Жангелдин ауданының орталығында «Торғай – тұлғалар мекені» атты поэзия фестивалі өтті.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы аясында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған тағылымды шараға Алаштың абыз ақсақалы Қойшығара Салғараұлы, сыршыл ақын, ыбырайтанушы ғалым Серікбай Оспанов, әдебиет зерттеушісі, сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, ақындар Мұхарбек Жәкейұлы, Абылай Мауданов, Марғұлан Оспанов қатысты.
Төлен Әбдік, Серік Тұрғынбекұлы, Қайсар Әлім секілді аға буын қаламгерлер түрлі себептермен жыр кешіне келе алмады. Ал Түркістанда іс-сапарда жүрген айтыстың ақтангері Айбек Қалиев арнайы видеоқұттықтауын жолдады.
Поэзия фестивалін ашқан Жангелдин ауданының әкімі Дінмұханбет Бидашев жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлына ауданның Құрметті азаматы атағын табыстап, иығына шапан жауып, ат мінгізді. Сонымен бірге биыл сексеннің сеңгіріне шыққан Серікбай Оспановқа да жерлестері ат мінгізіп, құрмет көрсетті.
Ақын-жазушылар кезекпен сөз алып, ұрпақ тәрбиесіндегі әдебиет пен өнердің, жалпы руханияттың рөліне тоқталды. Он қаламгерге бекітілген он оқушы ақын-жазушылардың шығармаларынан үзінді оқып, кештің шырайын келтірді.
Аудан әкімдігі поэзия фестиваліне қатысушы ақын-жазушылар мен Сәндібек Жұбаниязов, Кенжебек Тұманбайұлы, Дидар Сәрсенбекова, Асантемір Қаршығаұлы секілді сыйлы қонақтарға сый-сияпатын көрсетті. Мұхарбек Жәкейұлы фестивальді ұйымдастырушылар мен іс-шараға белсене қатысқан бірқатар талантты жастарға Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры ақын Бауыржан Бабажанұлының алғыс хаттары мен бағалы сыйлықтарын табыс еттік.
Мәдениет үйінде басталған жыр кеші түс ауа «Мерген саябағындағы Ғафу Қайырбеков ескерткішінің жанында жалғасын тапты. Бұл жерде де талантты жастар Ғафу ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.
Амангелді Кеңшілікұлы Ғафу Қайырбеков туралы қызықты естеліктерін айтып, кеш қонақтары ақындар Сәндібек Жұбаниязов, Дидар Сәрсенбекова, Асантемір Қаршығаұлы жырдан шашу шашты. Ақын Мұхарбек Жәкейұлы Ғафудың өлеңін жатқа оқыды.
Мерекелік кеш Нұрхан Ахметбеков атындағы Мәдениет үйі жанындағы халық театры өнерпаздары сахналаған Ерсайын Төлеубайдың «Оян қазақ» спектаклімен жалғасты.
Ал кешке орталық алаңдағы сахнада поэзия фестивалінің гала-концерті өтті.
Торғайда алғаш рет өткен жыр кешін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Шалабайдың авторлық жобасы «Ауыл және мәдениет» бағдарламасының қорытынды кезеңі деуге болады. Биыл қатарынан екінші жыл ұйымдастырылып отырған бұл жоба аясында бұған дейін алты ауылдық округ пен алты ауылда ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттайтын іс-шаралар ұйымдастырылды. Ал бүгінгі жыр кешінің негізгі мақсаты – жас таланттарды алдыңғы аға буынмен таныстыру, пікір алмасу. Жыр сүйер оқырманды авторлармен қауыштыру. Сонымен бірге фестивальдің аты аудандық дегенмен, деңгейі республикалық болды деп сеніммен айтуға болады. Себебі жыр кешіне елімізге танымал бірқатар ақын-жазушылар құрметті қонақ ретінде қатысқанын жоғарыда айттық.
Қош, сонымен көптен күткен игі шара өз мәресіне жетті. Келген қонақтар да, аудан тұрғындары да жоғары деңгейде өткен фестивальге дән риза. Осы ретте жыр кешін ұйымдастыруда жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген барша азаматтарға алғысымыз шексіз. Оның ішінде аудан әкімінің орынбасары Еренбол Алматов, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанар Шалабай, Нұрхан Ахметбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Жанат Әлімбаева, Жангелдин ауданы орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Әсем Досмағаманбетова, Торғайдағы мәдени іс-шаралардың ұдайы басы-қасында жүретін, ұлтжанды азамат Нұрман Ембергенов секілді азаматтарға риясыз ризашылығымызды білдіреміз.
Бастысы, сең қозғалды. Ендігісі жанашыр жандардың ниеті мен уақыттың еншісінде. Жиында ақын Мұхарбек Жәкейұлы фестивальді жыл сайын өткізіп тұру туралы бастама көтерген еді. «Алдағы жылы қазақтың қайталанбас біртуар ақыны Кеңшілік Мырзабековтің туғанына 80 жыл толады. Осыған орай 2026 жылғы маусым айының басында «Кеңшілік оқуларын» өткізу туралы ұсынымыз аяқсыз қалмас деген ойдамыз» – дейді. Ал Торғайда Кеңшілік ақын жырларын таласа оқитын талантты жастардың аз емесіне осы жолғы поэзия фестивалінде тағы бір рет көз жеткіздік.
Димаш Махамбет