Смартфонды жоғалту немесе ұрлатып алу күнделікті өмірде жиі кездеседі. Ешкім де дүниесінің жоғалмайтындығына кепілдік бере алмайды. Телефон ұрланса немесе жоғалтып алсаңыз, ондағы жеке деректерді қалай қорғау қажет? Егер алдын ала сақтанбасаңыз, қандай салдары болуы мүмкін? Көшеден тапқан мүлікті сатып жіберсе, ол – ұрлық па? Jas Qazaq тілшісі сала мамандарынан сұрап білді.
Мұндай жағдайда ең алдымен жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы цифрлық технологиялар маманы Бекжан Қалданұлы тарқатып айтып берді:
«Телефон жоғалту – тек материалдық шығын емес. Ондағы мәліметтердің қаскөйлер қолына түсуі жеке өмірге, қаржылық жағдайға, тіпті жұмысқа да қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан алдын ала сақтану – ең тиімді шешім».
Телефонды жоғалтқан жағдайда деректерді қорғаудың ең сенімді әдісі – алдын ала дайындалу екенін еске салған маман төмендегідей алгоритмдерді ұсынды:
— Күшті пароль мен биометриялық құлып орнату. Сарапшылардың дерегінше, тек 10%-ға жуық қолданушы өз телефонын парольмен қорғайды. Күшті PIN-код немесе саусақ ізі сканері қаскөйлердің құрылғыға кіру мүмкіндігін азайтады.
— «Құрылғыны табу» функциясын қосу. Apple-дың «Find My iPhone» және Android-тың «Find My Device» жүйелері смартфонның орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, қашықтан деректерді өшіріп, құрылғыны құлыптауға болады.
— Маңызды деректердің сақтық көшірмесін жасау. Google Drive немесе iCloud секілді бұлтты сақтау жүйелері деректердің сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл телефон жоғалған жағдайда маңызды ақпаратқа қол жеткізуге көмектеседі.
— Қаржылық қосымшаларды қауіпсіздендіру. Барлық банктік қосымшаларды екі факторлы аутентификациямен (2FA) қорғаңыз. Маманның айтуынша, бұл тәсіл рұқсатсыз кіру қаупін 90%-ға азайтады.
— SIM картаны бұғаттаңыз. Байланыс операторына хабарласып, SIM картаны жауып тастаңыз. Бұл нөмірді заңсыз мақсатта пайдаланудың алдын алады. Банктен ақша шешкісі келгендерге код келмейді.
— Полицияға жүгініңіз. Телефонды IMEI-код арқылы іздеуге болады. Бұл код құрылғыңыздың қорабында немесе «Параметрлер» бөлімінде көрсетілген.
2023 жылғы деректерге сүйенсек, қаржы алаяқтығының 30%-ы смартфон арқылы жасалған. Ұрланған телефон арқылы банктік шоттарға, электрондық төлемдерге рұқсатсыз қол жеткізу ықтимал. Құрылғыдағы хат-хабарлар, фотосуреттер және құжаттар жарияланып кетуі немесе заңсыз мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Егер автоматты кіру (auto-login) функциясы телефоныңызда бұл қосылған болса, қаскөйлер сіздің атыңыздан алаяқтық немесе басқа заңсыз әрекеттер жасалуы мүмкін екенін естен шығармаған жөн.
Ал егер телефонды қалтаңыздан немесе сөмкеңізден ұрласа, бұл Қылмыстық кодекстің 188-бабына (ұрлық) сәйкес қылмыс болып есептеледі. Мұндай жағдайда, телефон жоғалған бойда полицияға хабарласу өте маңызды екенін заңгер Қуат Ауғамбай жеткізді. Бұдан бөлек, ұрлық пен табылған мүліктің ара-жігін ажыратып берді.
«Егер біреу көшеден iPhone тауып алып, оны сатып жіберсе, бұл қылмысқа жатпайды, себебі ол табылған мүлік ретінде қаралады. Егер қалтаңызға, сөмкеңізге арнайы қол сұғып ұрлаған жағдайда қылмыстық құрам бары белгілі. Мұндай жағдайда құзырлы органдар телефонды қылмыстық есепке қойып, оның техникалық деректері арқылы құрылғыны табуға тырысады. Телефон қайта қосылған кезде орналасқан жері анықталады, ал егер ұрлық бейнебақылау камерасымен тіркелсе, күдіктіге қатысты іздеу шаралары жүргізіледі. Бірақ телефон бөлшектеніп немесе басқа адамға сатылып кетсе, оны іздеу қиындайды,»- дейді заңгер. Десе де, маманның пікірінше «тапқан тапқандікі» дегеннен де сақтанған абзал.
Телефонды жоғалтып алудың салдары ауыр болуы мүмкін, бірақ алдын ала сақтық шараларын қолдансаңыз, оны болдырмауға болады. Телефоныңызды сенімді түрде қорғай білу – қазіргі заманғы цифрлық сауаттылықтың маңызды бөлігі. Жеке мәліметтеріңізді қорғау – сіздің өз қолыңызда.
Олжас Әбдіхалық