Жердің күнкөріс көзі екендігі әлмисақтан белгілі. Соңғы жылдары Ақмола облысында жерге байланысты дау азаймай тұр. Оның басты себебі, жер телімдерінің бүгінгі қолданыстағы заң талаптарына сай дұрыс бөлінбеуінде. Осы арада «бармақ басты, көз қысты» әлденелер тура жолдан тайдырып жіберді ме екен деген күдіктің де құлағы қылтияды. Шіренген шенеунікті айтасыз, «періште де алтын көрсе жерден таяды» дейді емес пе.
Таяуда осындай бір жай Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында кеңінен сөз болды. Күн тәртібінде талқыға түскен алғашқы өзекті мәселенің бірі — жер телімдерін жалға беру. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгініп келген ақмолалық шаруалар осы мәселеге байланысты өз ойларын ортаға салды. «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы жер пайдалану мәселелері бойынша кәсіпкерлер кездесетін кедергілер» туралы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов баяндама жасады.
Баяндамашы өз сөзінде «Казбиф ЛТД» серіктестігінде туындаған өзекті мәселені егжей-тегжейлі айтып берді. Тарқатып айтар болсақ, аталмыш шаруашылық 2012 жылы мемлекеттік қолдау аясында Ақкөл ауданындағы жайылымдық жерлерді жалға алу туралы құжат рәсімдеген. Жыл сайын тиісті салық төлемдерін де төлеп келген. Алайда бүгінде жер телімі тағы басқа екінші тарапқа да жалға берілгені анықталып отыр. Бұл кәсіпкерлік субъектісінің құқығын өрескел бұзу болып саналады. Р.Сыздықов «Кәсіпкерлер палатасының мамандары аталған мәселені қарастыру барысында құзырлы мекеме басшылары тарапынан жіберілген қателіктерді анықтады», – деді сөзіне екпін түсіре.
Қазіргі таңда мемлекеттік мекемелердің жіберген олқылығынан Ақкөл ауданында 10 мың гектар жайылымдық жердің құжаттары деректер базасына тіркелмегені анықталып отыр. Жеті жыл бұрын орын алған өрескел заң бұзушылықты мемлекеттік мекемелер мойындағысы келмей, жауапкершіліктен қашып отыр. Ойлап отырсаңыз, он мың гектар жер дегеніңіз көзге іліне қоймайтын, аңғармай қалыпты, байқамай қалыпты деуге сыймайтын ұлтарақтай жер емес қой.
Ірі қара өсірумен айналысатын шаруашылық нысаны жер телімін қоршап, құдық қаздырып, жайылымды игере бастаған екен. Алайда аудандық бөлімдер шаруашылық нысанының қызметін елемеген сыңай танытады. Тиісті құжаттар мен жер картасы электронды деректер базасына енгізілмеген. Бұл заң бұзушылықтар жер телімдері туралы мәліметтерді «Қолдау» электронды базасына енгізу барысында анықталған. Аталмыш электронды ақпарат базасы ауыл шаруашылығы нысандарын субсидиялауда басты дереккөз болмақ. 2012 жылдан бері бұл мәліметтер не себепті ортақ деректер базасына енгізілмегені белгісіз.
Қазіргі таңда сот істері жалғасуда. Кәсіпкерлік нысанын келеңсіз жағдайда қалдырған құзырлы мемлекеттік мекемелер түрлі сылтау айтып, бір-біріне сілтеп бағуда. Заңмен белгіленген тәртіптің не себепті сақталмай отырғаны белгісіз. Мұның салдарынан 20-дан астам кәсіпкер жапа шегуі мүмкін.
Ақмола облыстық жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары Нұрмұхамед Махитовтың айтуынша, электронды базада бұл аумақ бос жер телімі ретінде белгіленген. Ақкөл ауданының жер қатынастары бөлімі жайылымды жалға беру туралы конкурс жариялағанда бұл аумақтың өзге кәсіпкерлік субъектісі иелігінде екенін білмегенін алға тартады.
Кеңеске қатысушылар мұндай мәселе бұған дейін де бірнеше рет орын алғанын айтып отыр. Кәсіпкерлер палатасына бизнес субъектілерінен осы тақылеттес 10 шақты шағым түскен. Былтыр кәсіпкерге тиесілі жер телімін екінші бір заңды тұлғаларға ұсыну деректері Көкшетау қаласында, сондай-ақ Зеренді ауданында анықталған еді.
Алдағы уақытта шаруаның ісін ретсіз шалқайтпас үшін мұндай өзекті мәселеге мұқият қараған дұрыс шығар.
Байкен КӨБЕЕВ,
Ақмола облысы