jasqazaq.kz

Түрік футболының Ардасы

30 қыркүйек 2025, 13:35

Бүгін «Қайрат» пен «Реал» жасыл алаңда кездеседі. Әлем футболында жарқыраған жұлдыздардың Алматыға келуінің өзі жеңіске бергісіз жетістік екені белгілі.

Жанкүйердің ауызында Мбаппе, Винисус, Беллингем. Аты аңызға айналған корольдік клуб сапында Арда Гүлер де бар. Жасы жиырмаға енді толған уыздай бозбала. Соған қарамастан, теңбіл допты ұршықша иіретін шеберлігімен, қақпаның саңылауын дәл табатын машығымен талайды тамсантып, таң қалдырған сұрмерген. Оның талантын мойындамаса, дәл осы «Реалға» шақырмас еді. Міне, екі жылдан бері осы команданың жейдесін киіп, әлемдік аяқдоп өнеріндегі ең мәртебелі жүлделерді иемденіп жүр.

Арда футболшы, мұнымен қатар, Түркия ұлттық құрамасының беткеұстар шабуылшысы. Дүбірлі додада өз елінің намысын абыроймен қорғайды. Шешуші сәтте соққан голымен күллі Анадолы атырабын естен кетпес қуанышқа бөлеген саңлақ. Ол түрік футболының даңқын асырып қана қойған жоқ, доп тебуге құмартқан мыңдаған өренге үлгі-өнеге болды. Олар 8 жасында Анкарадағы «Генчлербирлиги» командасына келіп, 6 жылдан кейін атақты «Фенербахче» клубының балалар тобына қосылған Арда ағасына қарап бой түзеп жүр.


Спорт тек шеберлік шыңына шығарып қоймайды. Қомақты табыс табуға да мүмкіндік береді. Былтыр осы саланың мамандары Арда Гүлердің бір жылда алатын жалақысы 5 млн еуродан асқанын хабарлады. Қарапайым отбасы үшін бұл қомақты қолдау. Ол баласының футболшы болуын армандап, бар жағдайды жасаған ата-анасына Ыстамбулдың қақ ортасынан зәулім үй сатып әперді.

Бүгін Арда өзінің түркі бауыры Дастанмен (Сәтбаев) жасыл алаңда күш сынасады. Екеуінің спорттағы тағдыры ұқсас. Дастан да балалар футболы мектебінің түлегі. Бұйырса, 18-ге толғанда Англияның адуынды «Челси» клубы сапында өнер көрсетеді. Екеуі де жастай баулыса, «алынбайтын асу жоқ» дейтін тәмсілді ақиқатқа айналдырған жарық жұлдыздар.

Срайыл Смайыл

Сурет:  fondoruso.ru

Бүгін, 13:39
«Таза Қазақстан» әркімнің өзінен басталады
Бүгін, 12:56
Мирас Тоқтарханов: Абай облысында ауыл шаруашылығының барлық бағытына қолдау бар
17 наурыз, 15:22
Мұнай өңдеу: Әлеует пен әрекет үндескенде
17 наурыз, 12:25
Рәтбек Демеуберген: Біздің басты міндетіміз - кез келген жағдайға жедел әрекет ету
16 наурыз, 14:26
Бауыржан Ізмағамбетов: Ауыз су жүйесімен қамту деңгейі 100 пайызға жетті
15 наурыз, 14:02
Шавкат Рахмонов Қонаев қаласында дауыс берді
15 наурыз, 13:36
Қызылорда: Қазақтың үш ханы дауыс беруге келді
13 наурыз, 17:27
Елімізде теміржол инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр
13 наурыз, 16:07
Тіршілік нәрі - судың нарқы қашанда қымбат