Талғат Байеділов: Халық үніне әрдайым құлақ асамыз

24 сәуiр, 14:22

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру арқылы азаматтардың кез келген сауалына жедел жауап қатуды міндеттеген болатын. Соған орай, билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыс тетіктері де жаңғыртылды.

Бүкіл елдегідей, бүгінде Алматы облысында да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Jasqazaq.kz тілшісі Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовпен осы тақырыпта әңгіме-дүкен құрды.

– Талғат Ескендірұлы, алғашқы сауалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына қатысты қойсам. Билік пен бұқара арасына көпір орнататын саяси тұжырымдама аясында өтетін «Ашық есік» күнінде тұрғындардың айтқан өтініштері орындалып келе ме?

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сапалы іске асыру шеңберінде жеке және заңды тұлғаларға әр айдың бірінші және соңғы сәрсенбісінде жеке қабылдау өткіземін. Бұдан сырт, бекітілген кестеге сәйкес, тұрақты түрде әр ауылдық округ тұрғындар алдында есеп беру кездесулерін ұйымдастырады. Міне, осындай кездесулер барысында тұрғындардың көтерген өзекті мәселелері бойынша арнайы іс-қимыл жоспары әзірленіп, орындалуы тұрақты бақылауға алынады. Сонымен қатар, әрбір кездесуден кейін тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдаймын. Айталық, биыл жыл басынан бері 37 азамат жеке қабылдауымда болып, 53 мәселе көтерілді. Осы көтерілген мәселелер бойынша 26 тапсырма берілді. Қазіргі уақытта оның 13-і орындалды, қалған 13-і орындалып жатыр. Сондай-ақ азаматтарды қабылдау барысында 27 мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

— Сіздің жеке қабылдауыңызға келген азаматтар көбіне қандай мәселелерді көтереді?

— Азаматтарды қабылдауда көтерілген мәселелер дені мынадай: тұрғын үй бойынша – 25, жер – 5, коммуналдық шаруашылық – 11, жол – 4, әлеуметтік – 4, денсаулық – 1, мәдениет саласы бойынша 1 түйткілді мәселе айтылды. Бұдан бөлек, азық-түлік бағасының қымбаттауы, ауданда қарттар үйін ашу жөнінде де мәселе көтерілді.

— Азаматтардың талап-тілегін орындауға қатысты нақты мысал келтіре аласыз ба?

— Бірер мысал келтірсем, Ават ауылдық округінің тұрғыны Махмуд Досқалиев деген азамат Бөлек ауылында ұялы байланыс желісінің нашарлығын жеткізді. Көтерген мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан ұялы байланыс операторларымен интернет пен ұялы байланыстың сапасын арттыру үшін қосымша тірек станцияларын орнату жұмыстары жүргізілді. Бүгінде ұялы байланыс операторлары осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар Саймасай ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылының тұрғыны Руземов Тохтахун ауылда дәрігерлік амбулатория салу жөнінде ұсыныс айтты. Бұл мәселені орындау үшін ағымдағы жылы бюджеттен 50 миллион теңге көлемінде қаражат бөлу қарастырылып, БМК құрылысын жүргізу жоспарланып қойды.

– Дұрыс екен. Еңбекшіқазақ ауданы Алматы облысындағы ең іргелі ауданның бірі саналады. Ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал өсіру мен егістікті өркендетіп отырған өлкеде жер игеру мәселесі қалай шешілуде? Өйткені бұл мәселе шешілмесе, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып, әл-ауқатын арттыру қиынға түседі ғой.

– Сауалыңызға жауап беру үшін осы саладағы көрсеткіштерге тоқтала кетейін. Аудан бойынша егістік жерлердің көлемі — 86 мың гектар болса, оның ішінде суармалы жерлерге 77 мың 600 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары себілді. Аудан дихандары негізінен бидай, арпа, сұлы егеді. Ауыл шаруашылығы саласын өрістетіп жүрген еңбекқор азаматтар күнбағыс, мақсары, майбұршақ, жүгері, картоп, басқа да көкөніс түрлерін өсіріп игілігін көріп отыр. Аудан аумағында өндірілген өнімді сақтау мақсатында 23 жеміс қоймасы іске қосылған, олардың жалпы сыйымдылығы — 35 мың тонна. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласының дамуына қолдау көрсетіліп, ауданда 5 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 6 млрд теңге көлемінде 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Реті келгенде айтайын, облысқа бөлінген 15 млрд теңге несиенің 6 млрд теңгесі біздің ауданның азаматтарына берілуі де жұмыстың оңтайлы жүргізілгенін айқындаса керек.

— Дәл осы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүкіл елде жайылымдық жер мәселесін оңтайлы шешуге ықпал еткені сөзсіз. Еңбекшіқазақ ауданында да азаматтардың өтініші бойынша пайдаланылмай жатқан жерлер анықталды ғой?

— Біздің аудандағы жалпы жер көлемі — 829 660 мың гектар. Оның ішінде егістік жер көлемін айттым. Жайылымдық жер – 521 766 гектар. Шабындық – 19 615 гектар болса, елді мекен тұрғындарының мал өргізетін жерінің көлемі 124 208 гектар. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында пайдаланылмай жатқан 74 458 гектар жер анықталды. Сот арқылы мемлекет меншігіне 31 114 гектар жер қайтарылды. Жер ресурстарын басқару департаментіне 6 500 гектар жердің құжаты жолданды. Нысаналы мақсатта 24 778 гектар жер игерілді. Бұдан бөлек, игерусіз қалған жерлерді қайтару мақсатында сот процестері де жүргізіліп жатыр. Ол оңынан шешілсе, әлі де пайдаланылмай жатқан жерлер қайтарылады.
Сондай-ақ ауыл тұрғындарының жеке ауладағы мал жаю мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында 205 мың гектар жер телімі қажет болса, 171 мың гектар белгіленді. Әлі 34 мың гектар жерді қарастыруымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.

 

– Аудан тұрғындары шағын және орта кәсіппен белсенді түрде шұғылданатын болар. Бұл бағытта әкімдік тарапынан қандай көмек көрсетіледі?

– Расында да, ауданда шағын кәсіпкерліктің дамуына айрықша маңыз беріледі. Мәселен, өткен жылы жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерліктің саны 26 047-ге жетті. Осы салада 40 435 адам жұмыс істейді. Оның ішінде шағын кәсіпорындар – 1 802, жеке кәсіпкерлік – 14 275, шаруа қожалықтары – 9 970.
Шағын және орта бизнес нысандары 149 млрд 315 млн теңге көлемінде өнім өндіріп, бюджетке – 15 млрд 494 млн теңге салық төледі. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 5 млрд 857 млн теңгеге артық. Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 90 млн теңге қаражат қарастырылып, 15 жоба жоспарлануда.

– Әңгімеңізге рахмет! Істеріңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан Қуаныш Бажақ,
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы

Суреттерді Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің баспасөз қызметі ұсынды

24 сәуiр, 14:22
Талғат Байеділов: Халық үніне әрдайым құлақ асамыз
24 сәуiр, 11:46
Сүтпен шай – дәстүр ме, әлде денсаулыққа қауіп пе?
16 сәуiр, 12:17
II Орталық Азия медиафорумы - ақпараттық ынтымақтастыққа арналған бірегей алаң
10 сәуiр, 14:02
"Қазпошта" алаяқтардың асына айналған ба?
07 сәуiр, 14:29
Көктемде психикалық аурулар неге асқынады?
01 сәуiр, 19:13
Саудада достық жоқ
31 наурыз, 16:10
Мақта кластері: Шикізаттан –дайын өнімге
31 наурыз, 15:45
Астана – даму драйвері
30 наурыз, 12:48
Мұхит Тұрысбеков: Ауыз су мәселесін толық шешу – басты міндеттің бірі