Талпақ танаудың әлегі

27 қараша 2020, 12:12

 

Ғабит Мүсіреповтың «Талпақ танау» деген әңгімесі бар. Онда қазақ ауылына алғаш рет шошқаның келуі суреттеледі. Әңгімеде ауылға әкелген талпақ танауды қазақтардың бірден қабылдамауы, таңдануы, тіпті малға теңемей, арбадан түсіруге жиіркенгендері ащы әжуамен айтылады. Одан бері бір ғасыр өтті. Қазақ талпақ танау десе, әлі де тіксініп тұрады. Мәселен, Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының тұрғындары да шошқа өсіретін қожалықтың жабылуын талап етті.

Әкімді шақырып, ауылды, ауаны ластаған, экологияны бүлдірген шаруашылыққа тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Бестамақтықтардың айтуынша, шошқа нәжісі ауылды тұншықтырып, айналаны ластап, өзенді былғап, жұрттың мазасын қашырған. Экологиялық талапты орындамаған шаруашылықтың жабылуын талап еткен бестамақтықтардың сөзінше, шошқа шаруашылығының айналасына келтірген залалы шаш етектен көрінеді.

Жазушы әңгімесінде айтылғандай, бір ғасыр бұрын қазақ жеріне әкелген талпақ танаулар ауылды, ескі қорымдарды қалай қорыс-қопасын шығарса, бүгінгі даулы шаруашылықтың бағымындағы мақұлық Есет батыр жатқан қорымның етегінде жайылады екен. КТК телеарнасына жанайқайын жеткізген тұрғын ауыл іргесіне 300 талпақ танаудың өлексесі мен ішек-қарнын көмгенін айтады. Оны қожалықтың қызметкерлері растап отыр. Оны қойшы, діндар қауымның намысына тигені басқа әңгіме. Шошқа шаруа қожалығының иесі, кәсіпкер Гайк Тертерян қазір шетелде жүрген көрінеді. Сол жақтан «сәлем» жолдаған кәсіпкер біртүрлі әңгіме айтып, елдің ашуына тиді. Ол «Шаруашылықтан түскен қаржы мешіттің де қажетіне жұмсалады» депті.

Біз мәселенің мәнін білу үшін ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне хабарластық. Әріптестеріміз бізге Алға ауданының бас имамы Әбдіуахит Әбдірасуловтың осы мәселеге қатысты айтқан пікірін ұсынды. Имам: «Парижская коммуна» ЖШС құрылтайшысы Гайк Тертерян Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылындағы жағдайға байланысты берген сұхбатында: «…Бұдан басқа, мен жүздеген миллион теңгені ауданның бюджетіне салық түрінде төлейтінімізді айтқым келеді. Бұған мешіттерді, мектептерді ұстап, мұғалімдердің еңбекақылары төленеді және тағысын тағылар», – деген пікір білдіріпті. Шамасы Тертерян мырза аудан бюджетіне төлеп жатқан салығынан мешіттердің де шығындары өтеледі деп ойласа керек. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бюджеттен мешіттердің шығынын өтеуге қаражат бөлінбейді. Жалпы Алға ауданында 4 мешіт бар. Олардың барлығының да коммуналдық шығындары жергілікті жамағаттың демеушілігімен және садақасымен төленеді. Алла Тағала ел тұрақтылығы мен бірлігін бекемдеп, баршамызды алауыздықтан сақтағай!» дейді. Осылайша, кәсіпкердің уәжі орынсыз боп шықты.

…Сөйтіп, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин талапшыл тұрғындармен кездесті. Кездесу қорытындысы бойынша шаруашылыққа мынадай талап қойылды. Шошқа қораны жабу. Не болмаса, шошқаның орнына басқа мал өсіру. Алайда Тертерян шошқа қораны бір күнде жауып, талпақ танауды аштан қатыра салу қауіпті екенін, жұқпалы ауру таралатынын айтыпты. Мәселе шошқаны қырып, қораны жабуда емес, әңгіменің салмағы қоршаған ортаның тазалығы, жергілікті тұрғындардың салт-дәстүрі мен мәдени құндылықтарына құрметпен қарауға кеп тірелсе керек.

Жарас ШӨКЕ

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген