұл акцияның негізгі мақсаты — тұрғындар мен полиция қызметкерлері арасындағы кері байланысты нығайтып, ашықтықты қамтамасыз ету, халыққа қолайлы жағдай жасау.
Айта кетсек, іс-шара келесі айда да өткізіліп, жалғасын табады.
Алаяқ әйелдің айласы аспады
Қайтарымсыз несие алып беремін» деп 6 тұрғынды алдаған күдікті қолға түсті
Түлкібастық полицейлер алаяқтық қылмысына қатысы бар деген күдікпен 51 жастағы күдікті әйелді ұстады. Анықталғандай, арызданушының айтуынша, таныс әйел кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттен берілетін қайтарымсыз ақша алып беремін деп, уәде берген. Қызметі үшін қомақты ақша алған соң, сөзінде тұрмай қашып жүрген.
Тәртіп сақшылары күдіктінің дәл осыған ұқсас 5 жайтқа қатысы барын және бұрын алаяқтығы үшін сотты болғанын анықтады. Яғни, оларға да жалған уәде беріп, жәбірленушілерге 3,5 миллион теңгеге жуық шығын келтірген.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Әлима Әлмерек
Суреттер: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі