Тас түрмедегі өкініш

19 қантар 2018, 12:39

Бүгінгі кейіпкеріміз – Сириядағы қарулы қақтығысқа кетіп бара жатқанда ұсталған атыраулық жігіт. Салафизм, уахабизм, тәкфиризм ағымдарына уланғандар Сирияда «қасиетті соғыс» жүріп жатыр деген пікірде. Сол жаққа өту үшін әлгі жігіт, тіпті баспанасын да сатып жіберген. Діттеген жеріне Ресей арқылы жетпек болған ол Атырау облысы Құрманғазы ауданының Ресеймен шектесетін шекара маңында қолға түседі. Өзі болса бір сәрі, жұбайымен бірге, бала-шағасын да от пен оқтың ортасына алып бара жатыпты. Тұтқындағы азамат осыдан 3 жыл бұрын болған сол бір қайғылы оқиғаны күрсіне отырып еске алады.

«Имамға емес, интернетке жүгіндім»

Аты-жөнін жарияламауымызды өтінген, енді ғана отыздан асқан жігіт «Соншалықты қалай ғана көзсіз сенімге түскеніме әлі күнге дейін қайран қаламын. Қазір ойлап отырсам, біз сол кезде исламдағы жұмсақтық деген дүниені мүлде ұмыт қалдырған екенбіз. Дінге қызығушылығым осыдан он жыл бұрын, яғни 2007 жылы басталды. Ол кезде небары 21-дегі албырт жас едім. Оң-солыма байыптай қарай бермейтінім тағы бар, бірге жүрген, намазды өзімнен бұрын бастаған жігіттердің сөзіне имандай сенетінмін. Мен үшін олардың айтқан үкімі, пәтуасы – бұлжымайтын заң. Рас, намазды бастапқыда жергілікті мешіттен үйрендім. Кейін дінге қызығушылығымды байқаған ауылдас жігіттер мені өзіне тарта бастады. Бір сұрақтың жауабын алу үшін имамға барғаннан гөрі, қолда жүрген телефон арқылы интернеттен ілім іздеген әлдеқайда жеңілірек көрінді. Ділмұрат, Назратулла, Ринаттардың (діни сарапшылар бұларды жат ағымды насихаттаушы деп үкім берген – авт.) бейнеуағызын тыңдап жүріп, нағыз жұмақ Сирияда деген шешімге келдім. Сол кезде мені үйемелі-сүйемелі балаларымның да, жолдасымның да болашағы ойландырған жоқ» – дейді.
«Мен жалғыз емес едім. Жанымда жолдас жігіттерім болды» – деп сөзін жалғады ол. «Сол жігіттердің бір-екеуі жасырын жолмен Сирияға аттанып кетті. Мен Ресей – Түркия – Сирия сызбасымен өткім келді. Ол кезде кішігірім бизнесім де болатын. Ресеймен екі ортада тауар тасымалдап, сауда-саттықпен айналысып жүрдім. Сол уақыт аралығында Мысыр Араб республикасының Александрия қаласына барып, алты айдай араб тілі курсын меңгеріп келдім. Бірақ бұдан діни білімім жоғарылап кетті деп ойламаймын. Рас, Сириядағы қақтығысты «Жиһад емес, хауариждердің саяси бүлігі» деп баға берген азаматтарға шейхтар айтқан дәлелді келтіріп, өз білгенімді өзгеге мойындатуға тырыстым. Абдулуаһһабтың (жат ағымның негізін қалаушы – авт.) «Усулус-Саласа», яғни «Үш негіз» атты кітабын оқып, исламды өзімнің ыңғайыма қарай бейімдеп алуға да тырысып жүрдім. Қазір ойлап отырсам, біз күпірліктен көз ашпаған екенбіз» – деп күйінеді.

«Мен неден қателестім?»

«Мен неден қателестім? «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологтарымен құрылған сұхбаттан кейін, өзіме осы сұрақты жиі қоятын болдым» деп бізге ағынан жарылды ол. Одан ары кейіпкеріміз өз ойын былай сабақтады: «Ең алдымен мұсылманға мінездің жұмсақтығы керек екен. Біз болсақ, барлық мәселеге қатқыл қарай бердік. Намаз оқымайтындардың барлығын кәпірге теңедік. Ал шындығына келгенде, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқандай, шынайы мұсылман өзгеге тілімен де, ісімен де зиянын тигізбеуі тиіс екен. Салафилік, уахабилік идеологияға уланғандар «бидғат», яғни дінге енгізілген жаңалық деп ұлардай шулап жүрген қазақтың дәстүрлері, келіннің сәлем салуы, марқұмға садақа беру мәселесі де исламмен астасқан дүниелер. Түсінгенім, өзін шейх деп насихаттап жүрген жат идеологияны таратушылар Құранды да, хадисті де бұрмалайды. Өзінің ыңғайына немесе сол белгілі бір ұйымның саясатына қарай бейімдеп түсіндіреді. Асылында, адамның барлығы бірдей. Қазақтың данышпаны Абай Құнанбаевтың «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзінің астарында терең мән-мағына жатқанын енді ғана ұқтым. Ең маңыздысы – жүректегі иман екен. Алланың діні ата-анаға, өскен ортаға құрмет көрсетуден басталады. Біз Алланың қалауымен Қазақстанның азаматы атандық. Ендеше, Отанымыздың гүлденуіне үлес қосып, тәртіпке бағынуға міндеттіміз. Осыны түсінбей, тура жолдан адасыппын» деп сөзін түйіндеді.

«Қателігімді қайталамаймын»

Санаулы уақыттан соң кейіпкеріміз бостандыққа шығады. «Еркіндікке шыққан соң отбасыма көңіл бөлемін. Кәсібімді жалғастырып, балаларымның болашағы үшін еңбек етемін. Осы уақытқа дейін намаздан қол үзбедім. Сәждеден бас алғым да келмейді. Бірақ әр әрекетімді мешіт имамдарымен ақылдасып отырып атқарамын. Қазақ даласына ықылым заманнан тараған Әбу Ханифа мәзһабы – бүгінгі ұрпақ үшін тура жол көрсететін бағдаршамға айналса екен деп те тілеймін» деген кейіпкеріміз дінге қызығушылық танытқан жастарды мүфтият жанындағы медреселерде білім алуға үндеп отыр.
Атыраудағы УГ-157/9 түзеу мекемесінен шығып бара жатқан бізді кейіпкеріміздің осы бір ауыз сөзі ойландырып тастады.

Жазып алған
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облысы

16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде
05 шiлде, 14:06
Түркістан: Төлеби ауданында профилактикалық іс-шаралар басталды