Бұл шаңыраққа әр келген сайын сұмдық бір толқынысты күйді бастан кешемін. Уақыт-ағзамның ағысын кері бұрып, дәл бір ғасыр кейін шегінгендей әсерленемін. Себебі, бұл табалдырыққа кімнің табаны тимеді десеңізші! Қазақтың небір марғасқалары осы шаңыраққа келіп, берекелі дастарқаннан дәм татты. Алаштың айтулы азаматтары айналып өтпейтін бұл үй шынымен-ақ тарихтың тірі куәгеріндей. Сан саусақтың табы қалған көне қабырғалар тарих тереңінің тағылымын толғайтындай. Әрине, уақыт дегенін жасамай тұрмайды. Қазір ол арыстарымыздың бірі де жоқ. Барлығы бақилық болған. Бірақ бір қуантарлығы – мұнда кеше мен бүгіннің арасындағы сол бір рухани байланысты үзбей, өткеннің тағылымын бүгінге жеткізуші бір жан бар. Ол – Жүсіпбек Елебековтей ән арысының аяулы жары, тарихтың тағылымын тамыздық етіп, ошағының отын өшірмей отырған шырақшы, ғасыр талғамындағы ғұмыр иесі Хабиба Елебекова апамыз. Ғасыр–ғұмырында әженің көрмегені, басынан өткермегені жоқ. Тарихтың талай сәулелі һәм тауқыметті жылдарының жалғыз тірі куәгері. Әр амандаса барған сайын өткен күннің жаңа парағын ашқандай, қазақ өнері мен мәдениеті, әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан жандармен қауышқандай қобалжимын. Әдемі әңгімеге деген құштарлық бүгін де кейуананың есігін қақтырды.
Жас қазақ: Апа, биыл тарихына 90 жыл толтырып отырған М.Әуезов театрында қызмет еткеніңізге 81 жыл толып отыр екен. Аз уақыт емес. Бар ғұмырыңызды арнаған киелі қарашаңыраққа қалай келген едіңіз?
Хабиба Елебекова: Бiз отбасында төрт қыз едiк. Менен үлкен апайым Дәлила қазақ қыздарынан шыққан ең алғашқы әртiстерiнiң бiрi болды. 1926 жылы Қызылордада М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясында Еңлікті ең бірінші ойнаған актриса. Әкемiз қыз баланың бұйығы, жасқаншақ болып өсуiне қарсы болатын. Қайта, керiсiнше, көпшіліктің ортасына өзiмен бiрге ала жүрiп, ән салғызып, ұялып-қысылмауын талап ететiн. Мысалы, мені, кішкентай күнімнен бастап жиын-тойларға, әр түрлі ас берулерге бірге ертіп жүрді. Алғашында маған мұның ешбірі титтей де қызық болмайтын. Бірақ уақыт өте келе әкемнің бұл әрекетінің «ел көрсін, жер көрсін» деген игі тілектен туған көрегендігі екендігін түсіндім, әрі кейінгі өмір жолыма да, жазған кітаптарыма да ғұмырлық азық болды.
1934 жылы Қарқаралы округ болып құрылды. Соған байланысты театр ашып, алғашқылардың бiрi болып аталған өнер ордасына 17 жасымда әртiстiкке қабылдандым. Міне, сол кезде театрдағы ең алғашқы ойыным Қаллекиге ұнап қалыпты. Менiң Жүсiпбектi көз тоқтатып бiрiншi көруiм де осында болды. Спектакльден соң Қаллеки менi өзiне шақырып алып, жағдайыммен танысты. Сол тұста бiздiң жанымызға Жүсекең де келе қалды. Әңгiме салған жерден басталды.
– Шырағым, Жүсiпбектiң жолдасы жоқ. Әйел табылмай жүрген жоқ. Бiрақ дәл бiз ойлағандай кiсi кездеспей жүр. Кейде мұның ұнатқаны менiң сынымнан өте алмай қалады. «Осы дұрыс-ау» деген менiң ойымды бұл құптай қоймайды. Сонымен бiраз уақыт өтiп кеткен жай бар. Ендi екеумiз де бiрдей сенiң басыңа тоқтадық. Жүсiпбекке өмiрлiк жолдас болсаң деп отырмын. Тiптi оған келiспесең де, сенi Алматыға ала кетiп, театрға орналастырсам деймін. Ертең Баянауылға жүремiз, қайтып келе жатып алып кетемiз, жолға дайын отыр, – дедi. Сөйтiп, мен 1935 жылы Қарқаралыдан Алматыға келіп, Қаллекидiң шаңырағына келiн болып түстiм. Іле актриса ретінде театрға жұмысқа қабылдандым. Содан берi осы ортадамын.
Жас қазақ: Ұлы М.Әуезов «Әншіліктің ғана емес, адамгершіліктің де академигі» деп баға берген ән еркесі – Жүсіпбек Елебековтің керемет әншілігімен қатар, аса сымбатты адам болғанын да естеліктерден білеміз. Сіздің де көркіңізге көз тояды. Үнемі халықтың алдында жүрген қос бірдей әртіс бір-бірін қызғанбай, қалай тату-тәтті өмір кешті?
Хабиба Елебекова: Енді, әрине, сүйсең қызғанасың ғой. Бірақ мен жарыма сендім. Жүсекең де маған шексіз сенім танытты. Мәселен, Сұлтан Қожықовтың қойшының өмірі жайындағы киносына түсу барысында төрт ай бойы далада жүрдік. Сол кезде құмды жер іздеп, Түркіменстанмен шектесетін шекараның маңайына келіп, шекарашылар тұратын екі үйді түсірілім біткенше тұрақ еттік. Бірінші үйде отбасымен келген ерлі-зайыпты әртістер жатса, екінші үйде кішкентай төсекте мен және ауыз үйінде күллі ер адам жатты. Басшысы – Сұлтан. Кілең еркектің ортасында жалғыз өзім бір айдан аса уақыт тұрдым. Сонда маған бір адам бір ауыз сөз айтып көрмепті. Жүрген жерімде мені өте қатты сыйлайтын еді. «Хабеке, Хабеке» дегеннен басқаға бата алмайды. Мұндай кездерде де Жүсекең менің өнеріме түсіністікпен қарайтын, сенетін. Соның арқасы да болар, отбасымыздың мызғымас ынтымағын сақтай алғанымыз. Тағы бір айтарым: «Әйел болып тудың ба? Әйел болып өл! Әйел сұлулықты тілейді. Кез келген ер адам әйелі әдемі болып отырса, сол әсемдіктен рахаттанады. Әйел өзінің сұлу болғанын қандай қаласа, еркек ол сұлулықты бірнеше есе артық тілейді. Сондықтан әйел болып тудың ба, әйелдің сұлулығын сақтауға тиістісің.
Жас қазақ: Апа, үнемі сөзіңізді Мағжанның өлеңімен түйіндеп отырасыз. Жалпы, өзіңіз Мағжанды көріп пе едіңіз?
Хабиба Елебекова: Мағжанды көргенім жоқ. Әміренің өзімен де жүздесе алмадым ғой. Ол 1934 жылы қайтыс болған. Ал мен Алматыға 1935 жылы келдім. Ол уақытта тым жас болдым, ұялшақтығым бар. Таным деңгейім теңеспейтіндей тартыншақтап жүрдім. Бірақ ақын өлеңіне деген махаббатым өте ерте оянды. Ол уақытта Мағжанның кітабы жоқ. Бұрынырақта араб қарпімен шыққан жыр жинағы Сапекеңнің (Сапарғали Бегелин – авт.) үйінде ғана бар. «Әкеп берші, айналайын! Сен сұрасаң береді» – деп Жүсекеңе жалынып жүріп алғызамын да, бас алмай оқимын. Ізденген, оқыған жастарды Сапекең де жақсы көреді: «Ой, мына Хабиба өткен нәрселерді білгісі келіп тұрады. Жақсы екен» деп риза болатын. Мағжанның өлеңдері терең ғой. Үлкен астар, философияға құрылады. Ақынның сол жұмбақтығына ғашық болдым. Ұнаған шумақтарды жаттап жүретінмін. Жас ұлғайған сайын біразы ұмытылды. Бірақ соған қарамастан, қазір де Мағжанның 37 өлеңін жатқа айтамын.
Жас қазақ: 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігінде Сәкен Сейфуллин де болыпты. Ақынмен кездесіп, сөйлесе алдыңыздар ма?
Хабиба Елебекова: Сөйлескенде қандай! Қойылымдарымыз сәтті өткеннен кейін, екі айлық жалақымызды беріп, бізге арнап арнайы дүкен ашты. Ол уақытта Алматыда сауда орталығы деген атымен жоқ. Барлығымыз дүкен аралауға шықтық. Баруын барсақ та, не аларымызды білмей, тосылып тұрып қалдық. Сонда Сәкен марқұм жағалай елдің барлығына киім таңдасып көмектесті, ақыл-кеңесін аямады. Өзі сондай сәнқой, сұлу, сырбаз, сері жігіт еді ғой. Сәкеннің таңдауымен алған Шәкен Аймановтың сондағы бәкентозы мен қара қалпағын киіп түскен суреті біздің үйде бар. Әйелдер жағынан да көмегін аямады. Сәбираға (С.Майқанова. – авт.): «Үстіңдегі киіміңе жолақты шәлі жарасады» деп, етегі сан түрлі түспен көмкерілген шарфты алғызды. Маған: «Сенің өңіңді мына алқызыл гүлді жасыл мойынорағыш жақсы ашады» – деп кеңес берді. Біз де сол тарихи күннен естелік болсын деп, Сәкен таңдап берген мойынорағыштарымызбен Шәкенді ортаға алып, суретке түсіп едік. Ол жәдігер де мұрағатымда сақтаулы.
Жас қазақ: Апа, ашаршылық жылдары туғандарыңыздан түгелдей айырылып, жалғыз қалдыңыз. Жастық шағыңыз жақындарыңызды жоқтаумен өтті. 37-нің зұлматын да көзіңізбен көрдіңіз. Абай атамыз айтпақшы, Сіз ішпеген у бар ма?..
Хабиба Елебекова: Қарағым, мен қазақ қасіретінің барлығын дерлік көрдім. Ашаршылық жылдары әулетіміздегі 17 жаннан қу басым қуарып жападан-жалғыз өзім қалдым. Ол бір қиын кезең еді. Әкемді Атырауға жер аударып жіберді. Айдауда жүріп аштан өлген. Әкеміздің інісі бір ұл, екі қызымен қолымызда болушы еді, олар да аштықтан кетті. Күләнда деген үлкен апайымыздың да шаңырағы аштықтың салдарынан ойран болды. Күйеуі мен екі баласына аш тиіп, қайыр сұрап жүріп қайтыс болды. Ақтоғай ауданында еңбек етіп жүрген Харира деген апайым мен мұғалім жездемнің де түбіне аштық жетті. Аштан өлген кісінің моласы жоқ қой, бір уыс топырақ бұйырмай, сүйектері далада шашылып қалды. (Апа көзіне жас алып, біраз үнсіз қалды)
Менің бір жақсы жерім, құдайдың құдіреті, өткен күндерім бүгінгідей көз алдымда тұрады. Ел ұмытып қалдық дейді ғой. Мен ешқашан ұмытпаймын, санамда барлығы сайрап жатады. Кейде ұйықтай алмаймын, көз алдымнан сол зұлмат заман көлбеңдеп өте береді. Жүсекеңмен өткен бақытты күндерім емес, ата-ана, туған-туыстан айырылған тауқыметті тағдырым ойдан кетпейді. Таңға дейін кірпік ілмей шығатын кездерім болады. Ұйықтап кетсем, бейіттің ішінде жүремін. Ылғи соларды ойлаймын, сондықтан шығар. Кейде жатып жылап та аламын.
Жас қазақ: Осындай зұлматты көзіңізбен көрдіңіз. Не түйдіңіз? Жастарға қандай бата берсіз?
Хабиба Елебекова: Басымыздан өткен небір қиыншылықтарға қарамастан, мен өмірде бақытты адаммын. Тауқыметті болса да, тарихтың сәулелі сәттерінің куәсі болдым. Ұлтымыздың келешегі үшін өлшеусіз еңбек сіңірген талай арыстарымызды көзіммен көріп, дәмдес, пікірлес, мүдделес болдым. Менің бақытым – Жүсекеңдей жаны асыл адамға жар болғаным, сондай жанмен тағдырымның тоғысқаны. Мендегі ендігі мұрат – шамам келгенше, білгенімді артыма қалдырсам, ұрпақ ғұмырлық ғибрат алса деймін. Мұның бәрі тасқа басылған тарих қой, өлмейді. Бір өкініштісі, жастарымыз тарихты терең біле бермейді. Сондықтан да айналайын қызым, өткенді білмей келешек өркендемейтінін ұмытпаңдар! Жассыңдар ғой. Жас та болса жасампаз, ізденімпаз болыңдар! Мағжанның сенген жастары сендерсіңдер! Осыны естен шығармаңдар! Енді халқымыз мұндай зұлматты көрмейтін болсын! Жазықсыз жапа шегіп, нақақтан оққа ұшқан, қасіретпен көз жұмған боздақтарымызға тағзым етемін.
Өлмейтін адам жоқ. Менің арманым – атақ емес, тілегім – өлгеннен кейін артымнан жаман сөздің ермегені. Барлық тілегім – осы ғана. Ешкім о дүниеге атақты да, байлықты да алып кетпейтін көрінеді. Барлығы қалады екен. «Бала үшін сөйттім» деудің де қажеті жоқ. Баласы ақылды болса, өз күнін өзі көреді, ал ақымақ болса, миллиард ақшаң болса да түкке тұрмайды.
…Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар,
Жаннан қымбат оларға ар,
Мен жастарға сенемін!
Тау суындай гүрілдер,
Айбынды Алаш елім дер,
Алтын арқа жерім дер,
Мен жастарға сенемін!
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға,
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!
Апа өлең оқыды. Сөз соңын, әдеттегіше Мағжанның сөзімен түйіндеді. Бізге үлкен міндет артып, осылай шығарып салды. Дана қарияның сөзінің астарында қандай салмақтың жатқанын сезінсек те, неге екенін білмейміз, жүрек түкпірінде бәрібір «Мағжандай марғасқа ағалар артқан сол сенімге саймыз ба? – деген жалқы сауал мазалай берді… Біз Сіздерге қарыздармыз!
Иә, ғасыр ғұмырды еңсерген апамыздың ғибратты әңгімесі жасымызға да, жасамысымызға да тағылым боларлықтай-ақ. Ендеше, ауырмай, ортамызда ұзақ жасаңыз, апа! Торқалы тойыңыз құтты болсын!
Сұхбаттасқан Назерке ЖҰМАБАЙ