Тыйым салуды талап ететін популизм нені көздейді?

28 қазан 2023, 16:56

Биылғы жыл заңнамаға көптеген өзгеріс енгізумен есте қалатын сияқты. Депутаттар тарапынан айтылып жатқан талап та көп, ұсыныс та жетерлік. Кейбіреуі көкейге қонымды, ал кейбірі, әйтеуір, сайлаушылардың көңілінен шығу үшін айтыла салғандай боп көрінеді. Ал енді «хайп» қуғандар қандай мәселені көтерсе де, ең алдымен «тыйым салу керек» дегеннен бастайтыны қызық боп тұр. Энергетикалық сусын, вейп, несие, букмекерлік кеңселерді болдырмау бүгінгі күннің кезек күттірмейтін міндетіне айналып бара жатқандай. Қаншалықты рас екенін кім білсін, зиянды тағам ретінде бауырсақтың жарнамасына тыйым салу «тақырыбы» да майшаммен қаралып жатқан көрінеді. Осыған қарап, «біздегі күрмеуі көп түйіннің бәрі шешіліп, тек әлгі түйткілдер ғана қалған ба?» деп ойлайсың. «Хайп» қуалаудың кейбір ортада танымал трендке айналуының себебі содан шығар, бәлкім. Оның орнына қалың көпшілікті бірінші кезекте толғандыратын күнкөрісті жақсарту, жайлы тұрмысқа жеткізетін инфрақұрылымды жаңғырту, қымбатшылықты ауыздықтау сияқты шын мәнінде өзекті мәселені шешу үшін не істеу керектігі жөнінде ұтымды ұсыныс айтылса ғой, шіркін, дейсің еріксіз.
Жалпы кез келген талап-ұсынысты жұрт алдына жайып салмас бұрын, оны жан-жақты саралап, байыппен қараған жөн-ау. Айталық, өткенде депутаттар тарапынан несие туралы біраз пікір ортаға тасталды. «Жұрттың кірісін көбейту керек» деп жүйелі сөз айтқандар да бар. «Несиеге тыйым салу керек» дейтіндер де табылды. Иә, тұрғындардың шектен тыс несиеге «байлануы» — күрделі мәселе. Біреулер «айлығы шайлығына жетпегендіктен, күнін көре алмағандықтан несие алуға мәжбүр» деген уәжді кесе-көлденең тартады. Шынымен солай ма, жоқ па, оның түп-тамырына бойлап жатқан ешкім жоқ. Тығырықтан шығудың басқаа, балама жолы да көрсетілмейді. Мұндай тыйымның басты түйткілі де себеппен емес, салдармен күресуде емес пе?


Бірақ несиенің де несиесі бар екенін ұмытпаған жөн. Мәселен, көпшілік баспананы тек ипотекалық несие арқылы ғана сатып алады. Тұрмыстық техника, жиһаз, тіпті онсыз күн көре алмайтын смартфон-айфонға да бөліп төлеу несиесі арқылы қол жеткізеді. Ал онлайн-несие, микроқаржы ұйымдары ұсынатын несиенің жөні басқа. Жұртты қарыз батпағына тартып жатқан әрі оңай беріле салатын онлайн-несие мен пайыздық мөлшерлемесі 300 пайызға дейін баратын микроқаржы ұйымдарының несиесі екенін депутат мырзалар онша көп айта бермейді. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын жақсартатын, кредиттің орнына еңбектеніп немесе кәсіп ашып табыс табудың жолын нұсқайтын ұсыныс айтылса, қанеки. Мәселен, әр депутат өзі сайланған өңірдің тіршілігін, артықшылығы мен кем-кетігін біледі. Соған орай өндіріс ошағын көптеп ашуға ықпал етіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға ықпал етсе, міне, пайда! Тұрақты жұмыс болса, маңдай термен ақша тапса, оңай ақшамен арбайтын қаржы пирамидасына, ғаламтордағы баюға баулитын «бақсыларға» жүгінбей, неше түрлі лотерея сатып алуға ұмтылмайтын шығар?
Ал біздің депутаттар болса коммуналдық шаруашылық пен әбден тозған жылу мен жарық жүйесін жаңартып-жаңғыртуға атсалысып, қордаланған түйкілдерді шешудің жолын қарастырудың орнына, әзірге тыйым салуға құмар.
Сонда несие, ойын бизнесі немесе өзге де нәрселерге шектеу қою азаматтардың табысын көтеруге немесе тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңалауға оң әсерін тигізе ме? Әлбетте, бұған ешкім жауап бере алмайды.
Есесіне, сарапшылар шектеу, тыйым салудың пайдасынан зияны көбірек болатынын бірауыздан айтады. Ең алдымен бұл мемлекеттік бюджетке кері әсерін тигізеді. Тыйым салу «көлеңкелі экономиканың» өрістеуіне әкеп соғады. Ақшаның офшорға жылыстауы артады.
Сайып келгенде, бағзы заманнан келе жатқан популизм шұғыл шешуді қажет ететін проблемалардан жұрт назарын аударып әкету мақсатын көздейді.
Сондықтан қазіргі ахуал мынадай үш сауалды туындатып отыр, оған әркім өзі-ақ жауап бере алады. Кімдер және қандай мақсатпен болымсыз түйкілдерге елдің назарын аударуға күш салып жатыр?
Жалаң популизм қандай да бір меншік бөлісуді бүркемелеу үшін жасалып жатқан жоқ па? Шындық пен популизм арасы әбден алшақтаған кезде, қандай жағдайға тап боламыз? Қиын сұрақ.

Олжабек Байқуатов

01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды
29 шiлде, 14:58
Әйгерім Исаева: Арнайы жасаққа жүрек жұтқан жауынгерлер қабылданады
29 шiлде, 13:40
Түркістан: Жарты жылдың ішінде қылмыс азайды
26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында үздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу