jasqazaq.kz

Тілеуқабыл Мыңжасар, ардагер журналист: «Самаурын суалды» дегенді «Самарқанды су басты» деп айтатындар көп…

09 наурыз 2023, 15:19

Бүгінгі ақпарат майданында түрлі тәсілдер қидаласып, ақ пен қараны, шындықты жалғаннан ажырату ауырлық салатыны белгілі. Елдің ішін алатайдай бүлдіруге бір ауыз сөз жеткілікті екенін ұғынатындар осындай ұрымтал тұстан ұруға ұмтылады. Біз қазақ журналистикасының ардагері, белгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасарға ақпараттық қауіпсіздік, жалған, жаңсақ ақпаратпен бұқараның санасын улаудың алдын алуға қатысты сауалдарымызды қойып, пікірін білдік.

Jas qazaq: Тілеуқабыл аға, бүгінде ақпарат қауіпсіздігін қайтсек нығайтамыз деген сауал өзекті болып тұр. Журналистика ардагері ретінде, ақпарат саласының ақсақалына айналған буынның өкілі ретінде өзіңізге де осы сауалды қойып отырмыз.

Тілеуқабыл Мыңжасар: Ақпараттық қауіпсіздік қай кезеңде де өзектілігін жойған емес. Жалпы бізде мемлекеттік қауіпсіздік, шекара қауіпсіздігі, денсаулық сақтау қауіпсіздігі, экологияның, табиғаттың қауіпсіздігі басқа да саланың өзіндік қауіпсіздігі бар. Бұлардың ішінде ақпарттық қауіпсіздіктің маңыздылығы өте жоғары. Енді ақпарат дегенді қалай түсінеміз? Әр адамның аузынан шыққан сөз де ақпарат болып саналады. Сондықтан да қазақтың «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дегенін ұмытпауымыз керек. Ауызды бағып сөйлеген абзал. Өйткені тісіңнен шыққан сөз бүтіндей бір елді дүрліктіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан да кез келген адам айтар сөзін бағып, абайлап сөйлеуі қажет.

Ақпараттық қауіпсіздікті нығайтудың бірден-бір жолы бақылауды, қадағалауды күшейту деп санаймын. Әсіресе, сөз терген, қалам ұстаған «арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистер БАҚ-та айтар сөзін де, жазған пікірін де «жеті рет өлшеп бір рет кескені» жөн. Өйткені эфирден айтылып, болмаса газет бетінде, ғаламтор порталдарында, сайттарда жаңсақ, жалған ақпарат жарық көрсе, елді екіұдай күйге қалдырады. Өйткені халық өте сенгіш қазір. Елп еткен ебелекке де, жалт еткен көбелекке де еруге бар. Осыны жадымыздан шығармауымыз керек.

Jas qazaq: Қазір өзі белең алған бір жәйт — рейтинг көтеру деген бар. Бұл, әсіресе, ақпарат құралдарының ішінде сайттарда, порталдарда белең алып тұр. Өкінішке қарай, жағымсыз дүниені жұрт жапатармағай көрмекке, оқымаққа ұмтылады.

Тілеуқабыл Мыңжасар: Байқасаңыз, бәзбір сайттарда жарияланатын ақпараттың, болған оқиғаның желісі «сұмдық» деген сөзбен басталады. Алғашында мұндай тақырыптарға денең түршігетін, «нендей сұмдық болды екен» деп амалсыз ашып оқуға тура келеді. Қазір елдің де еті өліп, көзі үйреніп кетті ме, аса елеңдей қоймайды.

Ақпарат құралдары – жұртшылықты тәрбиелейтін өрістің бір саласы. Біз осыны есімізден шығармасақ екен. Жақсыны насихаттап, жаманнан жиренуге шақыратын тәрбиенің бастау бұлағы, насихат құралының бірі – осы БАҚ саласы.

Jas qazaq: Ақпараттық қауіпсіздіктің тыныштығын бұзуға себеп болатын тағы бір мәселе — жалған мәліметтің жұрт құлағына жетуі. Қазақтың «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген сан соғып, опық жеуі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Бір мекеменің құрылғанына 30 жыл толуына орай «әрбір адамға ақшалай сыйақы үлестіріп жатыр» деген қауесетке ергендер қалай дүрлікенін де білеміз.

Тілеуқабыл Мыңжасар: Ақпарат саласында ұзақ жыл еңбек етіп жиған тәжірибеме сүйеніп айтарым, кез келген маңызды ақпараттың негізгі көзі мемлекеттік ақпарат құралдарында жарияланады. Бір мысал айтайын. Жақында бір замандас таныс кісі хабарласты. «Естідің бе, елге белгілі бір кісі қайтыс болыпты. Әлеуметтік желіден оқыдым. Осы қаншалықты рас?» дейді. Мен ол кісіге былай дедім: «Бұл ақпараттың рас-өтірігін қайдан білуге болады? Мемлекеттік телеарнадан көрсетеді, хабарлайды, егер рас болса. Соған қарап та рас пен өтірікті ажырата аласың», – дедім. Айтқанымдай, кешке қарай тағы да телефон шалды. «Тілеуқабыл, сенің айтқаның рас болды, мен қауесетке сенген екем» деді. Жалғыз бұл кісі емес, жалған ақпараттың жетегіне ерген қаншама адам дүрлікті, шатасты. Міне, осындай елді дүрліктіретін, қоғамдық дүмпу тудыратын жалған ақпарат тарату да қауіпсіздікке қатер төндіреді. Ақпарат құралдарында халықтық сананы, ұғым-түсінікті тәрбиелеуге басымдық берілу керек деп санаймын ардагер журналист ретінде. Қоғамдық сана да тек сенімді ақпарат көзінен тарайтын мәліметке сенгені дұрыс.

Қазір ақпарат желдей жүйткіген заман. Түрлі жаңалықтар ағыны жан-жақтан құйылып жатыр. Сонда әрбір адам өзіндік ішкі таным-түсінігімен түйсігіне тоқтатып сараптау қажет, қорытып алған соң ғана өзгеге жеткізуі керек. Әйтпесе, «самаурын суалды дегенді Самарқанды су басты» деп айтуға әуестігі артатындар көп. Хайп дей ме, фейк дей ме, неше түрлі ақпарат тарайды. Соны қорытатын миға обал кейде.

Jas qazaq: Сіздер 1994 жылы шетелде тәжірибеден өтіп келдіңіздер. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне қатысты түйткілді мәселе қай елде де бар ғой жалпы.

Тілеуқабыл Мыңжасар: Біз 1994 жылы Қазақстанның журналистер арасында сегіз адам алғашқы лек болып шетелде оқу тәжірибесінен өтуге аттандық. Қырғызстаннан 4 журналист қосылды, 12 адам Англияда тәжірибе алмастық. Сонда ағылшындар бір оқиғаны мысал етіп айтты. Жергілікті журналист телеарнаға сюжет жасамай ма? Кезінде болған өрт туралы. Соны көргендердің кейбірі өрт тура қазіргі мезетте болып жатыр деп қабылдап дүрліккен. Тіпті қоғамдық дүмпу тудырған. Сонда әлгі телеарнаның басшылығы арнайы мәлімдеме жасап, бұл өрттің ертеректе болғанын хабарлап, көшеге шыққан адамдарды сабырға шақырып әрең басқан. Міне, көрдіңіз бе, журналистің нанымды жасаған сюжеті елді қалай даурықтырады?! «Бұл өрт туралы арнайы әзірленген хабар. Ешқандай да дүрлігу болмасын, үйрейленбеңіздер» деген басу айтылған соң ғана адамдар тарқаған.

Ақпараттық қауіпсіздікке қатер төнем десе, аяқ астынан, кез келген сәтте сап ете түседі. Бір ауыз сөздің өзі бір қауым елді үрейге буындырып, көшеге шығарып отыр. Әлеуметтік желі дегеніңіз ресми ақпарат құралдарына айтарлықтай тосқауыл болып келе жатқаны да шындық. Ел арасында жасы келген кісілердің өзі әлеуметтік желі, сайттардағы ақпараттардың беталысына үрке қарайды. «Бұл дегенің сұмдық, масқара, сорақы» деп тақырыпты айқайлатып жазады. Халықтық сананы сансырату емес пе» деген жанайқайын айтады. Ақпарат қауіпсіздігіне өте абай болғанымыз абзал, тек ресми арналардың, сенімді ақпарат көздерінің мәліметіне ғана сүйену қажет екенін халыққа ұғындыра білу керек.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті
06 тамыз, 20:36
Алматыда көше және сәулеттік жарықтандырудың бірыңғай жүйесі жасалады
05 тамыз, 12:34
Бала жанын түсіну – рухани жауапкершілік
31 шiлде, 15:56
Тайланд-Камбоджа: Шиеленіс қалай шешілді?
31 шiлде, 15:21
2,7 млн жайылым жер мемлекетке қайтарылды: жұмыс жалғасады
31 шiлде, 15:00
Айгүл Жамалбекова: Мүмкіндігі шектеулі жандарға ешқандай шектеу жоқ
31 шiлде, 14:48
Қолжетімді баспана – мемлекеттік тұрғын үй саясатының басым бағыты
31 шiлде, 12:19
Жетісайда мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініші басты назарда
31 шiлде, 11:55
Қазақстан жаһандық процестерге белсене араласады