Тараз қаласында «Қайырымды жан-2017» атауымен меценаттардың қайырымдылық балы болып өтті. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында қолға алынған шара облыс аумағында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Жамбыл облысында қамкөңіл жандарға қайырымдылық жасап, қайырын көріп жүрген азаматтар жетерлік. Сол өзіндегісін өзгеден аямайтын жандардың басын қосқан салтанатты кешке 100 ден аса қонақ шақырылыпты. Келгендердің көңілін көтеру үшін ән де шырқалды, би де биленді, қазақ ұлттық киімдерінің үздік топтамасы да көрсетілді. Ал, меймандар болса, қайырымдылық қорабына қалағандарынша қаражат қалдырды.
– Бұл балға біз 2015, 2016, 2017, яғни, жаңа бағыт шыққалы бері Ассамблеяның құрамында жүрген еліміздің ірі-ірі меценаттарын шақырып отырмыз. Шақырған қонақтардың бәрі келді. Бұл дегеніміз – сол кісілердің жүректерінің үлкен екенін көрсетеді, – деді Қазақстан халқы ассамблеясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Маржан Қожаева.
Қайырымдылық жасау – халқымыздың ежелген келе жатқан игі дәстүрі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жыл сайын өтіп тұратын болды. Ел игілігі үшін барын аямаған жандарды көпшілік білуі керек. Осындай істермен көзге түсіп, жомарттық танытып жүрген бірқатар азаматтар, қайырымдылық пен мейірімділік жолындағы қызметтері үшін Жамбыл облысы әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
– Біздің фирмамыз әр жылы балалар үйінен 250 бала әкеліп, сыйлығын беріп, Жаңа жылда оларды арнайы құттықтаймыз. Әрдайым қайырымдылық істеуге асығып, мұқтаж жандардың жанынан табылуға тырысып жатамыз, — дейді кеш қатысушысы Жамбыл облыстық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы әрі жеке кәсіпкер Махмуджон Даврышев.
Ал, жеке кәсіпкер Сәрсенбек Салыбаев болса, мұқтаж жандарға қол ұшын созуға ардайым дайын жандардың бірі. Ол да әр азамат қолдан келгенше қайырымдылық жасауы керек деп есептейді.
Осылайша, Жамбыл облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған, меценаттардың басын қосқан қайырымдылық балы өтті. Аталған шарадан түскен барлық қаражат мүмкіндігі шектеулі балалардың қажетіне жұмсалатын болады.
Мұратхан Әлімхан,
Жамбыл облысы