Ринат Кертаев: Біздің мақсат пайда табу емес

18 қараша 2016, 13:14

«Қазіргідей ғаламдық ақпараттық кеңістікте шығармашылық ой мен жобалардың ұқсастығы, қайталануы заңды құбылыс сияқты. Мұндай жағдайлар тек телевизия саласында ғана емес, өнер, мәдениет, әдебиетте де орын алады. Мысалы, кемеңгер Абайдың «Қара сөздері» мен парсы ойшылы Кейқаустың «Қабуснамасында» ұқсастық кездеседі. Ал «Қабуснама» мың жыл бұрын жазылған шығарма екенін ескерсек, ғұламалардың ойы үндесіп жатады деуге болады». Жуырда ғана «Хабар» агенттігі төрайымының орынбасары қызметіне тағайындалған Ринат Думанұлымен сұхбаттасқанымызда осындай ой білдірді. Бұдан бөлек «Хабар» агенттігінің құрамына кіретін бірқатар телеарналарда болып жатқан өзгерістер туралы да сөз қозғады.

5e83f6321245e4bfdb9acd7af48919c5_xl

Жас қазақ: Ринат мырза, ассалаумағалейкум! Сізді бұрыннан журналист, тележүргізуші ретінде жақсы білеміз. Жуырда қызметіңіз өсіп, «Хабар» агенттігі төрайымының орынбасары атандыңыз. Құттықтаймыз!
Ринат Кертаев: Көп рахмет!
Жас қазақ: Ринат Думанұлы, соңғы уақыттары «Хабар» агенттігінде жаңалық көп. «24 кz» телеарнасының атауы өзгерді. Бұл өзгеріс немен байланысты?
Ринат Кертаев: «Хабар» агенттігі еліміздегі ең үлкен үш арнаның басын тоғыстыратын алпауыт телеотбасы. Біздің барлық қадамымыз ұзақ және тыңғылықты дайындықтан кейін жасалады. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырмасымен осы жылдан бастап агенттікте трансформация жүріп жатыр. Мұның барлығы да жұмыс деңгейін жоғарылату, қызметкерлердің біліктілігін арттыру. Ең бастысы, көзі қарақты көрерменге сапалы өнім беру. Осы трансформация аясында «24 KZ» арнасының атауы «Хабар 24» деп ауыстырылды. Мұнымен «24 KZ» телеарнасының «Хабар» агенттігінде өзіндік орны бар. Телеотбасының құрамында екенін білдіргіміз келді. Жалпы жаңа маусымда арнада ребрендинг жүргізіліп, студиялар жаңартылды. Сондай-ақ интернет қолданушылары үшін «Хабар 24» сайтына өзгертулер енгізіліп, қолдануға ыңғайлы және жаңалықтарды іздеуге жеңіл етіп жасалды.
Жас қазақ: «Kazakh TV» телеарнасы мен «Білім және мәдениет» телеарнасы бірікті. «Қазақ» атауын иемденген телеарнада қандай жаңашылдықтар бар?
Ринат Кертаев: Аталған трансформация аясындағы ең күрделі шешімдердің бірі – осы екі арнаның бірігуі. «Kazakh TV» құрылған күннен бастап дүниежүзі алдындағы Қазақстанның оң келбетін қалыптастыру, мәртебесін көтеруді, сондай-ақ әлемдегі орны мен беделін нығайтуды басты нысаны етіп ұстанды. Сол уақыттан бері біздің тілшілер елдегі елеулі оқиғалар мен қызықты ақпаратты жаһанға таратып, еліміз бен қатар шет мемлекеттерді ең маңызды жаңалықтармен ақпараттандырып отырды. Телеарна ешқашанда осы бағытынан жаңылған емес. Жаңа маусымда жаңалықтарды азайтып, Ұлы даламыздың бай мәдениеті, әдебиеті мен өнерін әлемге танытатын бағдарламаларды көбейттік. Себебі «Kazakh TV» арнасының көмегімен шеттегі көрермен мемлекетіміз туралы көбірек білсе, қазыналы өлкемізде экономика, бизнес үшін қолайлы екенін түсінсе, ал сырттағы қандастарымыз болса туып-өскен жерінің қаншалықты бай, табиғатының сұлу, отандастарының күнделікті тыныс-тіршілігімен қоса, елімізді жаңа қырынан таныса дейміз. Ең бастысы, арнадағы материал шетелдік көрерменге де, өзіміздің жерлестерімізге де қызықты болады. Яғни біз әмбебап контент әзірлеудеміз. Телеарна Еуропаға «HotBird 13B», Азияға «AsiaSat 5» және Солтүстік Америкаға «Galaxy 19» жерсеріктерінің көмегімен, бүгінде 118 мемлекетке тарайды.

60834e68332218d1b3279a0c7be008be
Сонымен бірге осы маусымда телеарна эфирі жаңаша безендіріліп, логотип өзгерді. Жаңа логотипте дала қыраны бейнеленген. Біз үшін қыранның орны ерекше. Өздеріңіз білетіндей, қанатын жайған қыран көк туымызда да бар. Бұл – еркiндiк сүйгiш еліміздің асқақ рухын, қазақ халқының жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi. Сондықтан логотипке осы қасиетті құстың енгізілуі маңызды болып көрінді. «Kazakh TV» сөзі көне түркілердің руна жазуымен жазылды.
Жас қазақ: Екі телеарнаны бір бағытқа келтіру қаншалықты оңай болды? Қызметкерлер саны қысқарған жоқ па?
Ринат Кертаев: Жоғарыда айтқанымдай кез келген өзгеріс ұзақ дайындықпен жасалады. Екі арнаны біріктіру оңай болды десем артық айтқан болар едім. Дегенмен «Kazakh TV» мен «Білім және мәдениет» арналарының контенті ұқсас, яғни екі арнада да мәдени-тарихи хабарлар көрсетілді. Сондықтан екеуінің бағыты жақын, болашақта көрсетілетін жобалардың барлығы дерлік мәдени-танымдық болады.
«Хабар» агенттігі агенттіктің қарқынды өсіп-өркендеуі үшін аянбай еңбек ететін әр қызметкерін бағалайды және олардың әрқайсысы үшін жауапкершілікті сезінеміз. Сол себепті қызметкерлеріміздің барлығы агенттікте жұмысын жалғастыруда. Сонымен қатар «Білім және мәдениет» арнасындағы маңызды бағдарламалар «Kazakh TV»-да жалғасуда. Кейбір жобалар «Хабар» телеарнасында көрсетілуде. Сәйкесінше бұл хабарлардың қызметкерлері толығымен сол арналарға ауысты.
Жас қазақ: Бұл телеарна спутниктік желі арқылы әлемнің 118 еліне тарайтынын айтып кеттіңіз. Шетелдік көрермендерді жаңа маусымда қандай тележобалармен таңқалдырасыздар? Жалпы елімізбен шетелге бірдей бағдарлама көрсетіле ме?
Ринат Кертаев: «Kazakh TV» – бүкіләлемге тарайтын әмбебап арна. Бағдарламалар барлық жастағы көрерменге қызықты болуын ескереміз. Ең бастысы – сапасы мен эфирде не көрсетіліп жатқандығы маңызды. Елімізді шет мемлекеттерге танытатын бірден-бір имидждік арна ретінде, сонымен бірге еліміздің бет-бейнесі болғандықтан, ұсақ-түйектің өзі рөл атқарады. Көрермен эфирден қазақ халқының кешегісі мен бүгіні, келешегіне қатысты қызықты мағлұмат табатыны анық.

img_1850

Тарих қойнауынан сыр шерткен сан алуан деректерді, қазақ елін, ұлттық құндылықтарымыз бен мәдени-рухани жәдігерлерімізді, сондай-ақ ұлы тұлғаларымызды әлем жұртшылығына танытуға жұмыс істеудеміз. «Ұлы дала құпиялары», «Түркі әлемі», «Көнеден қалған із», «Аңыз әңгімелер» сынды деректі сериалдар тізбесінде Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы бойынша қызықты деректер қамтылуда. Қазақ даласының қиындыққа толы өмірі, жаугершілік заман, көшпенділердің сап түзеуі, киім-кешектері мен әскери жабдықтарының үлгісі заманауи компьютерлік графиканың көмегімен шынайы, оқиға орнында түсірілгендей етіп көрсетіледі. Жобалар қойылымдық түсірілімдермен толықтырылып, көрерменнің таным көкжиегін кеңейтіп, ұлттық тарихи құндылықтарды әспеттеуде. «Қазақстан қорықтары» хабарында – республикамыздың ұлттық қорықтары, ондағы бай өсімдіктер мен жануарлар әлемі, әсем табиғаты суреттеледі. Бұл қорықтарды кез келген адамның көруі, көрмесе де білуі керек. Ал «Kazakh TV» осындай мүмкіндікті жасап отыр. Одан бөлек «Ұлттық энциклопедия», «Беймәлім Қазақстан», «Дала әуендері» сынды танымдық хабарлар республика көлеміне қазақ және орыс тілдерінде, ал шетелдік аудиторияға қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынылуда.
Жас қазақ: Соңғы уақытта «Хабар» телеарнасынан да жаңа бағдарламалар шығып жүр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайластырылған 2-3 жобаны байқадық. Бұл уақытша жобалар ма?
Ринат Кертаев: «Хабардың» көрермені үшін жаңа жаусым жаңаша басталды. Эфирде әлеуметтік бағдарламалардың саны артып, «Біздің назарда», «Білу маңызды», «Давайте говорить» жобалары жарыққа шықты. «Біздің назарда» жобасы талай түйткілдің түйінін тарқатып, күрмеуі көп күрделі мәселелерді назарға алуда. Хабар барысында тілшілер түрлі «эксперимент» жасап, қылмыстық істерді де ашты. Мәселен, 086 анықтамасын сатқан емхананың күзетшісі жұмыстан босатылды. Базарларда заңсыз ет сатқандарға қатысты іс қозғалды, кешкі тоғыздан кейін алкогольді сусындар сатқан дүкен қызметкерлері де жауапқа тартылды. Бұл бағдарлама ашылған екі айдың ішіндегі жағдай.
Көрермен үшін ойын-сауықтық бағдарламаларды да ұмытқан жоқпыз. Өткен жылы рейтингі жоғары болған «Ду-думан», «Қызық TIMЕS», «Бенефис-шоу» жалғасын табады. Шоу бизнес өкілдерінің шамбайына тиіп, сан алуан сұрақтың астына алатын «Компромат» атты жаңа ток-шоуды аудитория жақсы қабылдады. Көрсетілімнің рейтингісі – 2,3 %, ал үлесі – 19,9 % болды (TNS Central Asia мәліметтері бойынша). Бұл өте жоғары көрсеткіш.

paj-paj
Ал Тәуелсіздіктің торқалы тойына дайындығымыз одан да жоғары. Бабаларымыз сан ғасыр аңсаған азаттыққа тура – 25 жыл. Менің ойымша, бұл – ұлттық мереке, сол себепті еліміздің басты арнасында дүркіретіп тойлау заңды болмақ. Атаулы мейрамға орай күздің алғашқы айынан бастап «Экспедиция 25» көліктегі экспедициялық бағдарламасы эфирге шықты. 108 күнге ұласқан саяхатта экспедицияшылар республикамыздың 14 облысын аралап, шалғайдағы елді мекендерді көрді. Жоба барысында көрермен бұрын-соңды көрмеген өңірлерді аралап, өлкеміз туралы тың мәліметтер біліп қайтты. Бағдарламаны көрген соң ішкі туризм дамып, еліміздің көрікті жерлеріне барғысы келетін жандардың саны артты деп ойлаймын.
Ерекше айтып кететін жобалардың бірі «Пай-пай, 25». Хабар барысында студия қонақтары ширек ғасырдағы жетістіктерімізге шолу жасап, мемлекетіміздің бүгіні мен болашағы туралы ой толғайды. 25 жылда жеткен табыстарымыз бен жетістіктеріміз, халықаралық аренадағы экономикалық және саяси жағдайымыз қандай, әлем алдындағы беделіміз, ел мәртебесі, мұның бәрі бағдарламада сөз болады. Көрермен өткен күндерін сағынышпен еске алып, ерекше әсерге бөленеді. Сонымен қатар бұрын-соңды еш жерде айтылмаған естеліктер, қызықты деректер де жобаның құндылығын арттыра түскендей.
Одан бөлек «Тәуелсіздік толғауы», орыс тілінде «Код нации» сынды деректі фильмдер мен ток-шоулар әзірленуде. Бұл бағдарламалардың барлығы жыл соңына дейін эфирге шығады деп жоспарланып отыр. Дегенмен бұл келесі жылы Тәуелсіздікке байланысты ешқандай хабар көрсетілмейді деген сөз емес. Келешекте де ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын, ел тарихындағы елеулі оқиғаларға байланысты бағдарламалардың легі жалғаса береді.
Эфирде болатын бағдарламалардың барлығы «Тәуелсіздік күніне» орай арнайы хабарлар әзірлейді. Сонымен бірге мерекелік бейнебаяндар мен роликтер дайындалуда.
Жас қазақ: Кейінгі кезде «қазақтілді бағдарламалар Ресейден айнытпай көшірілген» деген сын жиі айтылады. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?
Ринат Кертаев: Бұл пікірмен келіспеймін. Егер еліміздегі телеарналардың кез келгені Ресейдің бағдарламаларын көшіріп, рұқсатсыз өз эфирінен шығарып жатса, авторлық құқықты бұзу болады. Бұл әрекеті үшін заң алдында жауапқа тартылады. Мұны біздің әріптестеріміздің барлығы біледі. Ал енді әлемнің көптеген елінде табысқа жетіп, бірнеше жыл рейтингі жоғары болған жобалар эфирден көрсетілсе, мұны қазақстандық нұсқасы деп түсінген жөн болар. Себебі ол бағдарламаларды арнамызда көрсету үшін ұзақ келіссөздер жүргізіледі, барлық құқықтардың қорғалуын да ескереміз. Мұндай тәжірибе сол Ресейде де бар. Мысалы, «Вечерный Ургант», «Х Фактор», «Танцы», «Голос» сынды көптеген хабарлар Америкадан немесе Еуропадан алынған.
Қазір «Хабар» телеарнасында жүріп жатқан «Биле, Қазақстан!» соның айқын дәлелі. Қателеспесем, шоу алғаш рет 2005 жылы Америка Құрама Штаттарында «So You Think You Can Dance» деген атаумен көрсетіліп, бүгінгі күні 10-нан астам «Эмми» сыйлығын алған. Біздің мемлекетімізден өзге әлемнің 37-ден астам мемлекетінде ұйымдастырылған байқау көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сол себепті болар байқауға қатысуға ниет білдіргендердің саны өте көп, олардың жас ерекшелігі де әртүрлі. Шоу эфирге шыққан күннен бастап көрерменін өзіне баурап алды. Әрбір алтыншы адам осы жобаны көру үшін теледидарын қосады екен. Көрсетілімнің рейтингісі – 2,8 %, ал үлесі – 16,3 % болды (TNS Central Asia мәліметтері бойынша).
Ал енді, кейбір хабарлардың ұқсас болып келуіне қатысты, қазіргідей ғаламдық ақпараттық кеңістікте шығармашылық ой мен жобалардың ұқсастығы, қайталануы заңды құбылыс сияқты. Мұндай жағдайлар тек телевизия саласында ғана емес, өнер, мәдениет, әдебиетте де орын алады. Мысалы, кемеңгер Абайдың «Қара сөздері» мен парсы ойшылы Кейқаустың «Қабуснамасында» ұқсастық кездеседі. Ал «Қабуснама» мың жыл бұрын жазылған шығарма екенін ескерсек, ғұламалардың ойы үндесіп жатады деуге болады.
Ерекше атап өткім келетін мәселе, «Хабар» агенттігі төл өнімдер өндіретін алдыңғы қатарлы медиахолдинг. Бізде көрсетілетін «Ду-думан», «Бенефис шоу», бұған дейінгі «Жігіт Сұлтаны», «Жұлдыздар айтысады» сынды көптеген бағдарламалардың әлем бойынша аналогы жоқ. Бұл хабарлардың барлығы біздің шығармашылық ұжымның еңбегі. Сол себепті алдағы уақытта біз аталған жобаларға автор ретінде өзімізді бекітіп, көршілес елдер мен түркі тілдес мемлекеттерге сатуды жоспарлап отырмыз.
Жас қазақ: «Хабар» агенттігінің мемлекет тарапынан қаржыландыратыны белгілі. Жуырда «Қазақстан» телеарнасының басшылығы жаңа маусымының тұсаукесерін өткізіп, табыс тапқанын айтты. Сіздердегі жағдай қалай?
Ринат Кертаев: «Хабар» агенттігі өзіне жүктелген ақпараттық міндетті – мемлекет саясатын елге тиісті дәрежеде жеткізу миссиясын орындап отыр. Қазақстанның кез келген азаматы, «Елімізде не болып жатыр?» деген ақпаратты қолына пульт алып, біздің арналарды қосса, сол сәтте-ақ біле алады. Мысалы, «Хабар 24» арнасында әлемдегі және елдегі жаңалықтар әр жарты сағат сайын көрсетілуде. Шетелде жүріп, ақпарат алғысы келсе, спутниктік арнамыз қызмет етуде. Сонымен қатар ғаламтордағы сайтымыз арқылы да жан-жақты мәліметке, арналарымыздан көрсетілген бағдарламалар мен фильмдерге қол жеткізуге болады.
«Телевизия – тәрбие мен идеология құралы». Сол себепті біздің мақсатымыз пайда табу емес, тарихи-мәдени құндылықтарымыз бен жәдігерлерімізді насихаттау, ұлттық идеяларға бастайтын арнайы хабарлар, деректі фильмдер арқылы жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу, сонымен қатар бәсекеге қабілетті ақпарат құралы ретіндегі қызметімізді жалғастыру. Ал жарнамадан табыс түседі, алайда оның көлемінің маңызы жоқ. Түскен соманы біз телеарнаның техникалық жабдықтарын, көлік, отырған ғимаратымыздың жалға алу құнын төлеу үшін жұмсаймыз. Мемлекеттің қаржысы толықтай контентке жұмсалады.
Жас қазақ: Сериал түсіру үрдісін күшейттіңіздер. Бұл өте қомақты қаражатты талап етеді. Сапасы, ұлттық құндылықты насихаттау қаншалықты ескеріліп жатыр?
Ринат Кертаев: Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік арналарға отандық телесериал нарығын дамыту жөнінде тапсырма берілді. Сол уақыттан бері агенттік аталған тапсырманы бұлжытпай орындап, жыл сайын оннан аса картина ұсынып келеді. Елде алғаш рет тау тұлғаларымызға қатысты тарихи сериалдар түсіре бастаған біздің агенттік екенін де ерекше атағым келеді. «Хабардың» бастамасымен түсірілген «Бауыржан Момышұлы» фильмі Севастополь қаласында өткен халықаралық байқауда тарихи туындылардың ішінде лауреат атанды. Сонымен қатар «Қазақтың бұлбұлы» атанған Күләш Байсейітова туралы «Күләш», қазақтың әйгілі күйші композиторы, дәулескер домбырашысы атанған Нұрғиса Тілендиев хақында «Құстар әні» көрерменнің көзайымы атанды. Ал жыл соңына қарай «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов жайлы 4 бөлімді драма көрсетіледі. Қазірті таңда түсірілім басталып кетті.
Күзгі маусымнан бастап көрермен жаңадан түсірілген екі сериалды тамашалап үлгерді. Алғашқысы Баян Есентаеваның продюсерлігімен түсірілген «Өгей жүрек» туындысы. Картинада ең өзекті мәселелердің бірі – жетім балалардың тағдыры суреттеледі. Менің ойымша, тап қазіргі уақытта аталған тақырыпты жиі қозғау керек сияқты. Өйткені көкек аналар көбейіп, балалар ата-анасыз өсуде. Сол себепті болар 12 бөлімнен тұратын телехикая көрермен тарапынан үлкен талқыға түсіп, жақсы бағасын алды. Әлеуметтік желілерде жалғасын сұраушылар да жетіп артылады. Одан кейін Тәуелсіздікке тарту ретінде «Ақылдың кілті. Өмірдастан» телеэпопеясының екінші маусымын көрсеттік. Абайдың ғақлиясына негізделген тарихи драма 19-20 ғасырлардағы қазақтың бастан өткерген тауқыметті тағдырын баяндайды. Қараша айының соңына қарай «Унесенные рейсом» комедиялық сериалын ұсынамыз. Телеөнім пойызда қызмет ететін жолсеріктердің қызыққа толы қызметін арқау етеді. Сондай-ақ өткен жылы рейтингі жағынан алға шыққан «Бәсеке» сериалының жалғасы жоспарлануда. Жыл соңына қарай «Боксшылар» туралы картина да жарыққа шығады.
Осы қадамымыз арқылы бір жағы көрермен сұранысын өтесек, бір жағы отандық сериалдардың сапасын шетелдік өнімдермен теңестірерлік сәтті қадамдар жасадық.

kyzyk-taims
Жас қазақ: Соңғы сұрақты жеке өзіңізге қойсақ. Қателеспесем, тележурналистикадағы алғашқы қадамыңыз осы «Хабар» телеарнасынан басталды. Микрофон ұстаған журналистен, басшылық қызметке дейін өстіңіз. Сіз жалпы «Хабар» телеарнасынсыз өміріңізді елестете аласыз ба?
Ринат Кертаев: Журналист деген – басылымнан бастап, телерадио да жұмыс істеуге қашанда әзір болуы керек. Менің қызметтік жолым аудандық газеттен басталды, кейін қалалық телеарнада шыңдала түстім. «Хабар» агенттігіне алғаш рет осыдан он бес жыл бұрын, яғни 2-курс оқып жүрген кезімде келіппін. Содан бері қарапайым тілші, редактор, продюсер, бас продюсер, арна директоры, қазір Агенттік төрайымының орынбасары лауазымына дейін өстім. Біздің ұжым қашанда ұрпақтар сабақтастығына баса мән берді. Болашақта да осы игі үрдіс жалғасын табады деген ойдамын. Келешекте не болар кім білсін, бірақ «Хабар» агенттігі менің екінші отбасым.
Осыдан 25 жыл бұрын біздер өзінің Астанасы бар жеке, тәуелсіз, азат мемлекетте өмір сүреміз деп ойладық па? Біздің жастарымыз «Болашақ» бағдарламасы немесе өз күштерімен әлемнің озық жоғары оқу орындарында білім алуды армандады ма? Білмеймін. Бірақ бүгінгі күні біз сол мақсаттарға қол жеткіздік, ширек ғасырда үлкен белестерді бағындырып, бейбіт, тұрақты мемлекетке айналдық және ең маңыздысы біз, біздің балаларымыз мәдениеті дамыған, өркениетті елде өмір сүруде. Осы уақыт аралығындағы біздің басты байлығымыз бірлігіміз бен тыныштығымыз. Мұны қадірлей білу керек. Біздің болашағымыз бірлікте! Тәуелсіздігіміз баянды болсын! 25 жылда жеткен жетістіктерімізді дәл қазір айту қиын, дегенмен бірнеше ғасырдан кейін дамыған елдің білімді, ұлт жанды жастары оның бағасын береді деген сенімдемін. Әрбір азамат қолынан келгенше егемендігімізге үлес қосып, Тәуелсіздікке тарту жасауы керек.

Сұхбаттасқан
Елдос Өмірзақұлы

 

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде