Атыраулық студент Айкөркем Күсесова індет кезінде ерлік жасады. Ерліктің үлкен-кішісі бола ма? Болса, Айкөркемнің ісін ер-азаматтарымыз жасай алмаған үлкен ерлік деу керек. Неге? Өйткені, ол сovid-19 вирусын жұқтырғанын жасырмай, оны жалпақ жұртқа ашық жариялап, әлі де сенбей жүрген халыққа вирустан қалай сақтану керектігін, дерттің қаншалықты қатерлі екенін айтып түсіндірген алғашқы адам. Сондықтан оның бұл қадамын көп жұрт ерлікке, әрі-беріден соң батырлыққа балауда.
Батырлық демекші, батырлықтың да түр-түрі бар қазір. Бұрын қолына қару ұстап, елі мен жерін жаудан қорғаған сарбазды батыр санайтынбыз. Қазір олай емес. Қолыңызға қару да, қалам да ұстамай, майдан шебіне бармай, үйде жатып та батыр бола аласыз. Алайда батырлықтың бұл түрі көбіміздің қолымыздан келер емес. Жұмыр жерді жұтып жіберердей жарты жылда бүкіл әлемге ауыз салған вирус біздің де сабырымызды тауысты. Бұл бөлек әңгіме…
Сovid-19 вирусын дәрігерлер құпия ұстайтын ауру немесе намыстанатын дерт емес екенін әу баста-ақ айтқан. Бірақ осы күнге дейін ковид жұқтырды дегенді Айкөркемнен басқа бір адамнан, не жақындарынан естіген емеспіз. Вирусқа шалдыққаныңызды ешкімнен жасырмасаңыз, қаншама адамды осы індеттен аман алып қалатыныңызды білесіз бе?
Айкөркем әлгі індетті Канададағы оқуынан елге Амстердам арқылы қайтқан жолында жұқтырып алыпты. Онысын жасырып отырған жоқ. Газетіміздің Атыраудағы тілшісі Баян Жанұзақоваға берген сұхбатында «Қазір халық арасында «вирус жоқ, ауруханаға жатып шығу үшін, ақша төлеп жатыр» деген алып-қашпа әңгімелер жүріп жатыр. Бірақ коронавирус ойыншық емес. Ол бар. Қауіпті індет біздің арамызда жүр» деген. Айкөркемнің айтуынша, оның індеттен құлан-таза айығып шығуына дәрігерлердің көмегі көп тиіпті. Ақ халатты абзал жандар әрбір науқасты дәрімен ғана емес, жылы сөзбен де емдейді. Індетті жеңген қыз «Адамдар әлі ешнәрсе түсінген жоқ. Бірақ бір сәтке дәрігерлерді ойлайықшы! Біз емделіп шықтық. Амандық болса, басқа да науқастар емделіп шығады. Ал дәрігерлер соңғы науқас жазылып шықпайынша, үйлеріне қайтпайды. Дәрігерлер де адам ғой. Олардың да кішкентай балалары, отбасы бар. Бейбіт заманда үйіңе айлап бара алмаудан артық қандай қасірет болуы мүмкін? Күн сайын дем алдырмайтын кәстөммен жүрудің өзі де оңай емес. Өз өмірін қауіпке тігіп, бізді емдеп, жағдайымызды сұрап, қолдау білдіріп жүр. Мен үшін дәрігерлер шын мәніндегі батырлар дер едім. Мені емдеп жазып шыққан Жантөре Орысбаеваға, Салтанат Қайыроваға, Нұрфия Қизатоваға, Әсия Сидешоваға, барлық медицина қызметкерлеріне алғыс айтамын!», – деп ағынан жарылды.
Айкөркемді бейбіт күннің батыры дедік. Ал дерт асқынып тұрған сол Атыраудың өзінде қаншама науқас карантинде жатыр. Бірақ бірде-біреуі өзінің ковид жұқтырғанын, жұртқа бұл індеттің бар екенін, онымен қалай күресу керектігін айтпайды. Әсіресе, соңғы күндері індет жайылып кеткен Теңіз кенішіндегі жағдай өте күрделі. Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетованың 20 мамырда келтірген дерегі бойынша, Теңіз кен орнында 935 адам коронавирус жұқтырған.
Жедел штаб таратқан мәліметке сенсек, індетке шалдыққандардың дені – Теңіз кенішіндегі мердігер мекемелердің қызметкерлері. Бірақ сол бірнеше жүз адамның біреуі халыққа ауру белгісін айтып, қатерлі індет туралы түсіндіруге батылдық танытпай отыр. «Теңізді» толқытқан бір тамшы вирустың қатерін бір адам шығып айтса, соның өзі жетіп жатыр еді.
Күн сайын өрісі кеңіп, етек-жеңі жайылып бара жатқан вирусқа жедел шара қолданған жергілікті әкімдік қызметкерлері Теңіз кенішінде 230 орындық инфекциялық стационар ашты. Қазіргі уақытта мұнда ТШО мердігер мекемелерінің 211 қызметкері ем қабылдап жатыр. Атырау облыстық № 2 аурухананың бөлімшесі болып табылатын орталық вахталық лагерь аумағына орналасыпты. Кен орнында бұдан бөлек, 80 орындық провизорлық стационар мен 610 орындық карантиндік стационар тағы бар.
Жедел штаб өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта стационарда вирус жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болған 2000-нан астам адам карантинде жатыр. Жедел штаб өкілдері «Карантиндік шара уақтылы енгізілмей, блок-посттар дұрыс орнатылмаған кезде, эпидемиологиялық жағдай бақылаудан шығып, инфекция облыс орталығына таралуы мүмкін еді», – деп жағдайды түсіндірген.
Алайда жұқпалы дертпен ауырған үш науқас қазір жансақтау бөлімінде. Үшеуі де Теңіз кенішінің жұмысшылары. Осы аптада Теңіз кенішіндегі жағдайды тұрақтандыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Құрамына Атырау облысы әкімінің екі орынбасары, бірқатар облыстық департаменттер мен құқық қорғау органдарының басшылары, ТШО басшылығы және облыстың бас дәрігері кіретін жұмыс тобы Теңіз кенішіне барды. Олар осы үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов тапсырмасының орындалу барысын тексереді.
Жарас ШӨКЕ