
Елімізде «Наурызнаманың» онкүндігі тойланып жатыр. Осы игі шараның қорытынды күні Тазару күніне бағытталады. 23 наурыз күні қазақстандықтар жалпыхалықтық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, әркім тазалықты өзінен бастайды. Аулаларды, көше бойын қоқыстан тазартып, жаңаруға ұмтылады. Жылдан-жылға осы үрдістің дәстүрге айналып, ұлттық сипатқа ие болуы қуантарлық жағдай.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экологиялық мәдениетке айрықша тоқталған болатын. Тұжырымдаманың өзектілігін айқындап, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, бүлдірмеуге, керісінше, бүтіндеуге шақырды. Жалпы ұлттық акция тек науқандық шара деңгейінде қалмай, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға баспалдақ екенін баса айтты. Туған жерге жанашырлық, Отанға деген құрмет, қоршаған ортаның тазалығын сақтау кім-кімге де күнделікті өмір дағдысына айналу қажеттігін ескертті.
«Таза Қазақстан» жобасы – адал азамат тұғырнамасының мызғымас қазығы іспетті. Акция әрдайым Мемлекет басшысының назарында. Мұны жыл басында республикалық Turkistan газетіне берген сұхбатында да айқындай түсті. «Мен Президент ретінде «Таза Қазақстан» акциясын алдағы уақытта да ерекше назарымда ұстаймын. Бұл жұмыстың мән-маңызы өте зор. Себебі «Таза Қазақстан» жұртты үнемшіл әрі ақпейіл болуға, даңғазалықтан арылуға, үнемі ізденіп, алға ұмтылуға, ортақ жауапкершілікті ұмытпауға, елге жанашырлық танытып, қайырымдылық жасауға үндейді. Біздің бастамамызбен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Бұл қадам «Таза Қазақстан» идеясымен толық үндеседі», — деді.
Расында да, акция жалпыхалықтық сипат алып, ұлттық идеологияға айналып келеді.
Тазалық ұғымының мәні тереңде. Осы бір ұғым мемлекеттің болмысына айналғанда ғана көш керуені көшелі бола түседі.
Ел Үкіметі 2024 жылдың күзінде «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын бекіткені мәлім. 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдама 7 бөлімнен тұрады. Экологиялық кодекстің нормаларын негізге ала отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органдарға жүктелген міндет бірі – қоғамда экологиялық мәдениетті дамыту. Бес жылды қамтитын тұжырымдама аясында экологиялық ойлау мен мінез-құлықты түзеу, экологиялық білімді арттырып, ақпараттық насихатты күшейтуге басымдық берілмек. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап қайта өңдеуді жүзеге асыру қолға алынады. 2027 жылға дейін көмілетін қалдық көлемін азайтып, керісінше, өңдеуді арттыруға күш салынады. Қала, аудан, ауылдық жерлердегі көшелер мен аулалар, қоғамдық орындар мен қоршаған ортаның тазалығын қадағалауды күшейту мақсатында бейнебақылау жүйесі жетілдіріледі. Мемлекет басшысы елімізді алдағы үш жылда толық цифрлық елге айналдыруды жүктеді. Соған сай, қоршаған ортаны қадағалау да толыққанды цифрландырудан өтеді. Егер тұжырымдамада жазылғандай, жоба жоспарға сай жүзеге асырылса, мұның пайдасы мол болмақ. Себебі қоғамдық тәртіпті бұзып, табиғатты бүлдірушілердің бет-бейнесі бақылау камералары арқылы анықталып, тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Кәсіпорындар тарапынан да заңды өрескел бұзу тыйылады.

Тағы бір ілкімді шаруа — велосипед жолдарының инфрақұрылымын жақсартып, электромобилдердің электр қуаттау стансаларын салу жоспары іске асырылса, қоршаған ортаның ластануы айтарлықтай азаяды. Экофестиваль, басқа да түрлі іс-шараларды жиі ұйымдастыру арқылы да азаматтардың табиғаты аялауға деген құлшынысын арттыруға болады. Тазалықты әркім өзінен бастағанда ғана, айналаны аман сақтай аласың. Өкінішке қарай табиғат аясында серуенге шыққанда көпшілік баратын орындардың қоқыстың астында қалатыны қынжылтады. Ал тұжырымдамаға сәйкес, келешекте мұндай орындарда қайта өңделетін шикізат үшін бонусты есептейтін экобокстар мен фандоматтар орнатылады.
Алматы облысы Кеген ауданы Жылысай ауылдық округінің әкімі Руслан Кеңесжанұлы «Таза Қазақстан» акциясына өз ауылы қандай үлес қосып жатқанын айтып берді: «Былтырғы жылдың қазан айында ауыл тұрғындарымен бірлесе ауылымыздың бірнеше көшесін бойлай қоршап, ағаш көшеттерін ектік. Міне көктем келіп, ағаштарымыз бүр жарып, жаңа ортаға жерсініп, бейімделіп келеді. Қазақ «атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Жасыл желек жайқалып өссе, ең алдымен ауылдың көркі. 2024 жылы мектеп бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер кездесуге келгенде ауылымыздың іргесінен көпшілік сейілдеп тынығатын саябақ салып, тарту етті. Бүгінде жасыл желегі жайқалып, ағаш көшеттері көкке бойлап өсіп келеді. Ауыл тұрғындары «бір тал кессең, он тал ек» қағидасын берік ұстанады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында халықтың экологиялық мәдениетін нығайту бағытында «Үлгілі ауыл», «Таза аула – таза қала, аудан» деген байқаулар да көпшілікті ынталандырады. Табиғатқа қамқорлық жасау, әр еккен ағаш көшетін күтімге алып баптау, қоқыстан тазартып, көгалдандыруға ұмтылыс артып келеді, – дейді.
«Таза Қазақстан» акциясы тек науқандық бастама, мезеттік іс-шара емес, қоршаған ортаны көркейтіп, айналаны абаттандыруға бағытталған бірегей жоба. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев келешекте «Жасыл мектеп» жобасын жүзеге асыру жоспары тұрғанын айтты. Ведомство басшысының орынбасарының сөзіне сенсек жоба аясында тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылып, су мен энергияны үнемдеу әліппесі үйретіледі. Бұдан басқа мемлекеттік һәм квазимемлекеттік секторда да «Жасыл кеңсе» құрылмақ. Осылайша экологиялық мәдениетті нығайтып, табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, үнемдеу тәсілін күшейтуге басымдық берілмек.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, елімізде орман қорын сақтау және молайту бағытында Мемлекет басшысының тапсырмасы да табысты іске асырылып келеді. Жалпы 2 млрд көшет егу жөніндегі бастама аясында бүгінге дейін 1,5 млрд көшет егілді, ал биыл 208 миллионнан астам көшет отырғызу жоспарланып отыр. Орман өрттерінің алдын алу үшін техника паркі жаңартылып, өртті ерте анықтау жүйесінің қамту аумағы кеңейтіліп келеді. Тек былтырдың өзінде «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 1 250 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған 6,4 миллионнан астам азамат қатысты. 795 мың тонна қалдық жиналып, 1 млн гектардан астам аумақ тазартылды, 2,8 млн ағаш отырғызылды.
Биыл да елімізде бұл игі бастама жалғасын таппақ. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы «Батыс-Алтай» мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері директордың ғылым жөніндегі орынбасары С.Баянбаевтың жетекшілігімен Риддер қаласында 120 түп ағаш көшетін отырғызуды жоспарлап отыр.
Сол сияқты еліміздің ірілі-ұсақты елді мекендерінде тазару һәм жасыл желек отырғызу жұмысы қарқынды жүргізілетіні сөзсіз.
Түйіндей айтқанда, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы әркімнің өзінен басталады. Қоршаған ортаның тазалығына жанашырлықпен қарау экологиялық мәдениеттің баспалдағы болса керек.
Қуан Көшек