Тұрғылықты халқы жаппай көшкендіктен ауыл-ауылдың арасы арса-арса болып, тұрғындары сиреген солтүстік өңірді өркендету мақсатында оңтүстіктен теріскейге ел көшіруді қолға алғалы да он жылға жуықтапты. 2013 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы мақұлдаудан өтіп, іске қосылған еді.
Еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығысындағы облыстардың халық саны тығыз, демографиялық өсім көрсеткіші де көңіл қуантарлық. Ал солтүстіктегі облыстардың халқы, керісінше, азайды. Осыдан он жыл бұрын Үкімет ішкі көші-қонды жүйелі жолға қойып, қаңыраған ауылдардың тіршілік тамырына қайта қан жүгірту шаруасын ең алдымен ел көшіріп әкелуден бастағанды құп көрді.
Жең түрініп, тәуекелге бел байлап, теріскейді бетке алған ағайынға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы, әлеуметтік көмек, басқа да жеңілдіктер бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көштің көшелі болуын жауаптыларға жүктеп, солтүстікке керуен басын бұрушыларды ынталандыру үшін жәрдемақы мөлшерін еселеп көбейтуді де тапсырған-ды.
Нұржамал Тамбетова – осы ішкі көші-қон шаруасына орасан үлес қосып келе жатқан жан. Өзі де бірнеше жыл бұрын көшті бастап теріскейге қазығын қақты. Кейіпкерімізбен сұхбат көші-қон тақырыбы аясында өрбіді.
Jas qazaq: Өзіңіз бас болып, оңтүстіктен солтүстікке көшіп барғаныңызға жеті жылға ауды. Қандай оң өзгерістер болып жатыр?
Н.Тамбетова: Иә, уақыт қалай тез зымырап барады десеңізші. Әрине, алғашқы жылдарға қарағанда ақжолтай жаңалықтар айтарлықтай көп. Ауылды елді мекендерге су құбырлары жүргізіліп, жолдар бүтінделіп, ауданның орталығындағы мешіт жөнделіп, етек-жеңімізді жинап алдық десек те болады. Балабақшаларда бала саны артып, қазіргі кезде орын да болмай қалатын дәрежеге дейін көтерілді. Сонымен бірге орталық базар қайта жөндеуден өтіп жатыр. Мектептерге күрделі жөндеулер жүргізіліп жатыр, толықтай жөндеуге есепте тұрған мектептер де бар. Тағы бір қуантарлық жәйт, қазіргі таңда көпбалалы жас отбасыларының көптеп көшіп келуі.
Jas qazaq: Солтүстік өңірді қазақыландыру, халқы жаппай көшіп кеткен ауылдарға қайта жан бітіру жұмыстарының нәтижесін айтсаңыз.
Н.Тамбетова: Бағдарламаның оңтайлы жағының бірі, ауылдарды сақтап қалу ғой. Дегенмен ондайда сол ауылдың азаматтары да атсалыспаса, жұмыс өз нәтижесін бермейді. Бұл жерде Сұлушоқы ауылының азаматы Қайрат Жәнібековті атап айтпау, әрине, әбестік болар еді. Ол жігіт өз қалтасынан қаржы шығындап, 10 тұрғын үй салды. Оңтүстіктен көшіп келгендерге қолынан келгенше жақсылық жасап, ауылмен бірге мектепті көтеруге атсалысты. Қазіргі таңда мектепте 86 бала оқиды.
Келесі жылы, Алла жазса, ауылға жаңа мектеп салынады деген жоспар бар. Жол жөнделіп, ауылға су жүйесі жүргізіледі.
Сонымен қатар Бейнеш ауылының тұрғындары да қарап отырған жоқ. Оңтүстікте Ордабасы ауданынан көшіп келген бастауыш мұғалімі Нұргүл Пазылбекова деген сіңліміз ауыл мектебінің оқушылар санын арттырып, өз таныстарын ауылға тартып жатқан жайы бар. Тек өкініштісі, ауылда тұрғын үй жоқ. Осындай себептер бағдарламаның толыққанды жүруіне кедергі.
Jas qazaq: Мағжан Жұмабаев ауданында білім бөлімінде әдістемелік бөлімнің меңгерушісі болып қызмет еттіңіз. Солтүстікке көшу процесінің ең негізгі ұтқаны – жабылудың алдында тұрған мектептердің есігіне қара құлып салдырмады. Қаншама оқушы келіп, білім ошақтары қайта жанданды. Осыған тереңдей тоқталып айтып берсеңіз.
Н.Тамбетова: Иә, ол қызметте істегенім рас. Алғашқы індет жайлағанда бірінші болып ауырғандардың қатарына ілініп, денсаулығыма байланысты ол қызметті тастауға мәжбүр болдым. Қазіргі таңда Октябрь елді мекеніндегі орта мектепте директордың тәрбие жұмысының орынбасары болып жұмыс істеймін. «Әр қазақ – менің жалғызым» дегендей, біз үшін әр бала мектептің жаны десек те болады. Жетістіктің алды деп ойлаймын, көшіп келген отбасылардың күшімен орыс мектебінің жанынан қазақ сыныптары ашылды. Алғашқы жылдары тек бастауыш сынып болса, қазіргі таңда 9-сыныпқа дейін жеткіздік. Бұйыртса, соларды 11-сыныпқа дейін толықтырамыз деген ойдамыз. 5 отбасын көшіріп алып келуді жоспарлап отырмыз. Бұл жерде де, бір өкініштісі, тұрғын үй мәселесі шешілмей тұр.
Осы жерде айта кету керек, бағдарлама бойынша көпбалалы мұғалімдер отбасын тартсақ жөн болар еді. Бір оқпен үш қоянды торға түсіреміз. Біріншіден, бала саны көбейеді. Екіншіден, жұмыссыз жүрген мұғалімдер жұмыспен қамтылады. Үшіншіден, қазақ сыныптары ашылады. Ең ұтымдысы – ауыл жаңғырады. Осы дүниені оңтүстік өңірдегі мұғалімдердің түсінбейтіні де көшіп келушілердің қатарын толықтыруға сеп болмай отыр.
Jas qazaq: Оңтүстіктен солтүстікке көштің нәтижесінде теріскейдің қазақылануы байқала ма? Оңтүстіктің салтын, ғұрпын ұстанған жандар қазақы үрдісті солтүстіктегі орыстілді ортаға сіңіріп жатыр ма?
Н.Тамбетова: «Көш жүре түзеледі» деген ғой атам қазақ. Әрине, теріскейдегі ағайындар да өзіміздің салт-дәстүрден құр алақан емес. Өзге тілде сайрап тұрса да, кеудесіндегі жүрегінің түбінде «қазақпын» деген оты өшпегенін байқау қиын емес. Қазіргі таңда алғашқы жылдардағыдай жатырқай қарамайды. Жылдан-жылға бір-бірімізге деген сыйластығымыз артып, құда-жекжат болудың да жолдарын қарастырып жатқандар бар. Адамның мейірімі көзінде дегендей, тонның ішкі бауындай жақын араласып, қойымыз қораласқаннан кейін, ара алшақтығы жойылып барады. Әрине, ол қуантарлық жағдай. Енді бір 10 жылда арақатынас мұнан да жақсы болады деп үміттенемін.
Jas qazaq: Көшіп келушілерге ең алдымен керегі – жайлы баспана, одан кейінгі негізгі шаруа – тұрақты жұмыс орны. Бұл жағы қалай шешіліп жатыр?
Н.Тамбетова: Мемлекеттік бағдарламамен баспана салынып жатыр. Әрине, қымбатшылыққа байланысты кейбір жаңадан салынып берілген тұрғын үйлердің сапасы төмен. Дегенмен қолынан іс келетін, қармағына мықты жігіттер оны да игеріп, арбасын сындырмай, өгізін өлтірмей, күндерін көріп жатыр. Жұмыс орны көшіп келушілердің мамандығына байланысты, кейде тез табылады. Кейде біраз күтуге тура келеді.
Көшіп келген отбасылардың көпшілігі жақсы өмір іздеп келеді. Өйткені оңтүстік өңірлерде коммуникация жақсы дамыған. Бізде ол жағы – бір кем дүние. Коммуникацияға енді ғана ден қойылып жатыр. Олар келгенде «барлығы дайын болса, тек келіп, өмірімді ары қарай жалғастыра берсем» деген ойдың қамауынан шыға алмайды. Бірақ олай болмайды ғой. Иә, көшіп келген отбасыларға жергілікті әкімшілік қол ұшын береді. Соны ары қарай алып кететін өз бойында ептіліктің болуы шарт.
Теріскейге өзім көшіріп әкелген отбасылардың кері кетіп қалғандары болды. Олар аш қалып, күнін көре алмағаннан кеткен жоқ. Қарыздарынан құтылып, қалталарына қосымша қаржы жинап кетті. Бастапқы келген ойлары солай болған соң, алған беттерінен қайтпады. Кері қайтуды жоспарына енгізбеген отбасылар тамаша күй кешуде. Сабыр түбі – сары алтын.
Jas qazaq: Білім саласында кадрлар жеткілікті ме? Жас мамандарды тарту арқылы да көштің көшелі болуын ұйымдастыруға болады ғой?
Н.Тамбетова: Бізге, жасыратыны жоқ, бала санын арттыру мақсатында жас маманнан бұрын отбасын құрған мамандық иелері ауадай қажет. Әрине, жас маман келсе, «қажет емес» деп көкірегінен итеретін ешкім жоқ. Дегенмен ниет білдірген жастардың көпшілігін ата-аналары жібермей жатады. Менің тәжірибемде болған жағдай. Фельдшер болып жұмыс істеп жүрген жас маманды бір жылдан кейін анасы ауылына шақыртып, қайтарып алды. Естуімше, сол маман ауылына барып, біреуге жалдамалы қойшы болып нәпақа тауып жүрген көрінеді.
Jas qazaq: Оңтүстіктен солтүстікке көштің жайын өзіңізден терең білетіндер кемде-кем. Өйткені басы-қасында бас бұйдасын ұстап жүрсіз. Қандай түйткілді мәселелер бар осы көш төңірегінде?
Н.Тамбетова: Бағдарлама мемлекеттік болғанда да, осы арада бір-біріне сілтеу көп деп ойлаймын. Министрлік облысқа, облыс ауданға, аудан жергілікті ауыл әкімшілігіне тапсыра салады.
Бірізділік пен бір жүйелілік жоқ. Аяғын ұстасаң, басын таппайсың. Соның салдарынан тасбақа жүрістен арыла алмай келеді.
Көкейімді сансыз сұрақтар мазалайды. 50-60 жылдары тыңды көтергендей етіп, 5 жылдың ішінде теріскейді басқа өңірдің халқына толтырып тастауға кім және не кедергі? Неге көшіп келген отбасы көсіле жұмыс істей алмайды? Мүмкін бағдарламаны «мемлекеттен бөлінген қаржыны ақтамады» деп жауып тастаудың бір жолы ма? Осындай неге деген жауабы жоқ, сұрақ мол.
Бұл бағдарламаның барлық жаққа пайдасы бар екенін шамам келгенше айтып өтейін.
1. Халық саны барлық өңірлерде теңеседі.
2. Мектеп салу мәселесі шешіледі.
3. Қаншама жұмыссыз жүрген азаматтар жұмыспен қамтылады. Оның ішінде мұғалімдер атап айтуға болады.
4. Кәсіппен айналысу дамиды.
5. Мал шаруашылығы дамиды.
6. Ауыл өмірі қайта қалыпқа келеді.
7. Сүт және ет өнімдерінің дамуын жолға қоюға септеседі.
8. Демография өркен жаяды.
Бұл мүмкіндіктердің барлығын әкімшілікте отырғандар білмейді деп айта алмаймын. Тек дамытуға қалай қол жеткіземіз деген мәселе төңірегінде көптеп жұмыс атқарса деп ойлаймын.
Тағы бір тоқтала кететін үлкен мәселе, адамдардың бағдарламаны толыққанды түсінбеуі. Барлығы деуден аулақпын, көпшілігі тек пайда табуды ойлайды. Ол пайда тез арада, табан астынан шықса дегеннен де кет әрі емес. Бұл жерде «ұрпаққа қалдыратын өнеге» немесе «ұрпақ болашағы» деген ұғым жүрмейді. Рухани деңгейімізді, тәніміздегі қажеттілік басып кеткен.
Осыған орайда бір оқиғаны айта кетейін. Жақында бір жас жігіт хабарласты. Осы бағдарлама туралы жан-жақты білгісі келетінін айтты. Сұрағының әлқиссасы «қалай және қайда көшіп баруға боладыдан» басталды. Сосын мен әдеттегідей «ниетің тура болса ғана орныңнан қозғал. Олай болмаған жағдайда жылы орныңды суытпа» дедім. «Бұл жақта пайда тауып болған соң, үкіметті алдап қайта көшіп кетемін деп ойлама» десем, әлгі жігіт «ондай арамзалыққа үкімет үйретті ғой» дегені. «Қарағым-ау, адамның адал немесе арам болуы өзіне байланысты. Өзіңнің арам пиғылыңның қалыптасуына үкіметтің не қатысы бар» дедім. Телефон байланысы үзіліп кетті осы арада. Жас жігіт қайта хабарласпады. Әрине, халық болған соң әр түрлі адамдар кездесе береді.
Дегенмен бағдарламаның түбегейлі мақсатын дұрыс түсінбеудің өзі, көштің ілгерлеуіне үлкен қиындық туғызып тұр. «Аманат», «парыз», «ұрпақ алдындағы міндетім» деген сөз тіркестері адамдар санасынан шығып кеткендей. Тілім жеткенше айттым. Артық кеткен жерім болса, кешірім сұраймын. Менің жанайқайым – елдің, болашақ ұрпақтың қамы. Жер үшін дауға түскен ата-бабамыздың әруағы разы болсын, ағайын. Көшу үшін ең алдымен ниеттеріңізді тура болсын. Онсыз іс алға баспайды.
Сұхбаттасқан Қуаныш Көшек