Тағдырлар тоғысқан мекен

04 қараша 2016, 12:17

Қарттарға қамқорлық – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағытының бірі. Жылда 1 қазан күні мемлекетіміздің дамуына үлес қосқан көне көздерімізді құттықтап, сый-құрмет көрсету дәстүрге айналған. Жалпы бір күн ғана емес, жыл 12 ай уақытылы зейнетақысын беріп, әртүрлі жеңілдік жасау да тұрақты жүргізіліп отырады. Бала-шағасының қамқорлығын көрмей отырған қарттарымыз мемлекеттің ерекше назарында. Оған Ақмола облысындағы Макинка селосындағы қарттар үйіне барғанда көзіміз жетті. Бұл мекемеге алғаш рет ат басын тіредік. Естуіміз бар еді. Жергілікті басылымдарда бұрын бірер рет жазылған. Мақтап жазған. Ондағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды, жалғызлікті қарияларға жасалып жатқан қамқорлықты бүгін біз де көрмекшіміз.

І. Өмірдің басы –
сайран, соңы…

Түсі суық, сұрғылттау қабырғадан әлдебір леп еседі екен. Жан жүрегіңді сонадайдан тұрып-ақ тондыратын тәрізді. Есік алдындағы әне бір ағаштар кейуаналардың жанарын шылаған мұңмен суарылды ма екен, кім білсін. Кең де жарық, кілем төселген дәлізге ендік. Кенет дәліздің арғы бетінен ән естілді:

Жасымда болдым балдырған,
Талайды сөзге қандырған.
Сол балдырған кезімде,
Ғашықтық оты жандырған.

Қара бура қартайып,
Жар басына шөккен күн.
Қарлыққан қарттың дауысы
Жалтар желде ескен күн.

Үкілі Ыбырай: кәдімгі ән падишасы Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғаны». Дәл осы қарттар үйінде осы бір әнді естимін деген ой үш ұйықтасаң түсіне енбес еді. Аса биік болмағанымен, сәл жарықшағы бар қоңыр дауыс. Құмарлық қос қолтығымнан көтеріп алып жаңағы бөлмеге жеткізді. Сұңғақ бойлы, әдеміше жүзді ақсақал екен.
– Ассалаумағалейкүм, аға деп қос қолымды ұсындым, – денсаулығыңыз жақсы ма, көңіл-күйіңіз қалай?
– Тән сау болғанымен, жан жаралы ғой інішек. Өзін қайдан жүрсің, кімсін?
– Газеттенмін, аға. Сіздердің қал-жағдайларыңызды білейін деп…
Ақсақал қамшы салдырған жоқ. Өз жайын ірікпей баяндай жөнелді. Тұтас болмағанымен, ара-арасынан. Өне бойы ой теңізін кешіп, санасы тағдырдың салмағынан соқталанған адам бір жүйеден бір жүйеге, бір қиырдан бір қиырға ауысып кете береді екен. Қақбайлап, тақырыптың қотанына қайырып қайтып әкелемін. Іле үзілген әңгімені шетінеген жерінен қайта жалғастырады.
Щучье қаласының тумасы екен. Сол қалада оқып, білім алыпты. Әскерден келген соң сол кездегі Көкшетау облыстық халық шығармашылығы орталығында бір жылдық курсты тәмамдаған. Өйткені, бала жасынан домбыра шерткен. Баян, гитараның құлағында ойнаған. Қазақтың, орыстың әндерін нәшіне келтіріп орындағанда, тыңдаған жанның айызы қанады екен. 1971-1972 жылы жоғарыда аталған халық шығармашылығы орталығында оқып жүргенде талай-талай өзгеден өнерін асырған, жақсы мен жайсаңды көріпті. Сол ағалармен үзеңгі қағыстырып, бірге жүріпті.
– Ол кезде Көкшетау қаласында «Ленин» атындағы мәдениет сарайы болатын. Мәдениет сарайының жанындағы «Ақ қайың» ансамблінің құрамында ән салғам. Марқұм республикаға белгілі айтыскер ақын Мұса Асайынов, Көкен Шәкеевтер ғажап адамдар еді ғой. Мұса ағам аса биік дауысты болмаса да, әнді бабына келтіріп, ғажап орындаушы еді. Көне хиссаларды, халық әндерін көп білетін. Сол кісілердің қасында жүріп, тәлім-тәрбиесін алдым, өнегесін ұқтым. Әуел баста бойдағы бар дүние жаратқанның аз ғана сыйы екен. Біз бір жыл оқысақ та, біраз дүниені үйреніп шықтық. Негізгі бағыт халықтың мәдени демалысын ұйымдастыру. Соның өзінде де бойында қабілет-дарынын болмаса жұртты қалай өзіңе тартасың, – дейді Қажымұрат Шуланов ақсақал, – е, өткен дүниенің несін айтасың. Алаңсыз жүруші ек. Дүние тек қызық пен қуаныштан жаралғандай болушы еді. Бәрі көрген түстей бір жері есіңде қалса, бір жері ұмытылып өте шығады екен ғой. Бір күнгідей болмады.

img_6594
Бір жылдық курсты бітірген соң сол кездегі Щучье ауданына қарасты Шорс кеңшарына жолдама алдым. Келе сала клуб меңгерушісі болып тағайындалдым. Шорс тың игерушілердің мекені еді. Жергілікті ұлт өкілдері жоққа тән. Әйтеуір көкірегі даңғыл, ұлтжанды азамат Орынбасар Назаров директор болып келген соң көзіміз ашылды. Клубтағы жұмысты ұршықша үйіріп әкеттім. Кеңшардың директоры да қолдап тұрды. Үй берді. Оның үстіне мектептегі оқушыларға музыка пәнінен сабақ бердім. Өзім еркін және классикалық күрестермен айналысқанмын әрі волейболды жақсы ойнаушы едім. Мектептің жанынан спорт үйірмелерін ашып, балаларды спортқа тарттым. Ал, өзімнің негізгі жұмысым – клуб үйінің жанынан құрылған көркемөнерпаздар үйірмесі әрқилы байқауларда ауданда ұдайы бірінші орын алушы едік. Орынбасар Назаровты өмірден өтіпті деп естідім. Пейіште нұры шалқысын. Марқұм коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде ұлтының қамын ойлайтын, өнерін өрістетуге ниет еткен абзал адам еді. Жақсылық шарапатын көп көрдім ғой. Өнер деп соққан жүрекке от беруші еді.
1974 жылы шаңырақ көтердім. Өмірге алтын асықтай үш қыз келді. Кейін Чкалов ауданындағы Амандық ауылына ауыстым. Онда да қызығы бар. Алдымен Чкаловта жұмыс істеп жүргенмін. Әнші ретінде таңыла бастадым. Бір күні Амандық кеңшарының директоры Айтқажы Қалымов келді. Іс-міс жоқ кеттік деді маған. Мұнда не қылып жүрсің? Үй беремін, жағдайың дұрыс болады. Тартып кеттім. Айтқанында тұрды. Үй берді, ештеңені уайымдамайтын қылып бар жағдайымды туғызды. Мен де аянып қалғаным жоқ. Амандықтың атағын аспандаттым. Ауданың былай тұрсын, облыста бірінші орынды шаппай алатынбыз. Домбыра оркестрін ұйымдастырдық. Ұлттық өнерге құмар кеңшар директоры Айтқажы Қалымов көркемөнерпаз мүшелерін байдың балаларындай үлде мен бүлдеге орап қойды. Ол кезде ұлттық киім табудың өзі қиын шаруа. Кеңшардың бар жұмысын қаңтарып қойып, Алматыдан барып әкелді ғой. Жалғыз өнерді ғана емес, спортты да жақсы көрді. Біз Амандықты аз уақыттың ішінде гүлдендіріп жібердік. Әй, ондай азаматтар енді қайтіп туа ма, тумай ма, кім білсін. Шаруаны ғана емес, өнерді оның ішінде сол кезде күйі қашып тұрған ұлттық өнерді жан-тәнімен сүюші еді ғой. Айтқажының балалары Байжол мен Әйгерімді өзім баулыдым. Байжол қазір облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы болып жүр деп естігенмін. Ән айтуын тастап кетпесе болды. Әдемі әлемге енгізіп, қолына қазақтың қоңыр домбырасын ұстатқан өзім болған соң осында жатсам да алдымды көрген, үлгімді алған, өнегемді ұққан шәкірттеріме сырттай тілеулес болып жүремін.

img_6614
Біз Ақан сері бола алмадық. Кеш туыппыз. Өте кеш. Өнерді қууын қудық. Бірақ сал мен серінің дәуірі баяғыда өтіп кетіпті. Жастықта өнердің өзі екі көзіңді тұмшалап, төңіректің бәрі тамылжып ән салып тұрғандай қиялыңның құсы бір аспандап алса, қайтіп жерге түспейді ғой. Серіліктің жөні сол екен деп қайран басты тауға да тасқа да ұрдық. Тәмам ел әнімізге сүйсінді, жапырлай қолын соқты, көкке көтере мақтады. Соған мәз болыппыз. Сөйтсек, мақтау мен марапаттың өзі уақытша өткінші дүние екен ғой. Сенің керегің көмейіңнен сұлу ән сорғалап тұрғанда ғана. Ән іріп, көңіл иттей үріп, қара басыңа қасірет түссе ешкім де керек қылмайды. Әйтпесе, өзгеден өнерін асырған Еркін Біржановпен талай рет сахнаның төріне шығып, жұлдыздай жарқырап едік. Ақан атам айтпақшы, басы сайран, соңы ойран дүние өте шықты. Әйтсе де менің өмірім ән еді. Тек қайырмасы мұңдылау болды.
Қыздарым тұрмысқа шыққан. Отбастары бар. Бәріне бақыт тілеймін. Біз көрмеген жақсылықты солар көрсін. Қайда жүрсе де аман болсын.
Ақсақалға сұрақ қоюдың өзі қиын еді. Абайсызда ескі жараның орнын тырнап аламын ба? – деп тосырқайсың. Көмейіне келіп тұрған сұрақтың өзін жарым-жартылай ғана…
– Ағай, жеңгей…
Ақсақал қолын, бірақ сілтеді. Жарының күйігі бойында қалғандығын ұқтым. Әрі қарай қазбалаудың жөні жоқ еді. Әңгіменің арнасын күңгірт кейіптен жарқын тұсқа аударған әнші аға тағы бір естелік айтты:
– Әнебір жылы Қырғызстанда, Ыстықкөлде бір ай дем алдым. Сол сапарымда заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовпен кездестім. Әнімді тыңдағасын ба, үлкен кісі назар аударды. Іш тартып, жақын жүрді. Ауық-ауық көл жағалап сейілдегенде өмір туралы, тағдыр туралы көп айтушы еді. Бірде:
– Өнер, – деп еді, – ол қанатты пырақ тәрізді. Тақымыңды қысып, қос қолыңмен жалына жабысып отырмасаң, түсіріп кетеді.
Жазушы ағам жөн айтқан екен. Міне, түсіп қалдық қой.
ІІ. Жалғыздық кімге жарасқан?

Қариялар үйінде қилы-қилы тағдырды кездестіруге болады. Тағдырдың тауқыметін тартқан жанның бірі – Серік Шәріпов ақсақал. Зеренді ауданының Жамбыл ауылының тумасы екен. Кейін Приреченское кеңшарында тұрыпты. Механизатор болып істеген. Қайғының бұлты әуелі жарының өмірден озуымен бірге түнеріп келген. «Жығылғанға жұдырық» дегендей басындағы бұлт сейілудің орнына қатпар-қатпар болып қалыңдай түскен. Балалары да өмірден өтіпті. Соңғы баласы Қанат Зерендіде, ішкі істер саласында қызмет етсе керек. Қапияда кісі қолынан қаза тапқан.
– Осы қайғы менің қабырғама қатты батты, – дейді Серік ақсақал, – есімнен айырылып қалдым. Әлі күнге дейін сол есімді жинай алмай жүрмін. Алғаш әйелім ақпанның ақырған боранында үсіп өлгенінде жынданып кететін шығармын деп едім. Әйтеуір кеудеңнен шыбын жаның шықпаған соң қалқайып, қарасын болып, кісі санатында жүре береді екенсің. Бір барғанымда жалғыз ағам Мереке өзінің қайтарының алдында:
– Серік-ау, енді кіммен қаласың? Сенің уайымын-ақ мені қартайтып бітті ғой. Ертең жатып қалсаң ауызына су тамызатын да адам жоқ. Үйленсеңші. Бір-біріңе әйтеуір қарасын болып, бастарыңды сүйеп отырасыңдар ғой, – деп еді.
Үйлендім, бірақ дәм-тұзымыз жараспай, ажырасып кеттік. Қазір екінші әйелім бір баламмен Степногорск қаласында тұрады. Ал бірінші әйелімнен туған қызым Көкшетау қаласындағы ауруханалардың бірінде медбике болып жұмыс істейді. Анда-санда телефон арқылы хабарласып тұрамыз. Мұнда келмейді. Өз отбасы болған соң қолы тимейтін шығар. Әлде басқа бір себебі бар ма екен. Ұясын тастап, пыр етіп ұшып кеткен соң қайта оралу қиын ғой. Мен осы жерден тұрағымды тапқалы төрт жыл болды. Күндердің бір күнінде келіп қалар деп елегізіп жүрмін. Күйеубалам Арман құрылысшы. Мынау Казгородоктың тумасы.
Қарағым сен білесің бе? Адам қартайғанда туған жерін ойлайды екен ғой. Менің көз алдыма тау Қарабұлағының тамылжыған баурайы елестейді. Түсімде ылғи құлыншақай болып кісінеп, шауып жүремін. Таудың бергі бетіндегі жалғыз аяқ жол бар еді ғой. Сол жол Әулиебұлаққа беттеп барып, биікке сіңіп кететін. Сол жолдың бойымен шапқылаймын келіп. Әулиебұлаққа жете бергенде оянып кетемін. Бір жете алмай қойдым. Мен сол жердегі Қарабұлақ мектебін бітірдім ғой. Мектепте бірге оқыған достарымды да сағынамын. Хабар-ошар жоқ қазір. Мүмкін олар Әулиебұлақтың қырқасынан асып, арғы дүниеге кетіп қалған да шығар.

ІІІ. Қарияға жан қайғы

Қарттар үйінің тұрмыс-тіршілігінде көзге ұрып тұрған мін жоқ. Мұндағы бір адамды бағып, қағуға күніне 2367 теңге жұмсалады екен. Тәулігіне алты мезгіл тамақтандырылады. Жатын орны жайнап тұр, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы. Ауырып сырқай қалса, дәрі-дәрмегі тегін. Жұма сайын моншаға түседі. Демалыс бөлмесінде қажет дүниенің бәрі бар. Бұрын мұндағы зейнеткерлердің зейнетақысының 70 пайызы мекеменің шығынына жұмсалса, қазір қариялардың қалтасынан көк тиын шықпайды. Яғни түп-түгел мемлекеттің қамқорлығында. Ай сайын алатын зейнетақыларына өздері ие. Қазір Бұландыдағы қарттар үйінде 72 қария күн кешіп жатыр. Олардың жартысына жуығының ағайын-туысы, бала-шағасы бар.
Облыстық бюджеттен жылына 56 миллион теңге бөлінеді. Оның 14 миллион 785 мың теңгесі қариялардың ас-ауқатына жұмсалса, қалған қаржы коммуналдық төлемақы, қызметкерлердің жалақысы, тағы басқа қажеттіліктерге жұмсалады. Осындағы Валентин Петрович Черняктың екі қызы Ресейде тұрады.
– Әкелеріңді қартайғанда мүсәпір қылып, мұңайтпай алып кетпейсіңдер ме, – деп сұрап көріпті директордың орынбасары Рауза Мұқанқызы, – әкелеріңнің жандарыңда болғаны жақсы ғой.
– Ресейде қариялар үйіне тапсыру үшін қаншама құжат жинау керек. Ал өз үйімізде тұрғызайық десек, тұрғын үйіміздің көлемі шағындау, – депті қыздары, – қарттарға қамқорлық Қазақстанда жақсы, бәрі тегін. Елбасыларыңыз Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы ғой. Әкеміз осында тұра берсін.
Валентин Петрович жинаған зейнетақысын – 2 миллион теңгені қыздарының қолына ұстатқан. Қанша дегенмен іштен шыққан шұбар жылан ғой.
Жергілікті кәсіпкерлер биылғы жылға дейін қариялар үйіне көңіл бөле қоймапты. Биыл мекеме басшылары кәсіпкерлерге хат жазған көрінеді. Бәрі болмаса да бірең-сараңы қарттар айлығының қарсаңында төбе көрсеткен.
– Қарттар үйі жердегі жұмақ қой, – дейді екен олар, – бәрі тегін. Зейнетақыларын алып жатыр. Біздің әке-шешеміз ауылдағы үйде күлмен шығып, отпен кіріп жүр. Бейнетті де белшесінен кешеді. Ал мында барлық жағдай туғызылған. Мемлекеттің қамқорлығын өздері ғана емес, безбүйрек балалары да көріп отыр.

ІҮ. Махаббат жас талғамайды

Күздің қара суығы қариялар үйінің алдындағы ағаштардың сарғайған жапырақтарын жұлмалап ойнап тұр. Сұрғылт күннің сұры осындағы адамдардың көңіл-күйі тәрізді. Ағаш орындықта қос қария отыр. Өнмеңдерінен өтетін өкпек желден бірін-бірі паналап, бірін-бірі қорғаштайтын тәрізді. Күбір-күбір сөйлесіп қояды. Маңдайындағы сай-сай әжімдері тым терең. Қос қарияның бірі – Николай Севостьянов 1931 жылы туған екен. Ал жанындағы кейуана Валентина Скударнова 1938 жылғы. Николай Петровичтің айтуына қарағанда, «дружить» еткендеріне екі жыл болыпты.
Осы бір күңгірт дүниені көкіректегі титімдей сәулемен жарықтандырғысы келетін тәрізді. Кәрі қойдың жасындай жас қалғанда қайдағы махаббат дерсіз. Қамкөңіл жұбаныш, серік іздейді ғой. Жүректе жинаған жүктей қатталып қалған шеріңді тарқататын да, өксік араласып шығатын өкінішіңді тыңдайтын да жанашыр құлақ керек шығар. Мұң кернеген көкіректегі сыр көмейден шыққанда ыстық жалынға оралып шығуы да кәдік. Әйтеуір қос қария бір-бірін медет тұтады. Тұрса отыра алмай, отырса тұра алмай омыртқасы бүгіліп, қабырғасы қаусауға жақындаса да мынау жарық дүниеде өзіне жаны ашитын, қамқор болатын адамды іздейтін шығар. Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасқан. Пенде ғой бұлар.
– Журналистсің бе, – деп сұрайды Николай Петрович, – бізге көмектесе аласың ба? Екі жылдан бері некеге отыра алмай жүрміз. Менің Құдай қосқан қосағым қайтыс болғалы қаншама жыл өтті. Валентинаның да күйеуі қайтқалы көп уақыт болған. Енді екі жарты бір бүтін болайық десек, заң жүзінде ажырасуымыз керек екен. Құдайым-ау олар әлдеқашан өліп қалды ғой. Енді қалған аз ғана ғұмырымызда екеуіміз отбасылы адамдар болып, бір бөлмеде тұрсақ деп едік. Енді маңдайымызға жазған өлшеулі ғұмырымызды бірге өткізсек, арман не?
Жалғыз қиындық неке ғана емес екен. Қариялар үйіндегі бөлмелер де санаулы. Онда жалғыз тұрмайды ғой. Бөлмені босату үшін Николай Петровичтің жанындағы бөлмелесіне орын табу керек. Валентина әжейдің де жанында жатқан кейуаналар бар. Олар қайда барады. Мәселенің мәнісі осыған келіп тіреліп тұр.
Алғашында сәл оғаштай естіледі екен. Тал бесігінен жер бесігі жақын адамдар да бір-бірімен бас қосқысы келеді екен ғой. Бәлкім, жандарын жегідей жеген жалғыздықтан шаршаған болар. Кім білсін, әлде кешігіп келген махаббат па екен. Осы орыстардың өздері айтпаушы ма еді «махаббат жас талғамайды» деп.

Ү. Бейнет түбі зейнет

Киіктің асығындай шымыр денелі, қарттық меңдесе де қажыр-қайраты жүзінде тұрған Мақсұт Дәулетов ақсақал Башқұрт елінің тумасы екен. Қазақ-татар тілдерін араластырып сөйлейді. Өзінің айтуына қарағанда, отыз жылға таяу ғұмырын түрмеде өткізіпті. Жан сырын жасырмай жайып салып отыр.
– Жастықтың, мастықтың салдарынан. Адам жас кезінде алды-артын аңдай бермейді ғой. Аңдамаған соң алдыңдағы қазулы тұрған орға барып жығылады, – дейді ол, – адам да өлтірдім. Кісі де тонадым. Ұрлық та қылдым. Оны енді кімнен жасырасың. Қазір ойлап қарасам, өмірімнің сол бір бұралаң жолдары бекерге өткен екен. Мен дәмін татпаған түрме де қалған жоқ шығар. Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Степногорск, Атбасар тәрізді жерлердің қапастарын көрдім. Әрине, оның бәріне өзім кінәлімін. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтеру керек. Бір өкініштісі, жаңағы түрмеде отырған жылдарым еңбек өтіліне жатпайды екен. Өзім білмегеннен кейін осы жайды анықтап алайын деп аудандық прокуратураға, басқа да заң орындарына өтініш жазып көрдім. Солардың бір де біреуі қанағаттанарлық жауап бермеді. Өзіңіз ойлап көріңізші, менің де ел қатарлы зейнетақы алуға құқығым бар емес пе?
1941 жылы туған, асарын асап, жасарын жасаған қарияның сауалына жауап беру қиын еді. Заңгер болмасақ та, тұспалдап тіл қатқан болдық.
– Ақсақал-ау, ел зейнетақысын алып жатса, соған лайық өз заманында шеккен бейнеті, еткен еңбегі бар. Ал сіз сол қарапайым адамдарға тізе батырып, қол көтеріп, жиған-тергенін қақшып кетіп, қиянат жасадыңыз емес пе?! Түрмеде отырған адамға зейнетақы төлемесе, төлемейтін шығар. Қазақтың тілінде зейнет деген сөздің өзі бейнеттің қарымтасы. Башқұрт тілінде де солай болатын шығар.
– Оның да жөн шырағым. Әйтеуір ел алып жатқан соң менің де алғым келеді. Рас, қылмыс жасадық. Бірақ ол баяғыда болған оқиға. Ол үшін мен жазамды тарттым ғой.
Қариялар үйінен ымырт үйіріле аттандық. Төңіректі қою қараңғылық жаңа-жаңа тұмшалай бастаған. Қариялар үйінің терезесінен кейуана далаға қарап тұр екен. Кім білсін, балаларымның біреуі іздеп келе ме? – деп сарылып, тосып тұрған шығар…

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
Бұланды ауданы
Ақмола облысы

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде