Тау иесін құтқару

21 маусым 2019, 13:50

    3 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет қар барысын қорғау бойынша халықаралық конференция өтеді. Ел аумағында ілбіс мекендейтін 12 елдің өкілдері жиынға қатысуға ниет білдіріп отыр. Сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасының (UNDP), Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) және басқа да халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарының сарапшылары келмек. Шараның Snow Leopard Foundation жеке халықаралық қоры ұйымдастырып отыр. Бір жыл бұрын қазақстандық меценат, бизнесмен және қоғам қайраткері Нұрәлі Әлиев қор негізін қалап, әрі құрылтайшысы болған еді. Бізге Snow Leopard Foundation қорының басшысы Ержан Еркінбаев алдағы конференция туралы ойларын, таудың бірегей аңын сақтауға бағытталған әлемдік ғылыми қауымдастықтың жұмысына елімізідң үлесі төңірегінде әңгімелеп берді.

Jas qazaq: Ержан Мәлікұлы, оқырмандарымызға қар барысын зерттеуге және қорғауға маманданған қор құру идеясы туралы әңгімелеп берсеңіз? 

Ержан Еркінбаев:  Ілбіс – тәуелсіз Қазақстанның символдарының бірі, ал символдық түрлерге қамқорлық жасау табиғатты қорғау қызметі үшін өте маңызды, оның үстіне барыстың көбеюі күрт қысқарды. Мен бірнеше жыл бойы «Шымбұлақ» тау шаңғысы курортының директоры болып қызмет еттім. Сол кезде жұмыс істеген барлық құтқарушылар Іле Алатауында қар барыстарын көргенін және олар Іле Алатауы ұлттық паркіне келушілердің аңдарды квадроциклдермен қуып, олардың әдеттегі тіршілік ету орындарын тастап кетуіне мәжбүрлейтін айтып отыратын. Елімізде қар барысын қорғау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіле ме? Сол туралы білу үшін өткен жылдың басында халықаралық табиғатты қорғау ұйымдарының қазақстандық өкілдерімен кездестім. БҰҰДБ жобасының үйлестірушісі Талғат Кертешевпен әңгімелестік, ол арнайы қор бар екенін айтты. Ауыл шаруашылығы министрлігі тиісті қаражат бөледі, бірақ іс жүзінде, қабылданған шаралар тиімсіз екенін де тілге тиек етті. Мемлекеттік құрылымдарға осындай бағдарламаларды жүзеге асыру үшін икемділік пен ұтқырлық жетпей жатады. Ал жеке қорлар үшін әдетте қажетті ресурстар мен қаржыландыру жоқтың қасы. Сол кезде біз жеке табиғатты қорғау қорларының жұмыс істеу мәселелерін Нұрәлі Әлиевпен бірге талқыладық. Жануарлардың сирек түрлерін қорғау әлемдік тәжірибеде барын ескеріп, Snow Leopard Foundation қорын құру идеясы пайда болды. Менде ілбістердің көбеюін сақтау және зерттеу жұмысына септігін тигізетін ақпарат көп болды.

Jas qazaq:  Snow Leopard Foundation жұмысының бірінші жылының қорытындысын бағалай отырып, қол жеткізген нәтижелер туралы не айтуға болады?

Ержан Еркінбаев: Ең алдымен, біз Зоология институтының мамандарымен кездестік. Мұнда бір кездері қар барысын зерттеу бойынша күшті ғылыми база болған. Өкінішке қарай, соңғы жылдары ғылыми жұмыстарды қаржыландыру деңгейі мардымсыз күйде. Бірақ қиындықтарға қарамастан, қар барысын зерттеуге ондаған жылдар арнап, көптеген құнды ғылыми материалдар жинаған ғалымдар қалды. Қор Зоология институтымен бірлесіп қар барысын сақтау бойынша биологиялық негіздемеленген ұсыныстар мен әдістемелер әзірлеуге келісімшарт жасады. Нәтижесінде бізге биологиялық негіздеме ұсынылды. Онда популяцияны сақтау және қайта жаңғыртудағы шарттардың бірі ретінде Іле Алатауы тауларында жыртқыштарды табиғи мекеніне қайта реинтродукциялау мүмкіндігі мен қар барысының қайта көбеюі үшін питомник құрылысы қарастырылды. Біз барлық қажетті өлшемдерге сәйкес учаскені тауып алдық. Қазіргі уақытта АШМ-мен ұйымдастыру мәселелерін талқылаудамыз. Питомникті құру Іле Алатау ұлттық табиғи паркі әкімшілігінің, Зоология институтының және қордың бірлескен ғылыми жұмысына айналмақ.  Алғашқы жылы Алматы аймағындағы барыстар популяциясының көлемін бағалауға және жыртқыштың тіршілік етуіне әсер ететін барлық факторларды зерттеуге тырыстық. Қаржылай қолдау арқасында Іле Алатауы тауларында жұмыс істеген ғылыми экспедицияны қажетті жабдықтармен жарақтандыруға қол жеткізілді. Ғалымдар Алматы облысының таулы шатқалында үлкен жұмыс атқарды. Жыл бойы Алматы маңындағы шатқалдарға 50-ге жуық фототұзақтар орнаттық. Бақытымызға қарай, бейнежазбаға қар барысының ересегі де, аландар да түсті.  Бұл түз тағысының қайта көбеюінен хабар береді.

Jas qazaq:  Қазақстан алғаш рет қар барысын зерттеу және қорғау мәселелеріне арналған халықаралық конференция  өткізбек. Мұның өзге іс-шаралардан айырмашылығы неде?      

Ержан Еркінбаев: Конференция тақырыбы: «Қар барысын сақтау: популяция жағдайы, ландшафттарды басқару және трансшекаралық ынтымақтастық» деп аталады. Біз ілбіс мекендейтін 12 елдің қатысушыларын, халықаралық ұйымдардың сарапшыларын, ғалымдарды, салалық мекемелердің қызметкерлерін шақырдық. Мамандармен қарым-қатынасты ұйымдастыруда халықаралық  Snow Leopard Trust қоры үлкен көмек көрсетті. Сондай-ақ атақты швед саяхатшысы, Халықаралық табиғатты қорғау одағының елшісі Йохан Нильсон шақырылды. Ол тек іс-шараға қатысуды растап қана қоймай, сонымен қатар тауларда өмір сүріп, қар барысын табиғи мекенінде суретке түсіру үшін Қазақстанға алдын ала келуді жоспарлап отыр. Конференция аясында қар барысын сақтау мақсатында трансшекаралық ынтымақтастық туралы меморандумды презентациялау және ғылыми мақұлдау, сондай-ақ біздің қор мен БҰҰДБ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды талқылау жоспарлануда. Қонақтар бірыңғай ақпараттық орталық құру жобасын талқылайды. Бүкіл ареал аумағындағы жануарлар туралы толық ақпаратты қамтитын бірыңғай деректер базасын құру қажет. Бұл базаны құруда жасанды интеллект технологиясына басымдық беріледі. Соның арқасында көптеген фотосуреттерге қол жеткізуден үміттіміз. Мұндай орталықтың Алматыда да пайда боларына сенімдіміз.

Jas qazaq: Сіздің бағалауыңыз бойынша, бүгінгі таңда еліміз аумағында және атап айтқанда, Алматы өңірінде қанша барыс тіршілік етеді?                        

Ержан Еркінбаев:  Алдын ала бағалау бойынша, Қазақстан аумағында шамамен 130-140 бас мекендейді. Оның ішінде 40-ы Алматы өңірінде, қалғандары Жоңғар Алатауында және Алтайда. Әзірге нақты дерек айту қиын. Себебі барыстар үнемі қоныс аударып отырады. Бізге фототұзақтағы суреттер туралы да нақты айту қиын. Олар үйірімен жүр ме, әлде жеке жүргені түсініксіз.  Мұны нақтылау үшін мұқият талдау, биологиялық сараптама, қымбат тұратын зертханалық генетикалық зерттеулер жүргізу қажет. Бүгінгі күні Зоология институтының ғылыми базасы да мұндай зерттеулерді жүргізуге даяр емес. Алайда оның нәтижелерді білуге  қар барысы мекендейтін барлық елдер зәру. Сондықтан біздің қор БҰҰДБ-мен бірлесіп, осындай зерттеулер жүргізу үшін зертхана ашу идеясын жария етті.

Jas qazaq: Қар барысын зерттеуде қандай елдер үлкен жетістіктерге жетті?                       

Ержан Еркінбаев: Ешқайсысын жетістікке жетті деп айта алмаймын. Бірақ әрқайсысының озық жақтары бар. Қытайда ең көп популяция тіркелген. Соңғы жылдары Ресей үлкен жұмыс жүргізіп келеді.  Алтайда мамандандырылған питомниктің құрылысы басталды. Үндістанның жақсы ғылыми базасы бар, онда мықты ғалымдар мен фотографтар жұмыс істейді. Моңғолияда қар барысының  саны жиі тіркелген. Онда БҰҰДБ, Snow Leopard Trust, WWF және басқа да халықаралық ұйымдардың сарапшылары белсенді жұмыс істейді, қолдау көрсетеді және ғылыми әлеуетті арттырады.

Jas qazaq: Snow Leopard Foundation қорының құрылуымен қар барысын қорғау процесінде үйлестіруші рөл Қазақстанға өте ме? Басқа елдердің өкілдері бұған қалай қарады?                                                 

Ержан Еркінбаев: Шындығына келсек, біз қызғаныш пен бәсекелестіктен қауіптендік. Бірақ барлық он екі мемлекеттің өкілдері қорды құру және конференцияны өткізу идеясын қолдады. Біз еліміздің қар барысы популяциясын сақтау бойынша қозғалыста жетекші орында болғанын қалаймыз. Әзірше біздің қор жаңадан құрылған. Бірақ бізде қажетті материалдық ресурс жеткілікті. Ең бастысы – аумағында қар барысы тұратын мемлекеттер және бүкіл табиғатты қорғау қоғамдастығы тарапынан қолдау бар.

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

Фото Салторе Сапарбаев

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?