4 маусым – елімізде мемлекеттік рәміздер күні. Жыл сайын кең көлемде, ел болып атап өтіп, мемлекеттіліктің нышаны – Елтаңба, Әнұран, Туды қастерлеп, құрметтеу жөнінен жоспарлы іс-шаралар өтеді. Биыл да солай болған. Осы мерекенің ертеңінде Павлодар облысы Павлодар аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, «dmitrikolomin8194» деген аккаунтпен әлеуметтік желі қолданушысы инстаграмда мемлекеттік рәміз -Туға тіл тигізіп қорлағанын айтқан. Арызданушы мемлекеттік рәмізді қорлағаны үшін аккаунт иесін жауапқа тартуды сұрады. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Павлодар ауданы Ефремовка ауылының 38 жастағы тұрғынын анықтады. Айыбын мойындаған адам бұл әрекетін мастығымен түсіндіріп, көпшіліктен кешірім сұрады. Тәртіп сақшылары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы, 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық деген іс қозғап, материалдарды сотқа жолдаған. 6 маусым күні онлайн өткен соттың қорытындысы бойынша жасаған бұзақылығына «шын өкінетін» тәртіп бұзушыны жазалап, бір (!) тәулікке қамады.
2015 жылы Шымкент қаласындағы бір мекеме жұмысшыларының ағаштан түскен жапырақты туға салып тасығанын көрген көпшіліктің қаны басына шауып, абың-күбің әңгіме болған. Көптің ашуынан ықты ма, тиісті мекемелер дереу іске кірісіп, айыптыларды анықтады. Қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлау ісі бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салатындарын, болмаса түзеу жұмыстарына тартатындарын айтты. Елдігіміздің нышаны, Тәуелсіздігіміздің тұмары, еркіндігіміздің символы қыран құстың алтын күнді арқалап алып, зеңгір көктеп қалықтап бара жатқаны бейнеленген байрағымызды жұмысшылар қасақана қорламағандарын, «қоқыстың астында жатқан жерінен тауып, соны төгуге апардық» деп ақталғандай болды.
Қалай ақталса да, Туды аяққа таптап қорлағаны белгілі.
Қайбір жылы хоккейшілеріміз жеңісті мұз үстінде мерекелейміз деп көк туымызды жерге тастап кеткенін де көргенбіз. Әлемдік, халықаралық сайыстарда спортшыларымыз оза шауып, жеңіске жету құрметіне деп әнұранымызды қосқанда ауыстырып жібергенге де бойымыз үйреніп алды. Жарайды, бұл енді техникалық ақаудан деп өзімізді алдарқатармыз. Ал енді мемлекеттік нышанымызбен қоқыс тасып, туымыз туралы былапыт сөздер айтып қорлайтындарды әкімшілік жауапқа тартып, бір тәулікке қамаумен тезге сала аламыз ба?
Ата заңымыздың 317-бабында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туын, Мемлекеттiк Елтаңбасын немесе Мемлекеттiк Әнұранын қорлау 200 айлық есептiк көрсеткiштен 1000 айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны» жазылған. Бірақ мұндай қатаңдық Ефремовка тұрғыны секілді бейбастақты тезге салуға жұмсақтық танытып тұр. Мемлекеттік рәміздерді қорлауға қатысты жазаның салмағын ауырлатып, күшейтпесе, алдағы уақытта да «көзсіз батырлар» шығып, мемлекеттік нышанымызды қорлаудың бұдан да сорақысын көрсетуі бек мүмкін. Өйткені олар есерлік істеп тұтылса, әдеттегідей көпшіліктен кешірім сұрап, бірер тәулік көгенделіп, азын-аулақ айыппұлын арқалап-ақ құтылып кететініне сенімді.
Қуаныш Рахмет