Қызылорданың Шиелі ауылында жергілікті сүт цехы түйе сүтінен балмұздақ жасап шығарды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі BNews.kz басылымына сілтеме жасап.
Аталған сүт цехы Қазақстанда ең майлы шұбат өндіретіндігімен танымал.
«Балмұздақтар артық қоспасыз түйе және сиыр сүтінен жасалады. Сол себепті, оны еш қорықпастан балаларға бере беруімізге болады. Мұнымен қатар, сүттен іріткі жасауды жоспарлап отырмыз. Біз шығаратын шұбаттың майлылығы — 6%. Күнделікті тонна көлемінде шұбат өндіріп, облыс территориясында таратамыз. Тек кей мөлшері ғана Алматы мен Ақтөбедегі сауда нүктелеріне жолданады», — дейді «Ару АНА» цехының технологы Баян Дүйсенбекова.
Шиелідегі аталған цехты жекеменшік кәсіпкер Сабыр Ермаханов 60 млн теңгеге салған. Кейін цех заманға сай үлгіде қайта жасалып, мемлекет көмек ретінде 61 млн теңге бөлген. Енді цехта сиыр сүті де өңделіп, қаймақ, йогурт, айран және құрт сияқты өнімдер жасалуда.