«Тіл талабында көзбояушылық басым»

13 қараша 2020, 12:34

Қоғамда мемлекеттік тіл мәртебесі болғанымен, қолданыс аясы әлі де кеңейте түсуді тілейтін қазақ тілінің қазіргі жай-күйі мен болашағына алаңдаушылық бары анық. Осыған орай, біз кезінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалын басқарған тіл жанашыры, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Кәрібай Мұсырманға бірнеше сұрақ қойған едік.

Jas qazaq: Кәрібай Иманжанұлы, соңғы уақытта елімізде қазақ тіліне қарсылық жасалып жатқан сияқты: әр жерде сондай бір оқиғалар қылаң береді. Мысалы, өткенде Алматыда орысша білмеген автобус жүргізушісіне қатысты бір блогер шу шығарды. Бұл ненің көрінісі?

К.Мұсырман: Қоғамда қазақ тілін немесе орыс тілін білмеуге байланысты анда-санда аяқ астынан шу шығып қалатыны жасырын емес. Бұл – өз елінің заңын сыйлайтын өрелі азаматтарға тән емес қылық. Өйткені Ата заңымыз – Конституцияның 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Осы баптың екінші тармағына сәйкес, орыс тілі мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деп көрсетілген. Ал тіл саласын реттейтін «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңда: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп атап айтылған. Өкінішке қарай, сол азаматтық парызын түсінбеген адамдар аз емес.

Жалпы бізде тілдік қатынастарды реттейтін заңнама толыққанды деу қиын. Себебі «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң, оның 2-бабында жазылғанындай, мемлекеттiк, мемлекеттiк емес ұйымдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қызметiнде тiлдердi қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттегенімен, жеке адамдар арасындағы қатынастарда және дiни бiрлестiктерде тiлдердiң қолданылуын реттемейдi.

Осы заңның 23-бабында: «Мемлекеттiк тiлдi белгiлi бiр көлемде және бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленедi» деп көрсетілгенімен, аталған тізбе әлі күнге жасалған жоқ. Осындай тізбені жасайтын уақыт жеткені анық. Өйткені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халқымызға арнаған алғашқы Жолдауында: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», – деп қадай айтты. Қазақ тілін Қазақстандағы ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру бағытындағы маңызды қадам аталмыш тізбені жасау болуы тиіс.

Jas qazaq: Өзіңіз Қызылжар өңіріндегі мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтату жолында күресіп жүрсіз. Теріскейдегі туған тілдің қазіргі хәлі қалай? Қазақ тілінің қолданылу аясы кеңіді ме?

К.Мұсырман: Аллаға тәубе деу керек, Тәуелсіздік жылдарында еліміздің Солтүстік қақпасы болып саналатын өңірде ана тілімізді, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді, асыл дінімізді қайтадан өркендету бағытында атқарылған игі істер баршылық. Мәселен, 1990 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызылжарлық белсенділері Петропавл қаласында алғашқы қазақ сыныбын ашу мақсатымен үй жағалап, үгіт жүргізіп, сол жылы күзде мектеп табалдырығынан тұңғыш рет аттайтын 15 қазақ баласының ата-аналарын өз ұл-қыздарын ана тілінде оқытуға әрең көндірген болатын. Содан бері облыс орталығында жаңадан 8 қазақ мектебі ашылды. Бұған қоса, Петропавлдағы 35 орыс мектебінің 15-інің жанынан қазақ сыныптары ашылып, олар аралас мектептерге айналды.

Аудандардағы жағдай да түзелді. Мысал үшін, 1991 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылы мен Тайынша қаласында таратылған компартияның босап қалған аудандық комитеттерінің шағын ғимараттарында ашылған 110 орындық қазақ орта мектептеріндегі шәкірттер саны уақыт өте келе 400-ден асып жығылғандықтан, олар үш ауысымда оқытуға көшірілген болатын. Сөйтіп новоишимкалық және тайыншалық қазақ балалары спортзалы мүлдем жоқ мектепте, ауа жетпейтін тар бөлмелердегі тақтаға тым жақын қойылған парталарда көзін ауыртып, сығылыса отырып оқуға мәжбүр еді. Бұл түйінді бесінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың «Nur Otan» партиясынан сайланған депутаттары көтергені есімде. Нәтижесінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Новоишимкада жаңа 400 орындық қазақ мектеп-интернаты, ал Тайыншада 300 орындық қазақ орта мектебі салынып, пайдалануға берілді.

Тағы бір айта кететін жайт – «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шетелден атажұртқа оралған қандастарымыз үшін облыс орталығының іргесіндегі Қызылжар ауданының аумағында жаңадан салынған Бәйтерек ауылының 300-ден астам баласы бірнеше жыл солтүстіктің қытымыр қысының қақаған аязды күндерінде көршілес Бескөл ауылындағы мектептерге өздеріне арнайы бөлінген автобустармен қатынап оқыған-ды. Бұл қиындық та оңынан шешіліп, 2016 жылы Бәйтеректе 300 оқушыға арналған осы заманғы білім ордасы салынды.

Jas qazaq: Жалпы СҚО бойынша қазақ мектептерінің саны орыс мектептерінен көбейді ме, қазақ сыныптары ше?

К.Мұсырман: Кеңес өкіметі тұсында коммунизмді Қызылжар өңірінде тезірек құрып тастауға білек сыбана кіріскен басшы ағаларымыз өз балаларын орысша оқытып қана қоймай, 94 қазақ ауылындағы ана тіліміздегі мектептерді орыс тілінде оқытуға көшіруге мұрындық болған еді. Абырой болғанда, олар өз саналарына тәуелсіздік таңының сәулесі түскен сәтте бұрынғы райларынан қайтып, жіберген қателігін түсініп, кезінде өз қолымен жапқан қазақ мектептерінің бәрінің қайтадан ашылуына тағы да білек сыбана атсалысыпты.

Әрине, тұрғындарының құрамындағы қазақтардың саны 35 пайызға енді ғана жеткен облыста орыс тіліндегі мектептердің қатары әлі де қалың екендігі – өз-өзінен түсінікті жайт.

Jas qazaq: Мемлекеттік тілдің көсегесін көгертпей отырған нақты қандай мекемелер? Мәселен, кез келген мемлекеттік мекеме қызметкері неге әлі күнге дейін орыс тілінде қызмет көрсетеді? Оларға қазақ тілінде қызмет көрсету талабы қойылмай ма?

К.Мұсырман: Ең алдымен, жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттiк тiлдi міндетті түрде бiлуi қажет кәсiптердiң, мамандықтардың және лауазымдардың тiзбесiн жасайтын кез жетті. Бұған қоса, мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде мемлекеттік тілді білу талабын күшейту керек. Әзірге бұл талапты орындауда көзбояушылық басым. Кейбір вице-министрлердің Парламенттегі жиындарда қазақша сөйлей алмай, қиналып, депутаттардың сынына ұшырап, ұятқа қалып жүргендігінің бір себебі сонда.

Jas qazaq: Тағы бір мәселе, қазақ тілінде жазылған жарнамаларға неге жүрдім-бардым қараймыз? Қазақша жарнама кейде күлкіні келтіреді, қайсыбір мекеменің атауы қате жазылып тұрады, былайша айтқанда, орыс тілінің «калькасы». Бұл қалай?

К.Мұсырман: Бұл жергілікті жерлердегі тіл басқармалары мен бөлімдерінің қызметі ақсап жатқандығын көрсетеді деп ойлаймын. Сондай-ақ осы шаруаға тіл жанашырлары мен бұқаралық ақпарат құралдары да белсене атсалысқаны жөн. Біз кезінде облыстық «Солтүстік Қазақстан» газетінде арнайы айдар ашып, тіл жанашырларының жәрдемімен жарнама мен көрнекі ақпаратта кеткен қателіктерді жүйелі түрде сынап отырдық. Ал облыстық тіл басқармасы оларды іле-шала түзетумен айналысты. Қыруар іс тындырылды.

Бұл ретте ұлттық терминологиямызда да кемшілік барлығын мойындауымыз керек. Терминдерді қазақ тіліне аударуда бірізділік жетіспейді. Бір-ақ мысал: «гостиница» деген сөзді бір жерде «қонақ үй», екінші жерде «қонақ үйі», үшінші жерде «мейманхана» деп жазып жүрміз. Тілімізді байытудың жолы осы екен деп, халықаралық терминдерді жаппай қазақшаға аударып, кейде күлкіге қалатынымыз да рас. Мұның өзі онсыз да қолданылу өрісін кеңейте алмай тұрған ана тілімізді одан сайын қиындатып, оны үйренгісі келетін отандастарымыздың ынта-ықыласын кемітпесе, көбейтпейді. Сондықтан да Үкіметтің жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының құзыретін де, қызметін де күшейту керек.

Өз ойымша, мемлекеттік терминология комиссиясы, ең алдымен, әрбір терминді тар бейінді тіл мамандарының ғана емес, әрбір сала мамандарының, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен жария түрде талқылап, «жеті рет өлшеп, бір рет кескендей», артық та, кем де емес, барынша дәл шешім қабылдауы керек. Содан кейін ол терминнің іс қағаздарында, жарнама мен көрнекі ақпаратта еш бұрмаланбай жазылуы жөнінде қатаң талап қойылуы тиіс. Бұл салада сонда ғана ілгері басамыз деп ойлаймын. Түйіндей айтсам, тіл мен терминге тың бетбұрыс қажет.

Jas qazaq: Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Жарас Кемелжан

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?