Бейне байланыс режимінде өткен жиынға премьер-министр Асқар Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов, Үкімет мүшелері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың және Ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөйлеген сөзінде жыл басынан бері ұлттық экономиканың күрделі жағдайда дамып келе жатқанын атап өтіп, ел экономикасының жалпы 1,8 пайыз төмендегенін айтты. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі. Президенттің тапсырмасы бойынша коронавируспен күрес барысында шұғыл мәселелерді шешу үшін қосымша 150 миллиард теңге бөлінеді. Басты мақсат — коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде нақты нәтижелерге қол жеткізу. Полиция және санитарлық дәрігерлер карантин режимінің қатаң сақталуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ толыққанды медициналық көмек көрсету және қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету де маңызды міндет.
«Денсаулық сақтау министрлігі басқару ісінде бірқатар өрескел қателіктер жіберді. Әкімдердің көпшілігі жұмысын тиісті деңгейде атқарған жоқ. Үкімет те бақыламады. Жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажет. Бұл комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, маған ұсыныс беруі керек. Тергеу жүргізу қажет болатын болса, «СҚ Фармация» басшылығын жұмыстан босату керек. Соңғы кездері Міндетті медициналық сақтандыру қоры төңірегінде әңгіме көп. Аталған қорға байланысты түрлі қауесеттер мен өсек әңгімелер болмауы үшін оның басшылығына өзін сөзбен емес, іспен көрсететін адамды қою керек. Үкімет өз тарапынан қордың жұмысына талдау жасауға тиіс», — деді Мемлекет басшысы.
Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа «СҚ Фармация» ұйымының жұмысында сыбайлас жемқорлық көріністерінің бар-жоғын тексеруді тапсырды.
Сонымен қатар Президент барлық өңірді тез арада дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету керектігін, індет кезінде дәрі сату арқылы пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажеттігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев мұның ұлттық қауіпсіздік мәселе екенін ескере отырып, мемлекеттік органдарға аса қажетті дәрі-дәрмектердің және медициналық бұйымдардың жеткілікті қорын қалыптастыруды міндеттеді.
«Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда?» — деді Президент.
Мемлекет басшысы пандемияға қатысты барлық шешімдерді жедел қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрінің нұсқаулары мен талаптарын Үкіметтің өзге мүшелері мен әкімдер бірінші кезекте орындауы тиіс деді. Жиын барысында Президент Үкіметтің жалпы құрамына да ескерту жасады.
«Пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзіретке ие деп есептеңіздер. Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын. Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы Үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы пандемиямен күреске және экономикалық дағдарысты қайта қалпына келтіруге бөлінген қаржыға қатаң бақылау жасауды Есеп комитеті мен Президент Әкімшілігіне тапсырды. Үкімет мүшелері бірінші кезекте дағдарысқа қарсы қабылданған шешімдердің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке аталған салаларды және ахуал қиындаған жағдайда халықты қолдау үшін қосымша шаралар әзірлеуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін іске қосылған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жүзеге асырылу барысын сынға алды. Оның қаржыландырылуы 1 триллион теңгеге дейін жеткен.
«Аталған бағдарлама импортты алмастыру және жұмыспен қамту үшін маңызды бастама ретінде қолға алынған. Бірақ 1 жарым жыл ішінде бұл бағдарламаның шарттары 6 рет қаралды. Ал, жалпы бөлінген 200 миллиард теңгеден сәл ғана асатын қаржының тек бестен бірі ғана игерілген. Өңдеу өнеркәсібіндегі субьектілердің саны және халық тұтынатын тауарлар импортының үлесі бұрынғы деңгейде қалып отыр. Яғни, нақты мақсаттар мен міндеттемелерді айқындап алмай, ақша бөлеміз. Басқаша айтқанда, атаулары жақсы басқа бағдарламалар сияқты «қарапайым заттар экономикасының» да сәтсіздікке ұшырау қаупі туындады. Осыдан қорытынды шешім шығару керек», — деді Мемлекет басшысы.
Президент 1 триллион теңге қаржы бөлінген Жұмыспен қамту жол картасының жүзеге асырылу барысында да көптеген мәселе бар екенін айтты.
«Жоспарда көрсетілгендей 255 мың емес, 150 мыңға жуық адам ғана жұмысқа орналасты. Жобалардың дені, негізінен, жөндеу жұмыстарына бағытталған. Бұл бастамалар азаматтарды биылғы қазан айына дейін уақытша жұмыспен қамтамасыз етеді. Ары қарай не істейміз?» — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкімет пен әкімдердің шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісуі керек екенін айтты. Сондай-ақ жекелеген салықтардың мөлшерлемесін арттыру мәселесі бойынша өзінің пікірін білдірді.
«Үкіметте бюджеттің кіріс бөлігін арттыру мәселелесі талқыланып жатыр. Сондай-ақ жекелеген салық түрлерінің, оның ішінде корпоративтік табыс салығы мен қосымша құн салығының мөлшерлемелерін арттыру мәселелері қарастырылуда. Бюджетке түсетін қаржыны көбейтудің ең қарапайым тәсілі осы болғандықтан Үкіметті түсінуге болады. Бірақ экономиканы жандандыру керек деп, салықты ойланбай, біржақты арттыру онсыз да күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін. Сондықтан аталған мәселені барынша ақылға салып шешу қажет», — деді Президент.
Бюджет тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тиімсіз шығындарды қысқартқан жөн. Экономика үшін тиімділігі аз салықтық жеңілдіктердің есебінен қосымша резервтерді қарастыру ұсынылуда. Президент мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктер жобаларының жүзеге асырылу барысында мемлекеттің міндеттемелеріне, сондай-ақ, мемлекеттік инфрақұрылымдық бағдарламалар аясында отандық өнімдердің үлесін сақтауға қатысты мәселе барын айтты.
«Аталған мемлекеттік бағдарламалардың жыл сайынғы қаржыландырылуы 2,8 триллион теңгеге жуық. Яғни, біздің экономикамызға 2,5 триллион теңге құйылуы тиіс. Мұның жұмыспен қамтуға және салыққа оң ықпалы болар еді. Ал, іс жүзінде мемлекеттік органдар мен бас мердігерлерде жоспарлаудың бірыңғай жүйесі, есептілік пен есепке алу, қатаң жауапкершілік жоқ. Отандық өнім жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысы көбінесе «көзбояушылықпен» жүргізіледі. Бизнес жоспарланған жұмыстың ауқымын, қажетті тауарлардың тізімін білмейді. Отандық өнімді есепке ала отырып бекітілген жобалық-сметалық құжаттар бірнеше рет өзгеруі мүмкін. Соңында бәрібір шетелден сатып алынады», — деді Мемлекет басшысы.
Пандемия елді азық-түлікпен қамтамасыз етудің әлсіз тұстарын көрсетіп берді. Халықтың табысы азайды, бірақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қымбаттай түсті.
2021 жылы Жер кодексінің кейбір нормаларына қойылған мораторий аяқталады. Мемлекет басшысы бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім қабылдау қажеттігі туралы айтты.
«Негізгі мәселені айқындап алдық. Жер шетелдіктерге сатылмайды. Бұл мәселеге енді оралмаймыз. Бірақ, агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін инвестиция мен технологияны тартуға тиіспіз. Осыған орай, жерді тиімді пайдалану мәселесін фермерлер қоғамдастығымен бірге кеңінен талқылау керек. Барлық ұсыныс жария түрде ашық талқылануға тиіс. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша Үкіметке Жер кодексіне түзетулер енгізуді тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, пандемия цифрлық экономиканың дамуына тың серпін беріп қана қоймай, ондағы елеулі кемшіліктер мен олқылықтарды көрсетті. Президент Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасындағы барлық кемшіліктерді түзетіп, жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.
«Қашықтан оқыту әдісіне көшу ісі инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің бар екенін көрсетті. Мұғалімдердің 20 пайыздан астамы үйлерінде толыққанды Интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады. Мектептердің балансындағы 400 мыңнан астам компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл — әкімдіктер мен министрліктің жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауы тиіс. 1 қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Министрліктің бұған толық дайын екеніне күмәнім бар», — деді Президент.
Мемлекет басшысы қазіргі таңда әрбір басшыдан шұғыл мәселелер мен тапсырмаларды барынша тиімді шешуді талап етт. Сондай-ақ Үкімет пен әкімдерді жауапкершіліктен қашпауға, бюрократияға жол бермеуге шақырды.
«Ашығын айтайын. Осы отырысқа дайындық барысында маған кейбір өңірлер мен мекемелердің бірінші басшыларын қызметтен босатуды, тіпті Үкіметті тарату туралы кеңес бергендер де болды. Қоғам мұндай қадамды жақсы қабылдайды, ұпай жинайсыз деді. Маған ұпай керек емес. Мен жауапты адамдарды тыңдауға дайынмын, бірақ жұртшылыққа жағу үшін ондай «ойынға» бармаймын. Кейбір әкімдерге сөгіс пен ескерту жасалған. Негізі, осындай жазаны басқа да басшыларға беруге болады. Біз әлеуметтік-экономикалық дамудың аса күрделі кезеңінде тұрмыз. Үкімет пен әкімдерге одан әрі ушыға түсетін дағдарыстан шығу үшін тиімді әрі батыл іс-әрекеттер керек. Әлемдік экономиканың болжамы, ал Қазақстан — соның бір бөлігі. Бірақ, бұл резервтегі күштер пайдаланылмайды деген сөз емес», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде ұлттық экономиканың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылымдық реформалардың уақыты келгенін айтты. Яғни, Үкімет пен мемлекеттік органдар экономиканың беталысын халыққа қарай бұруы тиіс. Барлық белгілері айқындалған жаңа бағдар қажет.
«Дағдарыс біздің қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктерді, азаматтардың жергілікті және орталық билікке деген күмәні мен сенімсіздігін анық көрсетті. Біздің мемлекеттік аппарат және жалпы мемлекеттік басқару жүйесі уақыт талабына ілесе алмай отыр. Идеологиялық аппаратқа білім, тәжірибе, ой ұшқырлығы, батылдық жетіспейді. Мемлекеттік басқаруды қайта құру қажет. Бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды едәуір күшейтуді қарастыратын саяси реформаның бөлшегі болмақ. Мұндай реформасыз біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бере алмайтынымызға сенімдімін» — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнайтын алдағы Жолдауында толығырақ тоқталмақ. Қазір жаңа міндеттерді сапалы орындау үшін кадрларды іріктеудің маңызы зор.
«Біздің жаңа бағыт өз міндеттерін адал атқаратын білімді, батыл, бастамашыл, іскер орындаушыларды қажет етеді. Бізде осындай азаматтар жеткілікті ме? Ал енді ойланып көріңіздер: осында отырған тұтас команда аталған талаптарға толық сай келе ме? Үкімет мүшелері мен әкімдер өздерінің мүмкіндіктерін шынайы бағалайды деп ойлаймын. Бізде өзіне сыни көзбен қарау қашанда қиындық тудырған, дегенмен, мемлекеттің пайдасына қарай шешім қабылдайды деп сенемін», — деп сөзін қорытындылады Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.