Түркістан: «Армандар орындалады» жобасы өз мәресіне жетті

28 тамыз 2023, 14:29

Қайырымдылық – адам баласына тән ізгі қасиеттердің бірі. «Мейірімділік – жүректен» демекші, көмекке мұқтаж жандардың қолтығынан демеп, жанашырлық таныту, жақсылық пен игілікті іс жасау — үлкен адамгершіліктің белгісі. Біздің елімізде жан-жағына  жәрдемдесіп, айналасына шуақ шашып жүретіндер көп. Сондай жанның бірі — Түркістан қаласының тұрғыны Әсел Бимырзаева. Мүмкіндігі шектеулі балалардың арманын орындайтын «Армандар орындалады» жобасының жетекшісі.  Күні кеше Түркістан қаласында он екінші рет ұйымдастырылған «Армандар орындалады» шарасы өз мәресіне жетті. Жиынға Ордабасы және Отырар аудандарынан, Кентау қаласынан ерекше балалар қатысты.

Қатысушылар тілектері жазылған хаттарының арқасында қала басшысының қолдауымен Түркістанның көркем жерлерін аралады. «Керуен сарай» туристік кешенін аралап, қайықта серуендеді. «Ұлы Дала Елі» орталығында Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.

Шара барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев ерекше балаларға  «Алғыс хат» табыстады. Онда «Сіздің өмірге деген құштарлығыңыз, білім мен ғылымға деген талпынысыңыз үлкендерге де күш-жігер береді. Қазақ елінің жас ұрпағы, болашақтың жарқын өкілі ретінде мақтан етеміз» делінген.

Жоба авторы Әсел Бимырзаеваның айтуынша, бүгінге дейін 203 ерекше баланың  арман тілегі орындалыпты. Ол:«Балалар да, ата-аналары да керемет көтеріңкі көңіл-күймен атсалысты.  Ерекше балалардың арман-тілегін орындаған жоба алдағы уақытта да ниетті жандардың атсалысуымен жалғасады деп сенемін. Демеушілер де әр түрлі сала мамандары. Бұл жолы Жетісай ауданы әкімі бастаған ондықта Сауран ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Таңғатаров, белгілі актер Шәкен Амантұров, астаналық кәсіпкер Рафия Бижанова да бар», – деді.

Айта кетейік, жоба мақсаты – ерекше балалардың қарапайым армандарын орындау арқылы өмірге деген қызығушылықтарын арттыру, қоғамда елеусіз қалмайтындарын, әрқашан көмекке келетін жақсы адамдардың бар екенін жеткізу.

Жоба жетекшісі Әсел Бимырзаева «Армандар орындалады» жобасының қалай өмірге келгені жайында былай дейді: «Ерекше баланың анасы ретінде, үйден оқитын балаларға сабақ беретін мұғалім ретінде, олардың ерекше әлемімен таныс болғаным осы «Армандар орындалады» жобасын бастауға түрткі болды. Балалар әрдайым үлкендердің қамқорлығы мен қолдауын  сезінуі керек. Зорлық-зомбылықсыз, бақытты балалық шақты бастан өткізулері үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз өте маңызды.  Ерекше күтімді қажет ететін балалардың қоғаммен етене араласып, өзіндік орындары  бар екенін жете түсінулеріне жағдай жасау назардан тыс қалмау қажет. Қолжетімді, әрі ыңғайлы білім алуларына жағдай жасау, қоғаммен бірге жайлы өмір сүруге талпындыру, қамқорлықты сезіндіре отырып, балауса жүректеріне мейірім дәнін себу біздің басты міндетімізге айналуы керек. Биыл 12-ші рет ұйымдастырылған іс-шарада 203 ерекше балаға 172 жомарт жан қуаныш сыйлады. Былтыр бастаған кезімде тек үш ай каникулда, яғни маусым, шілде, тамыз айларында ғана өткіземін деп ойлағам. Мектептегі жұмысыммен қат-қабат келіп, үлгерем бе деген ой да болды. Алғашқы ондыққа өзім ұсыныспен шықтым. Жағдайы бар, қалтасы көтереді-ау дегендерге шықтым. Алғашқы ондық боп сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы бастады. Одан кейін Бекарыс Шойбеков, Дәулеткерей Кәпұлы, Мақпал Мыса, Түркістан қаласынан бірнеше кәсіпкерлер ұсынысымды бірауыз сөзге келмей қабыл алды. Содан былтыр маусым айында бастаған жобам үздіксіз жалғасып келеді. Өткен айда қала әкімінің қолдауымен жобамның бір жылдығын мерекелік іс-шарамен атап өттік. Қазір өздері ниет білдіріп, жекеме «бір ерекше баланың тілегін орындайыншы» деп жазып жатқандар бар. Олар – әр түрлі сала мамандары. Әріптестерім, журналистер, қарапайым маман иелері, қала, облыс, мәжіліс депутаттары, аудан әкімдері , медицина қызметкерлерінен де қатысқысы келетіндер  бар. Олардың қолдауы мен үшін маңызды».

 

Биыл ерекше баланың арманын орындағысы келген Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбай сыйлықты өз қолымен тапсырып, баланың үйіне барған. Сонымен қатар басқа демеушілер де әр баланың сыйлығын үйіне барып табыстаған көрінеді.

 

Жоба жетекшісі Әсел Бимырзаева алдағы жоспарымен бөлісті: «Былтыр қала көлемінде басталған жоба облыс көлемінде кең қанат жайып үлгерді. Басқа аудандардан ұсыныстар да түсіп жатыр. Оның бәрін де қуана-қуана қабыл аламын. Барлық бала бақытты болуға  лайықты! Болашақта бүкіл ел көлемінде жалғасын табады деген де үмітім бар. Осындай жақсы іс барынша жылдам таралуы керек деп ойлаймын. Айта кетейінші, биыл «ARMAN-QANAТ» қоғамдық қорын аштым.  Жоспарлап жүрген пайдалы, өміршең жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік болады. Шынайы ниеттілерді қатарымызға қосылуға шақырамын»,- деді.

Біз ерекше балаларға қуаныш сыйлау мақсатында басталған жобаның ғұмыры ұзақ болсын деп тілейміз.

Дайындаған Мақпал Ноғайбаева

Суреттер: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Бүгін, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
Бүгін, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз