Адамзат ес біліп, түрлі дүниелер пайда болғалы бері қоғамның бас ауруына айналған мәселенің бірі – нашақорлық. Алайда ешқашан да соңы жақсылыққа апармайтын бұл зиянды затты қолданатындар күн сайын көбейіп, заңсыз есірткі айналымының көлемі де ұлғайып жатқандай әсер қалдырады. Оның үстіне қазір өз арзан болса да адамның есін ауыстырып жіберетін синтетикалық есірткілер мен трамадол сияқты өзіне тәуелді етіп қоятын дәрі-дәрмектердің саудасына тосқауыл қою қиынға соғуда. Дегенмен еліміздегі құзіретті органдар мен медициналық ұйымдарды да бұл мәселе алаңдататындықтан, қолдан келгенше күрес жүргізіп жатыр. Соның нәтижесінде қоғамға қауіп төндіретін қаншама нашақор қылмыскер мен есірткі дайындаушыларға құрық салынып, есірткіге енді жақындай бастаған көптеген азаматтардың беті бері қарап жатыр.
Ең өкініштісі – өткен жылғы ресми дерекке сәйкес, елімізде он сегіз мың бес жүз нашақор есепке алынған екен. Оның бір жарым мыңы қыз-келіншектер болса, жүзге жуығы — жасөспірімдер. Әйтсе де, мұның өзі нақты есепке алынған адамдардың ғана саны, яғни көрсеткіш бұдан да жоғары болуы әбден мүмкін. Ал дүниежүзі бойынша соңғы он жылдықта бұл санаттағы адамдар саны жиырма екі пайызға көбейіп, 275 миллионға жетіпті. Соның салдарынан әлемде жыл сайын жарты миллионнан астам адам көз жұмады екен.
Былтырғы ақпараттарға сүйенсек, елімізде жүз мыңнан астам азамат алкоголь және есірткіге тәуелділікке қарсы емделіп жатыр екен. Олардың 83 пайызы – маскүнем, қалғаны нашақорлыққа салынғандар болып саналады.
Енді нашақорлыққа қарсы күрес Түркістан облысында қалай жүргізіліп жатқанына тоқталайық. Осыған дейін де, биыл да бұл бағыттағы жұмыстар өңір басшылығының жіті назарында болып, тиісті мекемелер түрлі іс-шаралардан құрылған жоспарды тұрақты түрде атқарып келеді. Мәселен, биыл облыс көлемінде «Экономикалық қауіпсіздік: өркендеу мен тұрақтылық кепілі» атты науқан жүргізілді. Өңірдегі барлық қала мен аудандарда бір уақытта өткізілген профилактикалық акция аясында заңсыз есірткі айналымына қатысты жұмыстар атқарылды.
Өңір жастары да бұл бағыттағы жұмыстарға белсене қатысып, соңғы үш жыл көлемінде синтетикалық есірткінің он есе көбеюіне қатысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Соның ішінде облыстағы Жастар ресурстық орталықтарының мамандары өткізіп келе жатқан «Біз есірткіге қарсымыз!» атты ақпараттық науқанды атап өтуге болады. Ал қыркүйек айының соңында өңір басшысының төрағалығымен құқықбұзушылықтарға қатысты жиын өткен болатын. Сол жиында соңғы алты жыл көлемінде облыстағы қылмыстардың саны тұрақты түрде азайып жатқаны баяндалған. Соның ішінде заңсыз есірткі саудасына тосқауыл қою бойынша атқарылған жұмыстар да сөз болып, биылғы жылдың алғашқы сегіз айында өңірде есірткіге қатысты екі жүзден астам, синтетикалық есірткіге байланысты сегіз қылмыс тіркелгені мәлім болды.
Ал өткен айда жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу жұмыстары талқыланды. Бұл жиында ең алдымен есірткі құралдарын әлеуметтік желілерді қолдану арқылы жарнамалап, сатуды іске асыратын парақшаларды бұғаттау жайы сөз болды. Одан бөлек, аталған проблеманы жою мақсатындағы арнайы іс-шаралардың, өңір тұрғындары мен жасөспірімдер арасында есірткіге тәуелділіктің алдын алу мақсатында 2022-2023 жылдар аралығында іске асырылған медиа-жоспардың нәтижесі айтылды. Өз кезегінде, өңір басшысының орынбасары Бейсен Тәжібаев нашақорлыққа қарсы жұмыстарды бұдан да күшейтіп, іс-шараларды жүйелей түсу керектігін жеткізген және тапсырмаларға селқос қараған жауапты қызметкерлерге сын айтып, ескерту де жасаған болатын. Бейсен Дәулетұлының сөзіне сүйенсек, осы мәселеге қатысты құрылған штабтың жұмысына немқұрайды қараушылық орын алып, әлі де жүйеленбеген екен.
Сондай-ақ аталған жиында белгілі болғандай, сегіз ай көлемінде заңсыз есірткі айналымына қатысты төрт жүзден аса дерек тіркеліпті. Оның жартысынан астамы қылмыс болса, қалғаны теріс қылықтар санатына жатады. Нәтижесінде, аталған мерзім ішінде заңсыз есірткі айналымы бойынша бір тонна 151 келі түрлі есірткі қолданбалары тәркіленген екен. Ғаламтордағы зерделеу барысында есірткі саудасына қатысы болуы ықтимал елуге жуық сайт тіркеліп, министрліктің «Киберқадағалау» бағдарламасына сараптама жасау үшін ұсынылып, бұғатталыпты. Сонымен бірге сегіз ай ішінде синтетикалық есірткі саудасына қатысты сегіз жәйт тіркеліп, салмағы 13 грамм 8352 милиграммды құрайтын есірткі тәркіленген екен. Жалпы заңсыз есірткі саудасына қатысы бар екі жүзге тарта күдікті қолға түскен. Олардың арасында отандастарымызбен қатар, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды көршілес мемлекеттердің де азаматтары болған. Одан бөлек, биыл көктемде ел Үкіметі трамадол дәрісін психотроптық заттар тізіміне енгізген соң, осы сала бойынша отыздан аса қылмыс анықталыпты.
Биылғы жылдың сегіз айында тәртіп сақшылары, медицина қызметкерлері, білім саласы қызметкерлері, жастар орталығының мамандары, үкіметтік емес мекемелер мен өзге де құзіретті орган өкілдері оқушылар мен студенттер арасында жүзге жуық іс-шара өткізіпті. Ол іс-шараларға қырық мыңнан астам азамат қатысқан екен. Мұндай жұмыстар тұрғындар арасында да жүргізіліп, көшелерде, адам көп жүретін жерлерде есірткіге қарсы идеологиялық жұмыстар жүргізіліп келеді.
Атап өтсек, есірткіге қарсы күреске Түркістан облысы экономикалық тергеп-тексеру департаменті де сүбелі үлес қосып жатыр. Департамент бастығы Ерболат Балғабаевтың сөзіне сүйенсек, жыл басынан бері жүзден астам қылмыстық іс өндіріске түссе, соны алтауы есірткі контрабандасына қатысты.
Бұл тұрғыда облыстық полиция департаменті де қол қусырып отырған жоқ деп айта аламыз. Мәселен, осыдан бірер күн бұрын ғана тәртіп сақшылары заңсыз есірткі саудасына қатысы бар елу жасар азаматты қолға түсірді. Ордабасы ауданының жергілікті тұрғынының үйінен қағазға оралған, сондай-ақ қырық данадан астам сіріңке қорабына салынған марихуана тәркіленген. Сонымен бірге, полицейлер шекарада қырағылық танытып, «Жібек жолы» бекетінде «Кольт» деп аталатын иттің көмегімен Өзбекстаннан Қазақстанға гашиш затын алып өтпек болған азаматты құрықтады. Мұндай жағдай дәл осы бақылау бекетінде бұдан бұрын да орын алып, марихуана өткізбек болған шетелдік ұсталған болатын. Тіпті тәртіп сақшылары осы айдың басында тұрғындардың бірінің үйінен салмағы он бес келіден астам марихуана да тәркілеген болатын. Ол күдіктінің ауласынан екі түп есірткіге ұқсайтын өсімдік, сарайынан жиырма литрлік ыдысқа салынған заттар, елуден аса қорап пен пластикалық ыдысқа салынған марихуана табылған. Айласы таусымайтын заң бұзушылар бір кездері шекарадан есірткі алып өту үшін насыбай шақшасын да қолданғаны анықталған еді. Айта берсек, мұндай мысал өте көп. Түркістан өңірінің өзінде заңсыз есірткі айналымына қатысты ай сайын оннан астам қылмыс тіркеліп, заңсыз сауданың жолы кесіліп жатыр. Мұның барлығы облыстағы жауапты қызметшілердің жұмысының нәтижесі десек, қателеспейміз.
Тағы бір айта кетерлік жағдай – биыл жазда Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел үкіметі нашақорлық мен заңсыз есірткі саудасына қарсы бағытталған 2025 жылға дейінгі ауқымды жоспарды бекітті. Бұл тапсырманы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында жүктеген болатын. Айта кетсек, мұндай көлемді жоспар ел көлемінде соңғы 6-7 жыл көлемінде болмаған. Ал оның бекітілуіне ел Президентінің тапсырмасы мен Мәжіліс депутаттарының сауалдары тікелей әсер еткен көрінеді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда да нашақорлық пен заңсыз сауданың жастар мен тұтас халықтың саулығына кері әсер ететінін айтып, сондықтан осы проблеманы жіті назарда ұстайтынын жеткізген. Тиісінше, жаңадан қабылданған жоспардың түрлі тетіктері нашақорлықтың жолын кесіп, есірткіге берілген азаматтардың қатарын сиретуге бағытталған.
Расында, болашағына алаңдайтын кез келген елде осындай ауқымды жоспар және оны іске асыратын қызметшілер болуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыстарға тұтас қоғам болып атсалыспаса, оң нәтиже шығару да қиын болары анық.
Бауыржан Мейірханұлы,
Түркістан облысы