Туған күнін екі рет «тойлайтын» журналист

24 желтоқсан 2016, 22:27

Өмірде туған күнін жылына екі рет тойлайтын адамдар болады. Солардың бірі танымал журналист, қарымды публицист, күні кешеге дейін еліміздегі бас басылым — «Егемен Қазақстан» республикалық жалпыұлттық газетінің бас редакторы болған, бүгінде осы газетте Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарып жүрген Жанболат Аупбаев ағамыз. Кеше 65 дейтін асуға жеткен қаламгер ағамызға төл мерекесімен елден бұрын құттықтайық деп қоңырау шалған болатынбыз. Аман-сәлемнен кейін «ҚазАқпарат» ХАА жариялайтын күнтізбе дерегі бойынша және Уикипедияда ол кісінің туған күні 24 желтоқсан (24.12.1951 ж.) деп көрсетіліп тұрғанын, алайда журналистік жауапкершілікті ұмытпай, «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкерлері туралы мәліметтер базасына сұрау салғанымызда, ол жерде ол кісінің туған күні 2 маусым (02.06.1951 ж.) деп көрсетіліп тұрғанын айттық. Екі деректің қайсысы дұрыс екенін өз аузынан білейік деп хабарласып тұрғанымызды жеткіздік. Жауап көп күттірмеді. «Екеуі де менің туған күнім, — деді күліп. — Өмірде жылына туған күнді екі рет тойлайтын адамдар болады ғой. Соның бірі — менмін, қарағым». Үнсіздік. Мен ол кісінің сөзін бөлмейін деген оймен іркілген едім. Оны Аупбаев ағамыздың іші сезді ме, ұялы телефонның арғы жағындағы жарқын үн жалғаса жөнелді: «Менің бала кезімде адамдар құжат деген дүниеге аса мән бермесе керек. 1959 жылы жеті жастан асқанда мектепке баратын болдым. Әкем колхозда (Алматы облысы Нарынқол ауданы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы қолхоз — ред.) ұста еді. Мен мектепке баратын кезде ғана туу туралы куәлік жасатқан ғой. Өзі бара алмайтын болған соң, ауданға шопырын жіберген. Шопыр барып аудандағыларға куәлікті жасап беріңдер деген. Туған күнімді жазатын кезде ғана барып, соны сұрамай шығып кеткені есіне түскен. Ол кезде қазіргідей ұялы телефон жоқ қой. Хабарласып, біле қоятын. «Кейін біліп кел» дегенге: «Ұста маған ұрсады, құр қол қайтпаймын, қайтсем де куәлікті алып қайтамын», — деп, ол да көнбеген. Содан орыс әйелдердің басы әбден қатып, 2 маусым күні туған деп жазып жіберіпті. Сол кезде егер адамның туған күні белгісіз болса, жылдың ортасына қояды деген заң бар екен. Міне, осылай менің құжатымда туған күнім басқа күнмен жазылып кеткен», — деп барып сөзін аяқтады. Тағы да аз-кем әңгімеден кейін әріптес ағамызды редакция атынан келе жатқан «өз туған күнімен» құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық табыстар тіледік. Ол кісі де үнсіз қалған жоқ. «Әй, бала, сендерге мың рахмет! Әдетте басты қызметтен кеткен соң (Бас редактор лауазымынан ауысуы — ред.) интернеттегі мәліметтер де жоғалып кетіп жатады. Елеп-ескеріп жатқандарыңа мың алғыс», — деді елжіреп. АНЫҚТАМА: Жанболат Әлиханұлы Аупбаев 1951 жылы 24 желтоқсанда ҚХР-дың Шыңжаң өлкесіндегі Құлжа уәлаятына қарасты Текес елді мекенінде өмірге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген. 1974-1986 жылдары — «Лениншіл жас» респубикалық жастар газетінде тәлімгер, кіші әдеби қызметкер, аға тілші, бөлім меңгерушісі болған. 1986-1991 жылдары — «Қазақстан коммунисі» журналының жауапты хатшысы болған. 1991-1996 жылдары — «Халық кеңесі» газеті бас редакторының орынбасары болған. 1996-1998 жылдары — «Ақиқат» журналы бас редакторының бірінші орынбасары. 1998-2003 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық жалпыұлттық газеті бас редакторының орынбасары.  2003-2016 жылдары осы газетте бас редактор болған. 2016 жылғы қарашадан бастап Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметіне ауысты. Көптеген танымдық-публицистикалық кітаптардың авторы. О.Сүлейменовтің, С.Санбаевтың шығармаларын қазақ тіліне аударды, «Қажымұқан мен Қажытай», «Хан тәңірі» деректі кинофильмдерінің әдеби сценарийлерінің авторы. Мақалалары мен очерктері республикалық басылымдарда үзбей жарияланып келеді. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының, Қазақстан Президентінің журналистика саласындағы сыйлығының және Қазақстан жазушылар одағының халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

ҚазАқпарат

Бүгін, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде