
Ішкі істер министрлігі шет мемлекеттердің құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізген ауқымды арнайы операция барысында адамдарды есірткі бизнесіне тартудың трансұлттық схемасын жойды.
Анықталғандай, ұйымдастырушылар шетелде отырып, интернет-ресурстар арқылы «жалақысы жоғары жұмыс» туралы жарнама таратқан.
Polisia.kz хабарлағандай, заңды жұмыстың атын жамылып, азаматтарды заңсыз есірткі айналымына тартқан. Олар орындаушыларға арнайы колл-орталықтар арқылы нұсқау беріп отырған.
Еліміздің 11 өңірінде Қазақстанның 40 азаматы ұсталды. Есірткі таратуға қатысы бар 11 адам қамалды.
Одан бөлек, тағы 9 адам есірткі тұтынғаны үшін жауапқа тартылды. Операция барысында синтетикалық есірткі, компьютерлік техника, банк карталары, смартфондар және басқа да айғақтар тәркіленді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.
Фото: polisia.kz