jasqazaq.kz

Түрік жігіттеріне тұрмысқа шығатын қазақ қыздары көп болып шықты

28 қараша 2017, 10:02

Қоғамда екі ұлт өкілінің бір-бірімен некелесуіне, яғни аралас некеге байланысты түрлі пікір, әрқилы көзқарас бар. Біреулер оны жақтаса, енді біреулері бұл дұрыс емес деген пікірді алға тартады. Қалай болғанда да, аралас некеден туған бала таза бір ұлттың өкілі болып өмірге келмейтіні анық.

Бүгінде некенің мұндай түрі қазақтардың арасында жиі көрініс беріп жүргені жасырын емес. Кейбір қаракөздеріміз шетелдіктерге тұрмысқа шығып, бақытын өзге елден, өзге жерден табуға ұмтылуда. Ата-бабамызда болмаған мұндай салт қайдан шықты, неліктен көбейіп барады деген мәселе әркімді ойландыратыны сөзсіз. Алдымен шынайы өмірден алынған мысалға жүгінейік.
Қазағы қалың оңтүстік өңірдегі қаракөз бір сіңліміз өзге ұлттың азаматымен тағдыр қосып, тұрмысқа шығады. Арада біраз уақыт өтеді. Бір үйдің жалғызының әке-шешесі көз жұмып, олардың үйін сатып, екі ғашық жігіттің еліне аттанады.

Өзге елде пәтер жалдап, күн кешеді. Кешегі махаббат сезімдері де бұрынғыдай болмай, жігіт күтпеген жерден мінез шығарады. Дау-жанжал, ұрыс-керіс жиі бой көрсетеді. Мұндай қорлық өмірдің соңы жақсылыққа апармасы анық. Бойы­на біткен шаранасы дүниеге ауру-сырқаулы болып келеді. Осындай азапты күндердің бірінде ақшаны қалтасына басқан жігіт із-түзсіз жоғалып, сол кеткеннен мол кетеді.

Өзге елде не туған-туысқаны, не жанашыры жоқ, ішерге тамақ, киерге киім таппаған қыздың тағдырына көршілері араша түсіп, тиісті орындарға хабарласады. Жоғары білім алған, көзі ашық, көкірегі ояу азаматшаның бұлайша қорлануына қалай жол бергенін ешкім дөп басып айта алмайды. Көмек қолын созып, жауап алуға келген мамандарға тек қорқыныш құшағында өмір кешкендігін, сол үшін ешқайда хабарласа алмағандығын айтқан. Тиісті орындардың араласуымен «жоғалған» жігіт те табылған. Психолог, логопед, дефектолог, т.б. мамандардың жұмысының нәтижесінде шыр еткенде мылқау болып дүние есігін ашқан сәбидің тілі икемге келе бастайды. Заң бойын­ша өзге елде өмірге келген сәби сол елдің азаматы болып есептеледі. Сондықтан тағдыр тәлкегіне ұшыраған келіншек баласын өзге елге тастап кете алмайтындығын айтып, өзін туған еліне емес, басқа елге босқын ретінде жіберуді өтінген.

…Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шетелге білім алуға аттанып, сол елдің азаматына тұрмысқа шыққан қыздарымыз да баршылық. Солардың бірі – Қарлығаш. Қарлығаш отбасының сүт кенжесі. Алдында төрт ағасы, екі әпкесі бар. Ағайындарынан алыста жүрген қызымыздың жағдайы жаман емес. Сүйіп қосылған жары, Едіге есімді ұлы бар. Қызметі де табысты. Бір қарағанда жағдайы тәуір көрінгенімен, іштегі өкінішін жасыра алмады. «Жастау болдық. Ата-анам қарсы болғанымен, өз бақытымнан айырылғым келмеді. Оқуды үздік тәмамдап, осында қалдым. «Алыста жүр ғой» дейтін болар, бірге туғандарымның мен дегенде көңілдері ала бөтен. Сырт қарағанда, бәрі тамаша. Шетелде тұрады, жағдайы жақсы, шылқыған бай деп сырттай қызығатындар көп екенін білемін. Ал мен елімді, туған жерімді аңсаймын. Ұлымның есімі – Едіге. Өзге елде жүріп, ұлына мұндай есім беру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сенсеңіз, кейде қызметке де қолымды бір сілтеп елге кетіп қалғым келеді. Бәлкім жас кездегі қателіктің орнын толтырғым келетін шығар, бәлкім қалған өмірімді ағайындарымның жанында өткізгім келе ме, білмеймін, әйтеуір соңғы кезде елге кетсем деген ой маза бермей жүр. Осы уақытқа дейін іштегі мұң-зарымды тірі жанға айтқан емеспін, тек артымдағы жастарға, іні-сіңлілеріме сабақ болсын, өмірде адаспасын деген ниетпен ғана Сізге ашығын айтуды ұйғардым» деп, Қарлығаш көзіне жас алды. Іштегі қатқан мұз жібігендей, әңгіме астарында ауыр мұң жатқандай сезілді. Қарап тұрсақ, өмірде мұндай мысалдар аз емес.

Алматыдағы жақын құрбым күнде гүл, қымбат сыйлық сыйлап, мейрамханаларға апарып, қыдыртып, жүрегін баурап алған жігітке тұрмысқа шыққан-ды. Қазір екі баланың анасы. Есейе келе, салт-дәстүрі бөлек жанмен некелесу қателік екенін айтып, қыздардың тұрмысқа шығарда үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ түргені жөн екенін ескертіп жүреді. Айтуынша, қанша жерден жігіт құлай сүйіп тұрғанымен, ділі де, діні де, тілі де бөлек екі жастың ғұмыр бойы бірге тұруы қиындау. «Ол сыра, мен шай ішемін. Қанша жыл отбасы болғанымызбен, қанына сіңген әдет, жастайынан көрген тәрбиесін жеңе алмайды екен» деген-ді бір әңгімесінде.
Көз алдымызда болып жатқан осындай жағдайларға мән бермейтін сияқтымыз. Біреудің тағдыры, оған араласқан жөн емес дерсіз, бәлкім. Дұрыс-ақ. Әркім жүрек қалауымен өмір сүруге құқылы. Дей тұрғанмен, дәл осы аралас неке жөніндегі статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсеңіз, жүрек тұсыңыз шым ете қалары хақ.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне еліміздегі аралас неке жөніндегі нақты деректерді білмекке сауал жолдаған едік. Сауалымызға Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры Б.Атаға­зиева­дан жауап алдық.

Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, 2008 жылдан бастап 2017 жылдың 10 қарашасына дейін елімізде 70207 аралас неке тіркелген. Қазақстандық 40908 ер азамат өзге ұлттың өкілін өзіне серік етсе, 29299 қазақстандық қыздар өзге елдің азаматына тұрмысқа шыққан.
Осы деректерге нақтырақ тоқтала кетелік. 2016 жылы ер азаматтарымыз қытайдың 66, Ресейдің 1067 азаматшасымен неке қидырса, қыз­дарымыз 62 – қытай, 189 – түрік, 858 – ресейлік азаматқа тұрмысқа шыққан.

Ал биылғы жылдың 10 қара­ша­сына дейінгі мәліметтер төмендегідей:
Тұрмысқа шыққан қазақстандық қыздар: Қытай – 41; Түркия – 126, Ресей – 786. Керісінше, өзге ұлттан өзіне жар таңдаған қазақстандық ер азаматтар: Қытай – 39, Ресей – 912, ал Түркия елінің азаматшасымен неке қиылмаған. Бұл ресми дерек. Ал тіркеуге тұрмаған, азаматтық некеде жүрген қаракөздеріміз қаншама?!

Бұған мамандарымыз не дейді? Жалпы Ислам дінінің аралас некеге көзқарасы қандай? Осы сауал төңірегінде Алматы қаласындағы Қарағайлы мешітінің бас имамы, исламтанушы Ермек Көкірекбаевпен пікірлескен едік. Исламтанушы маманның айтуынша, мұсылман адаммен некеге тұруды қалаған қалыңдық немесе күйеу жігіт өз дінінен бас тартып, исламды қабылдауы тиіс. Әсіресе шариғатта мұсылман адамның өзінің қызын басқа діндегілерге беруге тыйым салынған. Өйткені әйел өз еріне тәуелді. Мұсылман емес ер азамат әйелінің әлсіздігін пайдаланып, оның наным-сеніміне кері әсерін тигізуі мүмкін. Көп жағдайда басқа діндегілер мұсылман әйелдерге өте қатал қарайды. Сондықтан мұсылман әйел өз дінін сақтап қалуда қауқарсыздық танытады. Бұл – бір. Екіншіден, дүниеге келген ұрпақтары өзге діндегі әкесінің дініне өтетіні мәлім. Бұл – Исламның мұсылман ұрпағын көбейту түсінігіне теріс. Өйткені ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Үйленіңдер және көбейіңдер! Қиямет күні үмметімнің көптігімен мақтанамын» деген.
– Аралас неке халық саны көп ұлттар үшін үлкен пайдасы бар саясат. Қан алмасу, текті жаңарту, тұқымдық сұрыптаудан өтіп өзі ұнататын ұлттарға бейімделу, сіңу мен сіңіру – халық саны көп ұлттардың пайдасына шешіледі. Ал біздер үшін өзге ұлтқа қыз беру ұлттық санымыз бен сапамызға, дініміз бен ділімізге кері әсерін тигізеді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, өркениетті қоғамды құрайтын басты фактор – баянды отбасы. Оның баяндылығы мен беріктігі кейбір мәселелерге мән берудің арқасында туындайды. Соның бастапқы қадамы – пәк неке, таза ұрпақ алып келу. Оған қол жеткізу үшін Ұлы жаратушы Иеміздің пенделеріне міндеттеген үкімдеріне аса мән беруіміз керек, – дейді Е.Көкірекбаев.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде аралас некенің көбеюіне ғаламтордың да өзіндік әсері жоқ емес. Одан бөлек, танысу агенттіктерінің де жұмысы қызу жүріп жатыр. Өкінішке қарай, өзінің қара басының қамын ойлап, бір күндік байлыққа кенелгісі келетін, рухы әлсіз, сырты жылтыр жастарымыздың қатарының күн өткен сайын көбейіп бара жатқандығы қынжылтады. Дін, діл, салт-дәстүрді бір шетке ысырып қойып, болашақ нәрестесінің мінез-құлқы, таным-түсінігі ана сүтімен даритынына басын ауырта қоймайтын көзі ашық азаматтар да, қазақ жігіттерінен өзіне лайықты жар таба алмай, өзгенің құшағынан жылылық іздеп жүрген қаракөздеріміз де жетерлік. Психолог мамандардың айтуынша, әсіресе қыз балалардың арасында шетелдіктің ақшасына, байлығына қызығып тұрмысқа шыққысы келетіндер көбірек кездеседі екен. Бұл тұрғыда мамандарымыз ұл балаларды жас­тайынан жауапкершілікке баулып, қыз балаға анасындай құрметпен қарауға, оның нәзік сезімдеріне селкеу түсірмей, қарындасындай сырлас болуға шақырады. Ал отбасының іргесі берік болып, шаңырағы шайқалмауы үшін азаматтарымыз отбасы құндылықтарын алдыңғы орынға шығаруы, яғни арнайы уақыт бөліп, отбасымен кешкілік бірге серуендеуге, тіпті саяхат жасауға барлық мүмкіндікті қарастыру қажет деген тұжырым жасайды.
Қоғамда оқыған-тоқыған, бір­неше тілді меңгерген жастары­мыз­дың өзге ұлттан қыз алып жат­қандығы да айтылып жүр. Әсіресе мән беретін жағдай, қызметтік өсу, яғни мансабын жоғарлату мақсатында өзге бір елдің қызын алуға намыстанбайтындығы қалай?.. Зерттеуші мамандар Ресейдегі қазақтарды мысалға келтіре отырып, орыстілді әйелмен некелескендер негізінен екі ұрпаққа барғаннан кейін-ақ, ал сол ұлтқа тұрмысқа шыққандар бірден ұлтсызданып кететіндігін ашық айтып жүр. Сондай-ақ тұрмысы жақсы батыс елдерінде қазақпен некелескендер негізінен елімізден барып оқып жатқан қыздардың есебінен көбеюде, ал сол батыс елдерінен қыз алып, үйленген жігіттеріміз Қазақстанға орала қоюы неғайбыл, олардың екі-үш ұрпағынан бастап сол жаққа сіңіп кететіндігін алға тартады.

Қазақ жеті атаға дейін қыз алып, қыз беріспеген текті ұрпақ. «Жеті атасын білмеген – жетесіз!» деген намысқа бергісіз сөзіміз тағы бар. Біздің ұлттық дәстүрімізде бала өзінен бастап әкесі, атасы, бабасы, т.б. жеті атасын кішкентайынан жаттап өседі. Өзінің ата-бабасын, жеті атасына дейін білу – әр азаматтың міндеті. Сол арқылы өз халқының дәстүрін жалғастырып отырған. Байқауымызша, бүгінде осы жеті атасын білуге ұмтылмайтын жастардың қатары мол. Аралас некенің көбейіп отырғандығының бір себебі – ата-бабасының арғы тегін, қайдан шыққандығын білмеуі әсер ететіндей көрінеді. Біле білген, түсіне білген адамға Жеті ата түсінігінің түп төркіні тереңде жатыр. Біздің этникалық ерекшеліктерімізді танытып, әрі қиын-қыстау кезеңдерде тегінен көз жазып қалмауына және басқа халықтармен ассимиляцияға түсіп кетпеуіне себепші болғандығын ескеруіміз керек. Жеті ата мен ру шежіресін білу көшпелі қоғамда өмір сүрген қазақтар үшін өмірлік қажеттілік болғандығы белгілі. Жеті атадан Үш жүзге дейінгі біртұтас туысқандық бітім бірнеше ғасырлар бойы «қазақ халқы – бір атаның баласы, бір тамырдан тараған» деген ұстанымды орнықтырғаны хақ.

Осы салт-дәстүрді білмеген­діктен, жастайынан бойына сіңіріп өспегендіктен біздің бүгінгі жастарымыз «өзім білемдікке» салынып, артынан опық жеп жатады. Өмір болған соң, оның қалтарысы мен бұралаңы болуы да заңдылық. «Тағдырдың басқа салғаны осы болар, мен көндім» демей, тығырықтан шығар жол іздеп, ең дұрысы тектілігіңді сақтап, ата-баба салтымен жүрген дұрыс-ау. Әйтпесе, жоғарыдағыдай жастықтың буымен махаббаттың бал күндерін өткізіп, кейін өкініп, өмір бойы тағдырдың уын ішкеннен өткен азап жоқ болар, сірә. Бұл туралы «Ана тілі» газеті жазды.

16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ