«Тәж» киген тажалмен тайталас

25 сәуiр 2020, 10:13

#үйдеотыр

Қытайдың Ухань қаласында пайда болып, кейін төрткүл дүниені тітіренткен коронавирус туралы қорқынышты хабар қияндағы Көкшеге де жеткен. Алдымен дақпырты келді. Бірақ, облыс жұртшылығы ол кезде елең еткен жоқ. Өйткені, бұл індеттің қаншалықты қауіпті екендігін сезбеген. Бұрынғы мамыражай уақыттағыдай бірін-бірі қонаққа шақырып, той-томалағын жасап, асын атқара берді. Бірте-бірте алдымен қала жұртшылығы тегіс болмағанымен, жарым-жартылай маска кие бастады.

Елімізде «жоқ» деген коронавирус дерті де тіркеліп үлгерді. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырған екі науқастың тіркелгенін хабарлады. Олар елімізге наурыздың 9 және 12-і күндері Германиядан ұшып келген. Екеуі де іле оқшауланып, тиісті шаралар жүргізілді.

Әлемде эпидемиологиялық жағдай ушығып тұрған кезде азаматтарымыз мемлекетімізде жүргізіліп жатқан сақтық шараларын ұстанып, ең алдымен жеке басының гигиенасын сақтауы қажет. Брифингте сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов, Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина және Ақмола облысындағы білім саласы бойынша бақылау департаментінің басшысы Серік Алтаев өздерінде коронавируске қарсы қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы айта келе, БАҚ өкілдерін коронавирустен сақтану жолдарын насихаттауға шақырды.

28 қаңтардан осы уақытқа дейін облысымызға сырттан 1763 адам келген. Оның 1727-сі Қазақстан азаматтары, 36-сы шетелдіктер. Коронавирус белгілері бар азаматтар стационарларға жатқызылып, бақылауға алынды. Облысымыздағы денсаулық сақтау ұйымдарының жанынан осындай мақсатта үш госпиталь ашылды. Сол күндері 8 адам карантинде жатты. Олардың барлығынан сынақ алынып, жұқпалы індет анықталмады.

Сүлен Ілиясов 12 наурыздан бастап коронавирус инфекциясының бар-жоғын анықтайтын анализ өзімізде жасалатынын айтты. Бұған дейін мұндай зерттеуді тек Нұр-Сұлтан қаласының зертханаларында жасау мүмкін болған еді. Облыстағы емдеу мекемелерінде 144 мың маска, қоймада қосымша 58 мың маска сақтаулы тұрғаны брифингте мәлім болды. Облыстағы дәріханаларды маскалармен қамтамасыз ету шаралары қарастырылуда. «Тыныс» акционерлік қоғамы шикізат болса, маска жасауға келісім беріп отырған көрінеді. Брифинг барысында журналистер спикерлерге толғандырған сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды.

Айта кетейік, бұл күні Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандары журналистерге арнап оқу-жаттығу шарасын жүргізіп, медицина қызметкерлерінің жұқпалы дертке шалдыққан науқастарға дәрігерлік көмек көрсету кезінде киетін арнайы киімдерін көрсетті.

Індеттің қаншалықты қорқынышты екендігі әлеуметтік желілер арқылы жеткен. Жауапкершілігі бар жұрт етек-жеңін жиып, күндегі сабылысты сиреткенімен, қауіптің салмағын әлі де сезіне қойған жоқ. Бұл кезде Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында індет белгі беріп, шым-шымдап ене бастады. Ең алдымен алыс-жақын шет елде жүрген қазақстандықтар мен елдегі шетелдік компанияларда жұмыс істейтін шет елдіктердің вирус инфекциясын әкелу мүмкіндігі айтқыла бастады. Дәл осы уақытта ел пікірі екіге жарылды. Біреулер шекараны ертерек жауып тастау керек еді десе, енді біреулер шет елде жүрген қазақстандықтарды елге оралту парыз екендігін алға тартты. Бәлкім екі пікірдің де жаны бар-ау. Ақмола облысында індеттің қатты өршіген жері, яки ошағы Нұр-Сұлтан қаласынан бес шақырым жердегі «Шапағат» қарттар үйі. Қарттар үйінде екі адам індеттен қаза тауып, 36 адам коронавирустың қармағына ілікті. Сөйтсе, қарттар үйінде жатқан қарияға баласы іздеп келген. Әлгі адамның бойында коронавирус инфекциясы болғандығы анықталды. Сол-ақ екен, онсыз да денсаулықтары нашар, созылмалы әлденеше аурумен ауыратын қарттар баудай түсті. Ең үлкені 99 жастағы қария. Міне, осы кезден бастап ақмолалық ағайын індеттің қаншалықты қауіпті екендігін айқын сезінді. Іле облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте пандемия кезеңінде елімізде коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу  шаралары жөнінде кеңінен ақпарат берілді.

Брифингке  бірқатар ведомстволар басшылары, мемлекеттік мекемелер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова 13 наурыздан бастап елімізде бұқаралық шараларды өткізуге тыйым салынғанын, мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап каникулға шығатынын айтты. Ал, университеттер мен колледждердерде қашықтықтан оқыту жүйесіне көшіріледі. Сондай-ақ, халық көп жиналатын орындарда, базар, діни бағыттағы нысандар, коммуналдық шаруашылық, тамақ өндірісі, қоғамдық тамақтандыру орындары мен вокзал, аэропорт, қонақ үйлерде, сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінде күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим енгізілді. Қоғамдық көліктер, аялдамалар күніне екі рет тазартылып отырылуы керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Елімізде төтенше жағдай жариялау туралы» Жарлығы шыққаннан кейін облыс аумағында күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим енгізілді. Өткен аптадан бері барлық қоғамдық көліктер, адам көп жиналатын орындар, әлеуметтік мекемелер залалсыздандырылуда. Бұл шаралардың тиісті деңгейде жүргізілуін қадағалау мақсатында департамент қызметкерлері БАҚ өкілдерінің қатысуымен бірнеше рет рейд жүргізгенін айта кеткім келеді.

Әлемде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылдың 26 ақпанындағы қаулысына сәйкес, елімізге шет мемлекеттерден келіп жатқан азаматтар үш санат бойынша бақылауға алынды. Бірінші санатқа Франция, Иран, Италия, Испания, Германия мемлекеттері енді. Бұл елдерден келген азаматтар аурудың ешқандай белгілері болмаса да, бірден стационарларға жатқызылады. Еліміздің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің мәліметтеріне сүйенсек, «1 а» санатына енгізілген елдерден бөлек, ҚХР, Оңтүстік Корея мен Шенген аймағының мемлекеттерін қосқанда жиырмадан астам мемлекет «1б» категориясына жатады. Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында коронавируске шалдыққан науқастардың көбеюіне байланысты бүгіннен бастап аталмыш қалаларда карантин жарияланғаны белгілі.

Адамдардың көпшілік жерлерде жиналуын болдырмау мақсатында əкімдіктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында атаулы əлеуметтік көмек (АƏК) онлайн режимінде тағайындалатын болды. Жəрдемақы бірінші кезекте отбасының құрамы, тұратын мекенжайы мен табыс деңгейі өзгермеген отбасыларға тағайындалады. Əлеуметтік көмек қайта тағайындалуы үшін мәліметтер тексеріледі, яғни  тұратын мекенжайы бойынша тіркеу (тіркелім), жылжымайтын мүлік, көліктің бар болуы, табысы және тағы басқа мәліметтер есепке алынады. Отбасы құрамы өзгермеген жағдайда өтініштер қолда бар мәліметтер негізінде қабылданады. Барлық ақпарат пен хабарламалар электронды пошта немесе мессенджерлер арқылы жіберіледі. Айта кетейік, Ақмола облысында ағымдағы жылдың 1 тоқсанында 8348 көп балалы отбасы ішінен АƏК алушылар саны 663 болды.

Осындай жолмен шартсыз ақшалай көмекті тағайындау да қарастырылған. 2020 жылдың бірінші тоқсаны үшін жалақылар бойынша түсулерді тексеру де электронды пошта мен мессенджерлар көмегімен жүзеге асырылады. Əлеуметтік көмекті алушының мәртебесі өзгермеген болса, жеке жоспарда 2020 жылдың бірінші тоқсанына ұқсас  шаралар көрсетіледі. Барлық хабарламалар да электронды түрде жіберіледі.

Өткен жылдың желтоқсан айында 1,5 миллион  қазақстандық көп балалы болуы бойынша жәрдемақыны онлайн режимінде алды.

Індетпен күресте тәртіп те керек екен

Өңірлік коммуникациялар қызметінде коронавируске байланысты елімізде енгізілген төтенше жағдай талаптарының сақталуы жөнінде брифинг өткізілді. Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина қазіргі таңда әлемдегі эпидемиологиялық жағдай күн санап ушығып бара жатқанын айтты. Әлем бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 246 775 адамға жеткен. 8 мыңға жуық адам осы індет салдарынан көз жұмған. Қытай Халық Республикасынан бөлек, коронавирустің ең көп жағдайы Италия мен Испанияда тіркеліп отыр.

–Елімізде де эпидемиологиялық жағдай күрделеніп барады. 20 наурызға дейін Нұр-Сұлтан қаласындакоронавирус жұқтырған 25 адам, Алматы қаласында 22 және Қарағанды қаласында  2 адам анықталды. 22 наурыздан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары карантинге жабылып, сырттан барлық байланыстар тоқтатылды, – деген департамент басшысы Айнагүл Советқызы облысымыздың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері ретінде бұдан бұрын қабылданған осы тақылеттес қаулылар негізінде коронавирустің келуін және таралуын болдырмау шараларын күшейту жөнінде қосымша қаулы қабылдағанын айтты.

Бұл қаулыға сәйкес наурыздың 20-сынан бастап облысымыздағы барлық санаторлық-курорттық нысандар, ірі ойын-сауда орындары, балалар ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, аумағы 2 мың шаршы метрді құрайтын сауда үйлерінің жұмысы уақытша тоқтатылады. Басқа кішігірім сауда орындары жұмысын жалғастыра береді. Алайда, олардың барлығы санитарлық-дезинфекциялық талаптарды қатаң ұстануға тиіс. Яғни, ғимараттың іші  арнайы дезинфекциялық құралдармен кемінде екі рет тазартылып, желдетіліп отыруы қажет.

Ал, сатушыларға маскамен және қолғаптарда жұмыс істеу, тұмау белгілері бар сатушыларды жұмыстан босату, сондай-ақ, сауда орындарында ұзын-сонар кезек қалыптастырмау талабы қойылып отыр. Сондай-ақ, наурыздың 26-сынан бастап балабақшалар да уақытша жабылады. Департамент басшысы облыс тұрғындарына адам көп жиналатын орындарға бармауға, жиын-тойларды кейінге шегере тұруға кеңес берді. Төтенше жағдай талаптарын бұзғандар заңмен жауапқа тартылады.

–Барлық медициналық мекемелерде де карантин енгізілді. Тұмау белгілері бар тұрғындар бірден емханаларға бармай, үйден ем-дом алу  үшінжедел жәрдем бригадасы көбейтіледі. Сондай-ақ, еңбекке уақытша жарамсыздық қағазын онлайн түрде рәсімдеу мәселесі қарастырылуда. Бүгінде Қытайда коронавирус жұқпасының таралуын тоқтатқан шаралардың бірі – адамның өзін-өзі оқшаулауы, жеке басының гигиенасын сақтауы. Италия туралы айтсақ, олар бұл ережелерді ұстанбаған. Соның салдарынан коронавирус аталмыш елде көп тарап кетті, – деді Айнагүл Мусина.

Нұр-Сұлтан қаласында жұқпалы індеттің тез таралып жатқандығына байланысты облысымызда да санитарлық-эпидемилогиялық шараларды күшейтудің маңызы зор. Өйткені, біздің өңір елордаға іргелес орналасқан. Астанада енгізілген төтенше жағдайға орай,біздің облыстың қалаға іргелес жеті елдімекенімен де байланыс уақытша тоқтатылады.

Брифингте Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов сауда нысандарының төтенше жағдай кезіндегі  жұмыс уақыты жөнінде нақтырақ тоқталып өтті. Басқарма басшысының айтуынша, 17 наурызда Қазақстан Республикасының сауда және интеграция, сондай-ақ, денсаулық сақтау министрліктері бірлесіп, сауда нысандарының төтенше жағдай кезіндегі қызметі туралы ортақ жарлық шығарған. Соған сәйкес, азық-түлік маркеттері мен базарлары санитарлық-дезинфекциялық шараларды ұстана отырып, күнделікті штаттық режимде жұмыс істейді. Нан, кондитерлік өнімдер міндетті түрде қаптамада сатылуы керек.

Алғашқы науқас көз жұмды

    Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов облысымызда коронавирус жұқтырған бір адамның тіркеліп, көз жұмғанын айтып өтті.

–Жүргізілген интенсивті терапияға қарамастан №2 облыстық көпбейінді ауруханасында облысымыздың 64 жастағы тұрғыны коронавирус індетінен қаза тапты. Әйел наурыздың 25-і күні таңғы сағат 7.00-де ауруханаға жедел жәрдем көлігімен өте ауыр жағдайда түсті. Алгоритмге сәйкес, жедел респираторлық вирустік жұқпасы бар деген ескертпе жасалып, коронавируске күдікті ретінде есепке алынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының және өз атымнан марқұмның туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамын, – деді басқарма басшысы.

Екі өкпесінің қабынуы, тыныс алуының қиындауы, сонымен қатар қант диабеті салдарынан туындаған сепсис, гипертониялық ауру мен атеросклероз кейуананың өліміне себеп болған. Науқаста пневмония қатерлі індеттің салдарынан пайда болған. Науқас шетелге шықпаған және коронавирус жұқтырғандармен байланыста болмаған. Қазіргі таңда марқұммен байланыста болған тұлғалар карантинге жатқызылып, тиісті зерттеулер жүргізілуде. Брифинг барысында басқарма басшысы Сүлен Ілиясов аталмыш жағдайға байланысты қажетті эпидемиологиялық шаралар жасалып жатқанын айтты.

Ақмола облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Серік Омархановелімізде коронавирустен бір азаматшаның көз жұмғанытуралы жедел хабар түскен бойда, Целиноград аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы коронавирустен көз жұмған науқаспен байланыста болғандарды анықтап, оқшаулағанын айтты. Олардың барлығы медицина қызметкерлерінің жіті бақылауында. Сонымен қатар, марқұмның тұрған үйі де залалсыздандырылады.

Көкшетауда коронавирусқа шалдыққан алғашқы адам тіркелді

Бұл туралы Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясов және Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Брифингте сөз алған басқарма басшысы Сүлен Ілиясов бүгінгі таңда елімізде 369 адам коронавирус жұқтырғанын, оның 15-і біздің облысымызда анықталғанын айтты. Коронавирус жұқтырғандардың саны еліміз бойынша күн санап ұлғайып келеді. Мәселен, бүгінгі күннің өзінде облыста вирус жұқтырған тағы 5 адам  тіркелген. Оның төртеуі коронавирус жұқпасы лабораториялық зерттеулермен расталған науқастармен байланыста болғандар. Олар тері-венерологиялық диспансеріндегі провизорлық стационарда карантинде болған екен. Екі науқас астананың іргесіндегі Қоянды ауылының тұрғындары,  1984 жылы туған әйел адам және 2017 жылы туған бала. Тағы екеуі Целиноград ауданындағы Қосшы ауылының 1962 және 2011 жылғы тұрғындары.

Ал, Көкшетауда коронавирус жұқтырған адам облыстық көпбейінді аурухананың санитары болып шықты. Басқарма басшысының айтуынша,  1962 жылы туған науқас өзін жайсыз сезінгендіктен, терапевтке қаралуға өзі барған. Кешке кешкісін одан тиісті анализдер алынып, коронавирус жұқпасын жұқтырғаны бүгін анықталған.

Науқас Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылған. Қазіргі таңда облыстық ауруханада карантин жарияланды деді Сүлен Ілиясов. Коронавирус жұқтырған әйел адаммен 35 адам байланысты болды деген болжам бар. Олардың барлығы да қазіргі таңда оқшауланған. Оның ішінде науқаспен бірге тұратын отбасының төрт мүшесі де бар. Бұл іске байланысты эпидемиологиялық тексерістер жүргізіліп, науқас жұқпаны қандай жағдайда және  қалай жұқтыруы мүмкін екені анықталып жатыр.

Бүгінгі таңда облыс стационарларында 174 адам жатыр. Жұқпалы аурулар бөлімшесінде 13 адам, Нұр-Сұлтан қаласының фтизиопульмонология бөлімшесінде 2, провизорлық стационарда 94 адам ем қабылдауда. Тағы 65 адам карантиндік стационарларда бақылауда. 362 адам үй карантиніне алынған.

Брифингте сөз алған Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина қазіргі таңда облысымызда коронавирус жұқтырған науқастармен байланысты болған тұлғалар анықталып, олардың үй-жайлары, қоғамдық орындар залалсыздандырылып жатқанын айтты.

Қосымша шектеу шаралары енгізілді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина облысымызда коронавирустің жаңа деректері тіркелгенін айтты.

–Бүгінгі таңда облысымыз бойынша 19 адамның коронавирус жұқтырғаны лабораториялық түрде анықталды. Оның үшеуіне бірер сағат бұрын ғана тиісті диагноздары қойылды. Олардың барлығы бізде бұдан бұрын коронавирус жұқпасына байланысты емханаға жатқызылғандармен байланыста болған тұлғалар. Коронавирустен қаза тапқан Қосшы ауылының тұрғынымен байланыста болған бес адамда аталған жұқпа лабораториялық зерттеулермен расталды, –деді Айнагүл Советқызы. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус жұқтырған азаматпен байланыста болған облысымыздың елордаға іргелес елді мекенінің бес тұрғынында да коронавирус расталып отыр. 1 сәуірге дейінгі жағдай бойынша, Көкшетау қаласында және Шортанды ауданында да бір-бір деректен тіркелгені брифингте айтылды.

­–Эпидемиологиялық жағдайдың күн санап күрделенуіне байланысты мен облыс аумағында қосымша шектеу шараларын енгізу туралы қаулы шығардым. Соған сәйкес, 3 сәуір күні сағат 19.00-ден бастап Целиноград, Шортанды және Аршалы аудандарында қозғалыс тоқтатылатын болды. Ауданға кіретін жолдарға блок бекеттер қойылады. Аталмыш өңірлерге аудан өмірі үшін маңызды, әсіресе, азық-түлік тасымалдайтын көліктерден басқа, кез-келген көліктер кіріп, шыға алмайды. Сол секілді, облыс орталығына кіретін жолдарға да блок бекеттер орнатылады. Ірі супермаркеттердің де жұмысы тоқтатылады. Тек жақын маңайдағы азық-түлік сататын дүкендер ғана жұмыс істейді. Далаға маскасыз шығуға тыйым салынады,– деді облысымыздың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері.

Сонымен қатар, Айнагүл Мусина кейбір ата-аналардың елімізде коронавирус пандемиясының таралуын тоқтатуға байланысты қолға алынған шараларға бейқам қарайтынын сынға алды. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың сыртқа ата-анасыз шығуына тыйым салынған. Бірақ, бұл жағы ескеріле бермейді. Сондай-ақ, жарияланған карантинге қарамастан, балалар ойын алаңдарында ойнауда. Осы орайда, облысымыздың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері облыс тұрғындарын эпидемиологиялық сақтық шараларын қатаң ұстануға және қоғам белсенділерін, үкіметтік емес ұйым өкілдерін осынау маңызды істің бір жағынан шығысуға шақырды.

Сәуірдің 16-ы күнгі сағат 12.30-дағы мәліметке қарағанда, облыста 81 адам індет жұқтырған. Жаңа оқиға тағы да «Шапағат» әлеуметтік орталығында орын алып отыр. Бұл жолы қатерлі дертке осы орталықтың терапевт дәрігері душар болыпты. Ал, облыстың емханаларында 355 адам жатыр. 579 адам үй карантинінде. Целиноград ауданында 73, Аршалы ауданында 3, Көкшетау қаласында 4, Шортанды ауданында 1 адам індетке шалдыққан.   ­

 

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген