Тумысы бөлек тұлға туралы келелі кеңес

14 мамыр, 21:41

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Сағадат Нұрмағамбетов: Тумысы бөлек тұлға» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Ол Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетовтың әскери мұрасын зерттеу, оның тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерін құруға және дамытуға қосқан үлесін бағалау және тұңғыш Қорғаныс министрінің тұлғасын насихаттау негізінде жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылды. Конференцияға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы, қоғам қайраткерлері, әскери ғалымдар, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, ЕҰУ әскери кафедрасының студенттері, С.Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің ұландары және батырдың немересі мен шөбересі қатысты.

Конференция қонақтары әуелі ҚР ҚҚ Мемлекеттік әсери-тарихи музейінің көшпелі көрмесін тамашалады. Алқалы жиынды ЕҰУ әскери кафедрасының басшысы, генерал-майор Еділ Оразов жүргізіп отырды:

— Қай заманда да халқының бағына туған батырлар болған. «Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» зұлмат кезеңде еліне қорған болған да солар. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов міне, сондай тұлға.  Ол өз өмірінде елінің болашағы үшін екі мәрте ерлік жасаған адам. Бірінші рет, он тоғыз жасында майданға аттанып, 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атанды — Берлинді алды. Екінші рет, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста әскери сапқа қайта тұрып, Қазақстан Қарулы Күштерінің негізін салды — іргетасын қалады. Бүгін С.Нұрмағамбетов секілді тумысы бөлек тұлғаның тарихи орны мен рөлі туралы келелі әңгіме болады деген үміттеміз.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма төрағасы-ректоры, академик Ерлан Сыдықов өзінің кіріспе сөзінде: «Егер армия генералы С.Нұрмағамбетовтың әскери жолына көз жүгіртсек оның алған бағытынан таймай, қызметтік сатымен өрлей отырып, қазақ баласына маңдайына бітпеген небір  биік белестерге көтерілгенін байқаймыз. Ұлы Отан соғысындағы отты жылдар — оның үлкен өмір мектебі болды. Отан қорғау мамандығын ол кітаптар мен кинофильмдерден емес, майданның алғы шебінде, окоп ішінде үйренді. Оның бүкіл күшін сарп еткен, өз халқы мен Отанына арналған қызметке жан-тәнімен ұмтылысы бүгінгі және өскелең ұрпаққа үлгі болып қала бермек» дей келе конференцияға қатысушыларға табыс тіледі.

Сағадат Нұрмағамбетов Қарулы Күштердің бастапқы қалыптасу кезеңінде Қазақстан Парламентімен бірге оның нормативтік-құқықтық базасын жасауға белсене атсалысты. Еліміздің қорғаныс саласындағы замңнамасы жыл өткен сайын уақыт талабына сай жетіліп отыруы да заңдылық. Бұл ретте депутаттар корпусының еңбегі зор.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетініің мүшесі Ермұрат Бапи Қарулы Күштердің әлеуетін арттыра түсу туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, ол «Айбын» орденінің үш дәрежесі үш батырдың – Сағадат, Бауыржан және Рақымжанның аттарымен аталуы да символикалық мәнге ие деді.

Тұңғыш қорғаныс министрінің басшылығымен салыстырмалы түрде қысқа мерзімде орасан зор жұмыстар атқарылды. Ықтимал қауіп-қатерге лайықты жауап беретін  Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы түзілді, ұлттық әскери білім мен ғылым жүйесінің негізі қаланды.  Сол шаралардың қалай жүзеге асқаны туралы тарих ғылымының докторы, отставкадағы генерал-лейтенант Абай Тасболатов айтып берді.

Жауынгерлік тәжірибесі мол Сағадат Нұрмағамбетов әскери мамандарды іріктеуге қатты мән берді. «Ерді кебенек ішінде таны» дейді қазақ. Ендеше кадр таңдау деген адамның табиғатын тап басу деген сөз. Тұңғыш қорғаныс министрінің кадр саясаты туралы ұзақ жыл Қарулы Күштердің кадр басқармасын басқарған педагогика ғылымдарының докторы,  отставкадағы генерал-майор Сәбит Тауланов баяндады.

«Қатепті қара нар керек, біздің бүйткен бұл іске» деп Махамбет жырлағандай өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқара білген, Сағадат батырдың өзі таңдаған сайдың тасындай сардарлардың бірі — отставкадағы генерал-майор Әлихан Жарболов батыр туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

Бұдан бөлек, С.Нұрмағамбетовтің шинелінен шыққан бір топ ардагерлер – генерал-майор Геннадий Носоновский, контр-адмирал Ратмир Комратов, полковник Сапарғали Жағыпаровтар ұлы адаммен өткізген ұмытылмас мезеттер жайында сыр шертті.

Кез келген тұлғаны өзі өмір сүрген ортасы мен кезеңінен, яғни тарихтан бөліп қарай алмаймыз. Батырды да заманы тудырады. Осы тұрғыдан келгенде тарихи-ғылыми көзқарастың, тұлғатану саласындағы ұстанымдардың маңызы зор деп түйіндеді сөзін тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеген Садықов.

Сондай-ақ конференцияда ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы полковник Тілеухан Басқожаев, ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаменті бастығы, полковник Мұрат Олжабаев, ауған соғысының ардагері, «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл сөз сөйледі.

«Тектіден текті туады, тектінің жолын қуады» дейді халық даналығы. Тұлпардың тұяғы Талғат Нұрмағамбетов те әке жолын қуып әскери қызметті таңдады. Ол әскери медицина саласындағы қазақтан шыққан тұңғыш генерал. «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, Чернобль апатын жоюға белсене қатысушы. Атасы туралы естеліктерімен бөлісу үшін Нұрмағамбетова Лира Талғатқызы тұсауын Батырдың өзі кескен шөбересі Даниэльмен бірге конференцияға арнайы келді.

«Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан Жұмабаев жазғандай ел ертеңі бүгінгі жастардың қолында. Сағадат батырдың ерлік дәстүрін алға жалғастыратын да солар. ЕҰУ әскери кафедрасының студенті  Жалғас Ысқақ пен армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің ұланы Нұрлыбек Әділжан өздері шығарған өлеңдерін оқып берді.

Содан соң жиынға қатысушылар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Нұрлан Нұртазиннің «Сағадат» әнін орындарынан тұрып, өнерпазбен бірге қосыла шырқады.

Конференцияның модераторы, генерал-майор Еділ Оразов алқалы жиынды қысқаша қорытындылайтын келе былай деді:

Батыр есімін ел есінде сақтауға бағытталған іс-шаралар 100 жылдық мерейтоймен шектеліп қалмау керек. Ол үнемі, тұрақты негізде және жүйелі түрде жүруге тиіс.

Соңғы мәлімет бойынша елімізде Сағадат есімін 4 мыңға жуық бала мақтанышпен алып жүр екен. Бұл — жақсы нышан. Өскелең ұрпақтың дүниетанымы мен қазіргі заманның  талаптарын ескере отырып, батырдың көркем бейнесін сомдау қажет. Сағадат батыр туралы жасөспірімдер мен балалар театрларына арнап пьесалар жазылса, көркем фильм түсірілсе, үздік шығармалар үшін байқаулар жарияланса нұр үстіне нұр болар еді.

Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов — халықаралық деңгейдегі тұлға. Ендеше оның халықаралық әскери ынтымақтастықты дамытуға сіңірген еңбегі, бейбіт кезеңдегі белсенді қоғамдық қызметі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен айтқан бейбітшілікті сақтау жөніндегі ұсыныстары терең зерттелу керек. Өздеріңіз әлгінде тыңдағандай Сағадат батырдың сөзі әлі күнге өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Жиында айтылған ой-пікірлер мен ұсыныстар конференцияның қорытынды резолюциясында көрініс табатын болады.

Әбубәкір Смайылов,

әскери журналист

 

26 шiлде, 11:34
Мұхит Тұрғараев: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру бағытында ұздіксіз жұмыс жүргіземіз
26 шiлде, 11:33
Мұхит Тұрғараев: Жарты жылда мыңнан астам қызмет көрсетілді
25 шiлде, 17:38
Түркістан: Есірткіге қарсы профилактикалық шаралар қарқынды жүріп жатыр
25 шiлде, 13:52
Діндер съезі толеранттылық пен тұрақтылыққа қызмет етеді
24 шiлде, 15:23
Түркістан: Басты мақсат-қылмыстың алдын алу
23 шiлде, 12:11
Түркістан: Миллиондаған қарызы бар борышкер мен мас жүргізуші құрықталды
23 шiлде, 12:06
Түркістан: «Таза Қазақстан» аясында 21 000-нан астам құқық бұзушылық анықталды
23 шiлде, 11:56
Түркістан: Шардара ауданында профилактикалық іс-шаралар жалғасуда
22 шiлде, 14:26
Түркістан: Жетісай ауданында қауіпсіздік іс-шаралары өтуде