Балалар арасында телефон ойындарына тәуелділік жиі кездесетін құбылысқа айналды. Бұл мәселеге қатысты психолог Мөлдір Тоқжанова Jas Qazaq-қа сұхбат беріп, тәуелділіктің себептері, оның салдары және алдын алу жолдары туралы ой бөлісті.
Мөлдір Тоқжанова телефон ойындарына тәуелділікті ағзадағы гормондық өзгерістермен байланыстырады. Оның айтуынша, бала ойын барысында жеңіске жеткен сайын ағзасы окситоцин сияқты “ләззат гормонын” бөлшектеп шығарады. Осыдан бала ойыннан қуаныш, бақыт табуды үйренеді. Бірақ, күнделікті өмірде бала жеңіс сезімін басқа жерден сезінбесе немесе ата-ана тарапынан мақтау, қолдау көрмесе, ол эмоциялық орнын толтыру үшін ойынға тәуелді бола бастайды.
«Бұл тәуелділік есірткіге немесе алкогольге деген тәуелділікпен ұқсас сипаттарға ие. Сол себепті, ата-аналар балаларындағы мұндай әдетке бей-жай қарамауы керек», – дейді психолог.
Психолог баланың жынысына қарай тәуелділіктің салдары әртүрлі болатынын атап өтті. Ер балаларда ақыл-ой мен физикалық күш басым болғандықтан, олардың тәуелділігі көбінесе сенімсіздікке, агрессияға және қауіпті әрекеттерге алып келуі мүмкін. Ал қыз балалар, керісінше, эмоцияға жақын болғандықтан, олар өздерін аяуға, өзгелер туралы көбірек ойлауға бейім болады.
«Ер балалардың ішкі жан дүниесі күрделі болғанымен, олар бір нәрсені ойлап шешсе, соны жүзеге асыруға тырысады. Сондықтан ата-аналар баланың эмоционалдық жағдайына ерекше назар аударуы тиіс», – деп кеңес берді маман.
Баланың өзін-өзі бақылау дағдыларын дамыту үшін ата-аналар шектеу қоюдың маңыздылығын түсінуі керек. Психологтың айтуынша, бұл тәртіп бала жасынан қалыптасуы тиіс:
«Бала шектен тыс нәрсені қалап, мысалы, бірден он конфет жеуге ұмтылса, ата-ана оған нақты шектеулер қоюы қажет. “Екі конфет же, үшіншісі артық” деп, дұрыс таңдау жасауға үйрету керек. Осылайша, бала өз қалауын бақылауды үйренеді».
Ата-ананың дұрыс емес жазалау әдістері, мысалы, қарым-қатынасты үзу немесе ұрсу, баланы одан сайын эмоционалдық қиындықтарға итермелейді. Оның орнына, ата-ана балаға жылы сөздермен, бірақ нақты шектеулермен бағыт көрсетуі тиіс.
Телефонға тәуелділікті шектеудің ең тиімді жолы – балаға позитивті әрекеттерді ұсыну. Психолог ойынның орнына кітап оқуға, табиғат аясында серуендеуге немесе шығармашылықпен айналысуға бағыттауды ұсынады.
«Баланы “қой дедім, миың ағып кетеді” деп қорқыту арқылы тәуелділіктен арылта алмаймыз. Оның орнына, “ақылды болу үшін кітап оқиық” немесе “бай болу үшін ақша жинайық” деп, мотивациялық бағыт беру тиімдірек», – дейді Мөлдір Тоқжанова.
Баланың телефонға деген тәуелділігі – ата-ананың бақылауы мен қолдауын қажет ететін маңызды мәселе. Эмоционалдық қолдау көрсету, шектеулерді орынды қою және баланы позитивті іс-әрекеттерге бағыттау арқылы тәуелділіктің алдын алуға болады.
Балаңыздың ойын әлеміне сіңіп кетуіне жол бермеңіз. Тек оның шынайы өмірдегі қуаныштарын көбейтуге көмектесу қажет.
Олжас Әбдіхалық
Фото: shutterstock.com