Елімізде агроөнеркәсіп саласын дамыту — алға қойылған маңызды міндеттің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет», — деп атап көрсеткен болатын.
Айта кеткен жөн, Мемлекет басшысының тапсырмасы Түркістан облысында ойдағыдай атқарылып жатыр. Түркістан бұрыннан еліміздегі егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамытып келе жатқан алдыңғы қатарлы өңір. Ал биылғы жарты жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы ауыл шаруашылығы индикаторларын орындауда көш бастады. Алты айда ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 253,9 млрд теңгені құрады.
Облыстың Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде өсімдік және мал шаруашылығы бағыттары тұрақты дамып келеді. Қаңтар-маусым айларында облыста ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 253,9 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда едәуір өсім. Нақты көлем индексі 104,7 пайызды құраған. Мал шаруашылығы 196,1 млрд теңгені құраса (өсім – 3,4%), өсімдік шаруашылығының үлесі 55 млрд теңгеге жетіп, 11,6 пайызға артқан. Бұл деректер өңір экономикасының тірегі саналатын ауыл шаруашылығының тұрақты даму жолында екенін көрсетеді.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 82,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге немесе 138,1 пайызға артты. Ал тамақ өндірісі саласына 21,5 млрд теңге инвестиция құйылып, 1,9 есе ұлғайған.
Биыл жалпы құны 124,1 млрд теңге болатын 29 жобаны іске асыру көзделген көрінеді. Бұл жобалар 356 тұрақты және 1256 маусымдық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек. Ал 2024 жылдың алғашқы алты айында 53,9 млрд теңгенің 17 инвестициялық жобасы іске қосылған.
«Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикалық деңгейде айрықша орын алады. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің 14,2 пайызы – біздің өңірге тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша біз республикада бірінші орында тұрмыз. Бұл – елдегі азық-түлік қауіпсіздігіне қосқан зор үлесіміздің айғағы», – деді Түркістан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев Jas Qazaq-қа берген сұхбатында.
Мемлекеттік қолдау аясында инвестициялық субсидиялар, «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген лизинг және тыңайтқыштарға субсидиялар іске асып келеді. Қаңтар-маусым айларында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 82,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге көп. Тамақ өнеркәсібіне құйылған инвестиция көлемі 21,5 млрд теңгеге жетіп, 1,9 есеге артқан.
Өңірде тамақ өнімдерін өңдеу де қарқын алуда. Биыл облыста 84 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде ет өңдеу көлемі 122,1 пайызға, жеміс-көкөніс – 117,2 пайызға, сүт өнімдері – 113,2 пайызға, ұн-жарма – 113,5 пайызға, балық өнімдері – 133,6 пайызға артты. Бұл – ауылдық жерлерде өндірілген өнімнің өңделіп, қосымша құнмен ішкі және сыртқы нарыққа шығарылып жатқанын көрсетеді.
«Бұл – ауылда өндірілген өнімнің өңделіп, қосымша құнмен нарыққа шығарылып жатқанын білдіреді. Яғни, тек шикізат өндіріп қана қоймай, кластерлік жүйе арқылы толық циклмен жұмыс жүргізудеміз», – деді Файзулла Мұстафинұлы.
Түркістан облысы — суармалы егістік жерлер бойынша республикада алдыңғы орында. Мұнда 552 мың гектар суармалы жер болса, оның 63 пайызы көрші елдерден келетін су көздеріне тәуелді. Осы мәселені шешу үшін жаңа су қоймаларының құрылысы басталған.
«Биылдың өзінде «Бәйдібек ата», «Қарақуыс», «Боралдай», «Иқан су» су қоймаларының құрылысы басталды. Бұл жобалар толық іске қосылғанда, қосымша 120,3 млн м³ су көлемі қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар Ислам даму банкі мен басқа ұйымдардың қолдауымен 130 шақырым канал бетонмен қапталып, 63,2 млрд теңгеге 11 жоба, тағы 73,6 млрд теңгеге 14 жоба қаржыландырылып жатыр», – дейді басқарма басшысы.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 17 мың гектарға ұлғайып, 890 мың гектарға орналастырылған. Оның ішінде дәнді дақылдар – 342,5 мың гектар, майлы дақылдар – 73 мың, ал мақта – 142 мың гектар. Бұл өсім — жаңа су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесі. 50 мың гектарға дейін жаңа технологиялар қолданылып отыр.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында 877 техника сатып алынып, техника паркі 5% жаңарған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 10 пайызға жеткізуді көздеп отырған көрінеді.
Мемлекет тарапынан «Инвестициялық субсидиялау» және «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы жеңілдетілген лизинг бағдарламалары іске асуда. Минералды тыңайтқыштар, пестицидтер, тұқым субсидиясы – барлығы нақты, әрі уақытылы көрсетілуде. Жылыжай шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта облыстағы жылыжай көлемі 1640 гектарға жетіп, республикадағы 71 пайыздық үлесті иеленіп отыр. Биылдың өзінде 55 мың тонна өнім жиналған.
Ең қызық жаңалықтың бірі – өңірде банан өсіру қолға алынып, 5 гектардан 450 тонна өнім жиналды. Сонымен қатар, 2027 жылға дейін қарқынды бақ көлемін 8,2 мың гектарға жеткізу жоспарланған.
“Бұл – біздің өңір үшін стратегиялық бағыт. Қазір 5 мақта-тоқыма кластерін құру жұмысы жүріп жатыр. Түркістан, Мақтаарал, Жетісай, Сауран аудандарында орналасқан бұл жобалар жылына 193,3 мың тонна мақтаны өңдеп, 7030 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Біздің басты мақсат – Түркістан облысын еліміздегі аграрлық хабқа айналдыру. Бұл үшін кластерлік модель, жаңа технология, инвестициялық жобалар мен мемлекеттік қолдаулар жүйелі іске асырылып жатыр. Ауыл – елдің тірегі. Сондықтан біз әрбір гектар жерді тиімді пайдаланып, халқымызды азық-түлікпен қамтамасыз етумен бірге, экспорттық әлеуетімізді де арттырамыз”,-деді басқарма басшысы үлкен сеніммен.
Олжас Әбдіхалық
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі