Соңғы уақытта бір-біріне ұқсас ән көбейіп кетті деген жұртшылықтың күңкілін жиі естиміз. Әсіресе жас әншілердің жеңіл әуенге үйір болуын айтатындар көп. Алдыңғы буынның аузынан шыққан сөз ғана емес, бүгінгі жастардың да өмірге толассыз келе беретін әндерден гөрі, сапалы туындының болғанын қалайтындар да бар. Осы ой төңірегінде әнші, композитор Өктем Алтаевпен әңгімелескен едік.
Жас қазақ: Сіздің «Ақ сәуле», «Қарындасым» деп аталатын әніңіздің шыққанына көп уақыт болса да, әлі халық жадында. Өміршеңдігін жойған жоқ. Ал бүгінгі «хит» деген кейбір ән жыл өтпей жатып, ұмытылып қалады. Осының себебі неде деп ойлайсыз?
Өктем Алтаев: Қазіргі өскелең ұрпақ қартайғанда не тыңдайды екен деген ой маған үнемі келеді. Себебі бүгінгі әннің көп бөлігі жарқ етіп шығып, лезде жоқ болып кетуде. Мұндай өміршең болмайтын әнді «хит» деп айтуға болмайтын секілді. Ал бұрынғы хит әнді естігенде өткенге оралта алатын қандайда бір күші бар-тын. Әннің бүкіл болмыс-тамыры, әуезі мен иірімі бойыңды сезімге билете алады. Сонысымен де жадыңда мәңгілікке қалатын. Кез келген адамның жастық шағынан өмірдің ыстық-суығын суреттейтін кезеңдерінің әуенге сыйған тұстары көп-ақ. Ал бүгін бар, ертең жоқ әндер «естелік» бола алатыны күмәнді. Қазір «2010-ның хиты», «2011-дың хиты». Қарап тұрсаң, «өмірі» бір маусымға ғана жетеді. Келесі жылы басқа ән шығып, әлгі ән мүлде ұмыт болады. Бізде «хит» деген сөзді кез келген жерге тықпалай береді. Ол сонысымен де мәнісін жоғалтып алған. Ел ішінде «Шәмшінің әні шырқалғанда, бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болады» деген сөз бар. Міне, мұны хит деп айта аламыз. Бүкіл қауым қосылып шырқайтын ән. Ал әлгі мерзімі бір жылды қамтитын әуенді хит деу артық. Кәдімгі өткінші жаңбыр секілді дүние ғой. Мұндай ғұмыры қысқа әннің шығуының басты себебі – ұлттық құнардың жоқтығы. Қазақ қашаннан да қазақ, мұнан кейін де қазақ болып қалады. Әннің тұла бойынан қазақтың иісі шығып тұруы керек-ақ. Ол мейлі эстрада, мейлі басқа жанр болсын. Дегенмен де, мұндай дүниенің бола беретіні белгілі. Бірақ оны хит деп айтудың қажеті жоқ.
Жас қазақ: Жас әншілер әнді қалай таңдайды?
Өктем Алтаев: Қазіргі жас әншілердің басым бөлігі әуені мен сөзі жеңіл келетін әнге әуес келеді. Мұнан кейін талғамның жоғалуы пайда болады емес пе?! Арнайы заң қабылданып, талап күшейтілмесе, мұның жалғаса беретіні ақиқат. Тыңдарманға да байланысты. Егер де ол әнді қабылдамаса, әнге де, әншіге де сұраныс болмайды. Сол себепті қазір бізде «тастанды» ән көбейіп кетті. Әннің мәтіні қазақ тілінде шырқалғанмен, түріктің, қырғыздың басқа да өзге ұлттың әні болып шығады. Бұл өнерге тәй-тәй басқандарға тәжірибе үшін ғана керек. Бірақ бейнебаян түсіріп, сахнаға алып шығудың керегі жоқ деп ойлаймын. Құдды бір сатқынның іс-әрекеті секілді. Өз ұлтыңнан қыз алу керек деген сияқты, ән шырқағанда да өз ұлтыңның әнін шырқау ләзім. Музыка әдебиеті деген бар. Осыны оқымайтындар көбейді. Содан келіп, Ақан серіге қарап бой түземегеннен ұлттық бояуы жоқ ән өмірге келеді. Ән айтуға, яғни жұлдыз болуға құмартатын жастар көп. Меніңше, икемің келетін бір саланы таңдап, соның шыңына шыққаның дұрыс. Ал жастарға бір нәрсені айтсаң, көре алмайды деп ойлайтындар табылады. Біз кіші буынға көреалмаушылықтан емес, көргендігімізден айтамыз. Біз алдыңғы буынға да, бізден үлкен буынға да қарап келе жатырмыз. Осындай тепе-теңдік сақталғанда тың дүниелер бола береді. Менің тілегім, жас әнші аға әншіге жеткенде, өзінен ұялмаса екен деген тілек.
Жас қазақ:Сіздің халық жүрегінен жол тапқан әндеріңіз дүниеге қалай келді?
Өктем Алтаев: Кезінде Алла Пугачева секілді өзге ұлттың әндеріне біздің халық елітіп жүрген кезең болды. Концерттерде, мейрамханаларда қазақтың әндерінің тыңдалмайтынына намыстан өліп кетуші едік. Біз өзіміз ана тіліміздегі әндер тыңдалса екен дейтінбіз. Осыны мақсат қылдық. Қазақтың мойнын бұрғызу үшін өзімізде де сүйіп тыңдайтын әндердің бар екенін білдірдік десем, артық айтқандық емес. Халық сол қасиетімізді жақсы көрді. Бүгінгі жас өнерпаз әні ұмыт болса, өзінің де ұмыт болатынын түсінсе екен деймін.