Тәуелсіздік береке – бірліктен басталады

05 желтоқсан 2016, 10:43

«Қазақ «Баланың тұңғышы – ыстық, кенжесі – тәтті» деп отырады. Бұл, әрине, ортаншысы қадірсіз деген сөз емес. Тұңғышты берекенің бастауы деп тану. Сондықтан, тұңғыштың қадірін білген қазақ үшін Тұңғыш Президентінің қадірін білу – заңдылық. Заңдылық деп отырғанымның себебі – тойлағалы отырған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының өн бойында Елбасымыздың еңбегі өріліп тұр. Бұл – көзіміз көріп, көңіліміз қуанып отырған ақиқат». Ақын әрі қоғам қайраткері Мұхамеджан Тазабековпен болған сұхбатымызда Тұңғыш Президент күніне орай осындай лебізін білдірді.

img-20140226-wa0019

Жас қазақ: Мұхамеджан мырза, әңгімемізді бірден кеше ғана аталып өткен Тұңғыш Президент күнінен бастасақ.
Мұхамеджан Тазабек: Білесіз бе, көптеген филологтармен, тілшілермен сөйлесе келе, мынандай бір қызық мәліметке көз жеткіздім. Көп елдерде, яғни көп ұлттардың тілдік қолданысында «алғашқы», «бірінші» деген ұғым болғанымен, «тұңғыш» деген түсінік жоқ екен. Ал біздің ана тілімізде «тұңғыш» сөзінің мағынасы терең. Бұл да қазақ халқы танымының қаншалықты қатпарлы екенінің көрінісі. Қазақ «Баланың тұңғышы – ыстық, кенжесі – тәтті» деп отырады. Бұл, әрине, ортаншысы қадірсіз деген сөз емес. Тұңғышты берекенің бастауы деп тану. Сондықтан, тұңғыштың қадірін білген қазақ үшін Тұңғыш Президентінің қадірін білу – заңдылық. Заңдылық деп отырғанымның себебі – тойлағалы отырған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының өн бойында Елбасымыздың еңбегі өріліп тұр. Бұл – көзіміз көріп, көңіліміз қуанып отырған ақиқат. Тұңғыш Президент күні мен үшін қатардағы мереке емес, Тәуелсіздігіміздің бір нышаны іспеттес. Біз бірінші
желтоқсанда Президентті ғана
ұлықтап отырған жоқпыз.
Сол Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлын тарих сахнасына алып шыққан қазақ халқының ерлігін де салтанатты түрде сөз еттік. Яғни біз – өз президенті, өз арасынан шыққан лидері болуға лайық қауым екенбіз. Кез келген мемлекеттің тарихына көз жүгіртсеңіз, тұңғыш басшысының орны ерекше болады. Неге? Өйткені, әуелгі басшы тәуелсіз, жаңа мемлекеттің жүйесін жолға қояды, мемлекеттіліктің бірінші қадамдарын жасайды. Тұңғыш Президент – мемлекеттің тарихи биігінде тұратын құбылыс.
Жас қазақ: Алда – Тәуелсіздік мерекесі. Биыл азаттығымыздың 25 жылдығы. Осы мемлекетіміз үшін маңызды мерекені сіз қалай түсінесіз?
Мұхамеджан Тазабек: Азаттықтың шын қадірін тәуелсіздігінен айырылып қалғандар қатты түсінетін шығар. Құдай оны біздің басымызға салмасын. Тыныштықтың, тұтастықтың, егемендіктің қадірі дегеніміз – қолда барда қадірі жоқ қымбат қазыналар. Бұл құндылықтардың қадірін білу үшін біз әуелі бір-біріміздің қадірімізді білуіміз керек. Мемлекет, азаттық, басшы деген асқақ ұғымдар. Бірақ пафос емес. Тәуелсіздік – көптеген ұлы құндылықтардың басын біріктіретін жиынтық образ. Мәселен, қазір ұлдың намысы, қыздың арын сөз қылу, жеке мәселе сияқты көреміз. Жоқ, ол жеке мәселе емес, бұл – қауымның берекесін кіргізетін немесе қадірін қашыратын құндылықтар. Қыздың арын қорғай алған қоғам – барын қорғай алады. Ұлдың ұятын сақтаған қоғам – қауымның ғұрпын сақтай алады. Көзге көп байқалмайтын, біз аса сезінбейтін, бірақ осы ұлы құндылықтарды ұлық қылып ұстап тұратын бір ұйытқылар бар. Ол – отбасылардың тату өмір сүруі! Әрбір отбасының берекесі мен ынтымағы сақталатын болса, сол жерден тұғыр алып шыққан перзент тәуелсіздіктің де, елдіктің де қадірін біледі. «Өзі жарымағанның сарқытын ішпе» дейді қазақ. Егемендіктің қадірін ұғу – қолыңа жалауша ұстап алып, күліп-ойнап парадта жүру емес. Тәуелсіздіктің қадірін білу – тәуелсіз мемлекеттегі әрбір адамның қадірін білу, туысыңның қадірін, уақыттың, еңбектің, өмірдің қадірін білу. Бір-бірімізге шуағымызды шашып, біреудің басына қайғы түссе бөлісуге, көмектесуге атсалысып жүруіміз керек. Жұртқа пайдалы, шарапатты адамдары көбейген елдің тәуелсіздігі баянды, мемлекеті мығым болады. Жаһандану заманы келді. Егер шекараңнан жау кірсе, сенің үйіңе жетем дегенше уақыт бар. Ал ақпараттық шекараң бұзылса, миыңа, жүрегіңе бірден шабуыл жасайды. Ал миы мен жүрегі жауланған адам мемлекетін де, шекарасын да, ұл-қызын да қорғауға қабілетсіз. Абай айтпақшы, «Қолдағы малды алудың төте жолы – бастағы миға иелік қылу». Сондықтан тәуелсіздікті қорғау деген – Елбасымыз түнде ұйықтамай, күндіз қалғымай жүріп зор тәшпішпен бекітіп алған шекарамызбен қатар, миымыз бен жүрегімізді қатерлі ақпараттан, уақытымызды алатын қажетсіз тірліктен, отбасымыздың ынтымағын бұзатын ұрыс-керістен қорғау деп түсінуіміз керек.

11537612_10203636875156909_8496753143784633193_o
Жас қазақ: Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Мемлекеттің дін үшін арнайы министрлік құруы – еліміздегі рухани ахуалдың шынында да шиеленісіп тұрғанын айғақтайтын тәрізді. Осы пікірмен келісесіз бе?
Мұхамеджан Тазабек: Министрліктің құрылуы – дер кезінде қабылданған шешім болды деп ойлаймын. 25 жылда ішкі-сыртқы, саяси-экономикалық жағдаймыз реттелді. Толық шегеленбеген осы дін саласы еді. Енді бұл олқылықтың да орны толды. Түсінгенге, дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мойнында үлкен жүк бар. Артар сенім, күтер үмітіміз көп. Аты айтып тұрғандай, азаматтық қоғамбыз. Мемлекетті құраушы ұлттан бөлек, тарихи себептермен елімізде тұрақтаған өзге ұлттар, өзге дін өкілдері де бар. Біз – зайырлы мемлекетпіз. Зайырлы қоғам деген – атеистік қоғам емес. Ол – әлемнің алға жылжудағы бағыт-бағдарын ескеріп, заңдылықтарына бойұсына отырып, өз мемлекетіңнің құндылығына қызмет ету деген сөз. Елбасымыздың өзі айтқандай, дін істері министрлігінің мойынға алған жауапкершілігі – зайырлы қоғамдағы рухани биік тұлғаларды даярлау, оларға мүмкіншілік жасау, құқығын қорғау. Қазір, рас, діннің айналасында шиеленіскен мәселелер жоқ емес. Теріс ағымдағы топтардың іс-әрекетінен берекеміз қашып жатқан аймақтар мен отбасылар бар. Бірақ әлемдік деңгеймен салыстырғанда, бізде радикализм ушығып тұрған жоқ. Дегенмен, үй сыртында кісі бар. Жамандық айтып келмейді. Бұрын тек теледидардан көріп шошитын дүниелер бүгін өз елімізде орын алып жатыр. Ақпарат жылдам тарайтын, оқиғалар тез ауысып жатқан, уақыттың берекесі қашқан кезеңде өмір сүрудеміз. Кез келген қатердің алдын алғанға не жетсін?! Дін істері министрлігі осы мәселелерге мемлекеттік тұрғыда атсалысады деп есептейміз.
Жас қазақ: «Асыл арна» контенті кейінгі жылдары отбасылық бағытқа көбірек ойысқанмен, ислами арна ретінде қоғам қабылдап қойды. «Жаңа министрлікпен, жаңа министрмен арақатынастарыңыз қалай боп жатыр?
Мұхамеджан Тазабек: Жаңа министрлік дін істері комитеті болып тұрған кезде де тығыз жұмыс жасап келе жатқанбыз. Өткен жылы дін істері комитеті және ҚМДБ-мен бірлесіп меморандумға қол қойып, көптеген жұмыстар атқарылған болатын. Осы бағытты министрлік болғанда да жалғастырудамыз. Жақында ғана министр Нұрлан Ермекбаевтың қабылдауында болып, бірнеше сағат «Асыл арнаның» жұмыстары және жоспарлары жайында ақылдастық. Ол кісінің орынбасарларымен де, комитет төрағасы Ғалым Шойкинмен де кездесіп, еліміздің діни ахуалы және «Асыл арнаның» дінді ақпараттық кеңістікке лайықты түрде насихаттауы жөнінде көп кеңестік. Өздеріңіз білесіздер, «Асыл арна» діни бағдарламаларды толықтай Ержан қажы Малғажыұлы ағамыз басқаратын ҚМДБ-ның концепциясына сәйкес жүргізеді. Ал өзге де ағартушылық бағыттағы бағдарламаларды, арнайы жобаларды аталған министрлікпен келісе-кеңесе отырып жүзеге асырады. Алдағы жылға да біраз жобаларымыз жоқ емес, Алла сәтін сап жатса, эфирімізден көріп қаларсыздар.
Жас қазақ: Бүгінде қазақтың діни бірлігі өте маңызды. Ағым-ағым болып бөлінбей ауызбіршілік таныту үшін, қазақ мемлекетінің болашағы баянды болу үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?
Мұхамеджан Тазабек: Дұрыс айтасыз, діни бірлік өте маңызды. Қоғамдағы адамдардың нанымы, сенімі бірге болса, қауым бөлінбейді. Пайғамбар (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға қоныс аударғанда, мұғажырлар мен аңсарлардың ортасында талас-тартыс болып қалады. Сол кезде Алла елшісі (с.ғ.с) шаруасының бәрін тастай салып, оларды татуластыру үшін арнайы асығып барған екен. Неге? Өйткені, қауымның алауыздықта болуы – арты орны толмас өкінішке әкеліп соғатын қауіп. Көрдіңіз бе, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі қауымның бөлінбеуін, ауызбіршілікте болуын барынша қадағалаған. Ендеше, сол ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетін ұстанатын халық болғандықтан, біз де Сабыр ағамызша айтқанда, «әр қазақ менің жалғызым» деп сезініп, бір-бірімізге мейіріммен, махаббатпен қарым-қатынас жасауға тырысуымыз керек. Жастық максимализммен жүрген албырттарға қолдан келгенше түсіндіруге тырысуымыз керек. Ал шектен шыққандарға мемлекет өзі шара қолданып жатыр. Қарапайым адамдардың қолынан келетіні – өзінің баласының рухани нәрді қайдан алып жатқанын қадағалап, сырласып, ой-пікірінен хабардар болып отыруы керек. Біз жат ағымның жетегінде жүрген жандармен сөйлескен кезде мынаны аңғардық. Олардың қате пікірде жүру себебі – алғашқы туындаған діни сұрақтарына дұрыс жауап ала алмаудан басталған екен. Сондықтан, жас өскіннің бойында ертелі-кеш туындайтын сауалдарға жауап бере алуы үшін ата-аналардың шариғаттың негізгі шарттарын біле жүргені артық емес. Ал сауалдар тереңдей берер болса, ҚМДБ-ның уағыз-насихат, пәтуә бөлімдері бар. Бізге шетелде отырып, Қазақстан туралы кесімді сөз айтатын интернет-шейхтар емес, қазақтың ішкі дүниесін, Қазақстанның қазіргі рухани жағдайын жақыннан білетін діни басқармадағы білікті имамдарымыз, дінтанушы тұлғаларымыз қымбат. Жастар да осыны ұғына бастаған тәрізді.
Жас қазақ: Алдағы сенбі, жексенбі күндері Алматыда жылдың қорытынды сайысы іспетті «Алтын домбыра» айтысы өтеді. Егер де әлі де айтыс сахнасында жүргеніңізде, қоғамдағы нендей мәселелерді осындай ірі айтыста ел алдында көтерер едіңіз?
Мұхамеджан Тазабек: Жалпы айтыста көтеретін мәселе көп қой. Тек жас ақындарымыз газеттен оқып алған ақпаратымызды өлең қып құрап қайта өзімізге ұсынбаса екен. Алла нәсіп етсе, ол айтысқа баруға ниеттіміз. Қаймағы бұзылмаған қазақ сөзінің салтанат құрғанын көргіміз келеді. Ду күлдіріп, шатыр-пұтыр шапалақтың астында ғана қалып кететін емес, ел есінде ұзақ қалатын тіркестер, оймақтай ойлар, қанатты сөздер күтемін. «Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады» деген сөз бар. Яғни ақын көптің көңіліне қарап сөйлейтін адам емес, көпті өзінің деңгейіне көтеруге тырысатын адам болуы керек. Айтыс қазір өте жақсы дамып жатыр. Мемлекет жеткілікті көңіл бөлуде. Әсіресе, Жүрсін Ерман ағамыздың еңбегі үлкен. Ол кісі айтысты мойнына жауапкершілік етіп алып, тынымсыз еңбек етіп, жас ақындарды тәрбиелеп, еліміздің түкпір-түкпірінде айтыс мектептерінің ашылуына, әр облыста айтыс өтуіне ықпал жасауда.
Жас қазақ: Айтыскер ақындар уақыт өте келе, жазба поэзияға ойысып жатады. Сізде ондай ой жоқ па?
Мұхамеджан Тазабек: Ақындық – Алладан берілетін қасиет болғандықтан, ол ешқайда жоқ болып кетпейді. Ол құдды бір құдықтың суы секілді кейде сарқылады. Үнемі ізденіп, оқып, жазып отырмасаң, ол қасиет те әлсірейді. Айтыс сахнасына шықпасақ та, өлең жазуға әрдайым құлықтымыз. Қағаз, қаламым әрдайым жанымда. Алла нәсіп қылса, болашақта өлең, толғауларымызбен халық қауыша жатар.
Жас қазақ: Кейінгі уақыттары сіз жастармен кездесулеріңізде отбасы тақырыбын жиі көтеріп жүрсіз. Өзіңіз айтып жүрген қазақтың дәстүрлі отбасылық құндылықтарын өз жанұяңызда, балаларыңыздың тәрбиесінде қаншалықты қолданып, іске асырып жүрсіз?
Мұхамеджан Тазабек: Экономикалық, ғылыми жаңалықтарымен бізден әлдеқайда алда келе жатқан елдер отбасы құндылығы болмаса, басқасының құны көк тиын екенін қазір айтып жатыр. Ал қазақ басқа жағынан кенде қалып жатса да, отбасына келгенде әлемде ешкімнің алдында ұялмайтын қауым едік. Біздің ғұрпымызда ата-әженің, әке-ананың, ұл-қыздың орны басқа халықтар таңқалатындай дәрежеде еді. Өкінішке қарай, сол нәрселерден айырылып жатырмыз. Жоғарыда айтқанымдай, еліміздегі отбасыларымыздың ынтымағына сызат түсе бастаса, тәуелсіздігіміз үшін де алаңдай беруіміз керек. Өйткені, «Отан – отбасынан басталады». Қазақстан бойынша үйленгендердің үштен бірі бір жыл ішінде ажырасады екен. Тіпті Алматы қаласы бойынша, құрылған екі отбасының біреуі ұзаққа жетпей шайқалған. Қауіпті цифрлар. Бір жастықта басы, бір дастарқанда нәсібі қосылған жандардың бір-бірінің қадірін білмеуі – ұлттық катастрофа. Ал жаны жарасып қосылған жұптар бір-бірінің қадірін білмесе, биліктің, көш бастаушылардың сөзін қадірлейді деп айта алмаймын.
Ал өз шамамның келгенінше, ұл-қыздарымды қазақша сөйлетіп, бос уақытын мағыналы нәрселерге арнауға, мейірімді әке болуға тырысамын. Мұны сол жастармен кездесулерде үнемі айтып та жүрмін.
Жас қазақ: Биылғы жыл сіз үшін несімен есте қалды? Келер жылдан не күтесіз?
Мұхамеджан Тазабек: Әр жылдың берері, әр уақыттың өрнегі бар. Биыл қызмет етіп жүрген рухани салам үшін жауапкершілікке толы жыл болды. Ақтөбеде, Алматыда болған қайғылы жағдайлар – жастар тәрбиесіне бұрынғыдан да зор жауапкершілікпен қарауымыз керектігін ұғындырды. Әлемдік үрдістерге қарап отырып, рухани азғындағанымызды көрдік. Тарихтан білетініміздей, бұрын қанды, әскери соғыстар болатын. Қазір соғыс тәсілі өзгергендей. Қазір рухани соғыс жүріп жатқан сияқты. Азғындықтың адам айтқысыз деңгейде көбеюі мені осындай ойларға жетелейді…
Ал келесі жылдан, әлбетте, жақсылық күтеміз. Атақ, билік, ақша үшін шоқпар сілтесіп жатқан идеологиялық майданды өзіңіз де көріп отырсыз. Өмірге анамыздың құрсағынан жалаңаш келдік, қабірге де жалаңаш кетеміз ғой. Атағын, ақшасын арғы дүниеге арқалап кеткен ешкім жоқ екенін білсек те, бір-бірімізді біліп-білмей ренжітіп жатамыз. Осы екі жалаңаштың арасында көп жақсылық жасап қалуға тырыссақ екен…

Сұхбаттасқан
Зарина Ахметқызы

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде