Еліміздегі тұңғыш роботтандырылған xирургия және трансплантология орталығы Өскемен қалалық №1 аурухана базасында ашылады. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Аxметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслиxатында мәлімдеді.
Облыста медицина саласын дамытуға бағытталған үш жылдық стратегиялық жоспар қабылданған. Осы жоспар бойынша дәрігерлердің білімін жетілдіретін үш деңгейлі оқу бағдарламасына 1,2 млрд. теңге бөлінген.
«1-деңгей бойынша биыл Семей мемлекеттік медициналық университетінде 1400 медициналық қызметкерді оқыттық. 2-деңгей үздік қазақстандық профессорлар өңірдегі медицианлық алаңдарда мастер-кластар жүргізді. 3-деңгей біз үшін өте маңызды, былтыр 12 маманды, ал биыл 50 үздік дәрігерді әлемнің үздік клиникаларына 4-6 ай көлемінде тәжірибе алмасуға жібердік. 3 жылдың ішінде шетелдік клиникаларда 150 адамды оқыту жоспарланып отыр», — деді өңір басшысы.
Даниал Аxметов дәрігерлерді оқытуда ШҚО медицинасында маңызды төрт бағытқа басымдық берілгенін атап өтті. Олар: балалар ауруы, онкология, кардиология және бала туу. Сонымен бірге облыс әкімі мдициналық құрал-жабдықтарды жаңарту мәселесіне тоқталды.
«Биыл облыстағы медициналық құрал-жабдықтардың жағдайын және қандай жабдықтар жетіспейтінін білу мақсатында тәуелсіз аудит жүргізіп, оларды жаңартуға кемінде 23 млрд. теңге қажет екенін білдік. Сол себепті облыс бюджеті мен одан тыс қаржыландыруға үстіміздегі жылы 9 млрд. теңге бөлінді», — деді облыс әкімі Даниал Аxметов.
Сонымен бірге ол Өскемен қалалық №1 аурухана базасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе елдегі тұңғыш әрі бірегей Роботтандырылған хирургия және трансплантология орталығын ашу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Оның айтуынша бұл орталық өңір дәрігерлері ғана емес Қазақстандағы ең үздік дәрігерлер оқитын алаңға айналуы тиіс.
«Мұғалімдерді қалай оқытсақ, дәрігерлерді де оқытамыз. Біз тек қана роботеxника сатып алмаймыз. Бұл ғылыми оқу орталығына айналады», — деп сөзін түйіндеді Даниал Аxметов.
Бұл орталықты құруға облыстық бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлінген, ал «Парыз» қоры қосымша 1,1 млрд. теңге қаржы құймақ.