«Ойсылқара ата-баба аруағына бiткен мал деушi едi, түйе жарықтықтың бұл өңiрде жетi ағайынды жұт келсе де, жұтамайтыны көрiнiп тұр».
Бұл жазушы Байжiгiт Әбдiразақовтың «Сандалкөк» атты туындысынан үзiндi. Сондағы ата-баба аруағына бiткен малдың саны қазiр азайып, төрт түлiктiң iшiндегi төредей орны байқалмайтын болды. «Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көрерсiң» деп мақалдататын қазақ «қуырдақтың көкесiн» қойып, түйенiң етiн татып алмайтын хәлге жеттi. Иә, Оңтүстiктiң бүгiнгi қазағы түйенiң етiн жемейдi. Ем болады деп жылан жейдi, иттiң етiн жейдi, бiрақ түйенiң етiне жоламайды… Неге?

Басты себеп – сұраныс аз
Бүгiнгi таңда әлемдегi 190 миллион түйенiң 190 мыңы Қазақстанда екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәлiметiнше, бiздiң өңiрдегi түйе саны 27 мыңды құраса, соның 9000-нан астамы Созақ ауданында. Негiзiнен Созақта еттi, ал, Отырарда сүттi түйелер өсiрiледi. Бiз бүгiнгi түйе шаруашылығының жай-жапсарына қанығу үшiн Оңтүстiк-Батыс мал және өсiмдiк шаруашылығын зерттеу институтына бас сұққан едiк. Мұнда түйе шаруашылығымен айналысатын арнайы бөлiм жұмыс iстейдi. Аталмыш бөлiмнiң жетекшi қызметкерi Мейрамбек Ермахановтың айтуынша, түйе шаруашылығы Оңтүстiкте Созақ, Отырар аудандары мен Түркiстан қаласында, Арыс қаласының Ақдала, Бәйдiбектiң Мыңбұлақ, Шардараның Достық ауылдарында қолға алынған. Аталған елдi мекендердегi тұрғындар түйе өнiмдерiн түгелге жуық тұтынады деуге болады. Ал, Сарыағаш, Төлеби, Түлкiбас, Қазығұрт, Сайрам аудандарында түйенiң етi мен сүтiне сұраныс жоқ. «Өкiнiшке қарай, түйе шаруашылығының дамуына халықтың түйе етiн көп жемейтiнi де кедергi келтiрiп отыр. Өйткенi, Созақ жақта еттi түйелер көп өсiрiлгенiмен, еттiң негiзгi тұтынушылары сондағы жергiлiктi тұрғындар ғана. Демек, басқа аймақтардан түйе етiне деген сұраныс аз деген сөз. Одан кейiнгi мәселе, iрi қара мен қой тұқымын асылдандыруға мемлекеттен қыруар қаржы қарастырылса, түйе өсiру үшiн бюджеттен соқыр тиын да бөлiнбейдi. Сондықтан шаруалар түйеге қарағанда сиыр мен жылқы өсiруге құмбыл» дейдi М.Ермаханов. Ермахановтың бұл ойын Созақ ауданында 300-ге жуық түйе өсiрiп отырған Мұрат Аяпов та растайды. Түйеден пайда аз болғандықтан бүгiнде ол да сиыр шаруашылығымен айналысуды ойластырып жүр. Мұрат ағаға «неге мұндай шешiмге келдiңiз?» деймiз ғой баяғы. Мұрат аға әңгiменiң әлқиссасын түйе етiн алатындардың аздығынан бастады. Оның түйе өсiретiн шаруа қожалығында жыл сайын қараша-наурыз айларында 50 шақты ғана түйе сойылады. Келiсi 1000 теңгеден аспайтын түйенiң етiн көбiне созақтықтар ғана жейдi. Екiншiден, түйенiң жүнi арзан. Үлек түйе 3-4 келi жүн берсе, ұрғашы қоспақ 7-8 келi, буралары 15 келiге дейiн жүн бередi. Бiрақ бұдан үш-төрт жыл бұрын әжептеуiр табыс әкелетiн түйе жүнi қазiр күзеуге кеткен шығынды да өтемейдi. Келiсi – небәрi 200 теңге. Үшiншiден, түйе баяу көбейедi, екi жылда бiр рет боталайды. Осындай ерекшелiктерiнен болар, түйе шаруашылығында iлгерiлеу баяу. «Ал, бұл тығырықтан шығу үшiн мемлекет тарапынан қолдау, тұрғындардан түйенiң етi мен сүтiне сұраныс болуы керек. Сонда ғана оларды шағылыстыру арқылы жыл сайын боталатар едiк, я болмаса будандастыру арқылы еттi әрi сүттi түйенiң түрлерiн көбейтер едiк» дейдi шаруа. Расында да облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегiнше, өткен жылы Оңтүстiк Қазақстан облысында 25 267 түйе болса, биыл ол 26 916-ға жеткен. Яғни, облыс бойынша бiр жылда түйелердiң саны 1649-ге көбейген. Ал, өткен жылы 254 408 болған жылқы биыл 301 937-ге жетiптi.
Базарда сатылмайды
«Базарда түйе етi сатылмайды, себебi сұраныс жоқ, сатса да сиырдың етi деп алдап сатады» дегендi естiген соң, көз жеткiзуге Шымкенттегi Қырғы базарға бардық. Расында да, мұнда алымсақтар тұрмақ, саудагерлердiң де түйе етiн көрмегенiне көп болыпты. «Бiзде түйенiң етiн ешкiм алмайды. Тек Түркiстан мен Қызылордада сатылады» дедi ет сатушы әйел. Түйенiң етiн қашан сатқанын да есiне түсiре алмаған ол «он жылда бiр болатын шығар» дедi екiұштылау. Оның сөзiне сүйенсек, түйенiң етi базарға 2000 жылдан берi түспеген екен. Бiзге сатылатын малдың етi басымен келедi, оның өкпе-бауырлары тексерiледi. Сондықтан түйенiң етiн сиырдың етi деп сату мүмкiн емес. Ет сатып жүрген адам түйе мен сиырдың етiн сүйегi мен түсiне қарап оңай ажыратады.
Ал, бiздiң байқағанымыз, бүгiнгi таңда базарда сиыр етiнiң дәуренi жүрiп тұр. Сатушылар жылқы етiнiң қыста жақсы өтетiнiн айтады. Сонда бұл қазақ ендiгi жерде түйеге мойын бұрып та қарамайтын бола ма? Бiздiң көңiлге маза бермейтiн осы мәселе. Дегенмен…
Денсаулық сақтау министрлiгi өз сөзiн қашан айтады?
Созақтық Келер Теңiзбековтiң 30 түйесi бар. «Түйенiң ең жақсы жерi қысы-жазы далада жайылып, сексеуiл, жыңғыл, шағыр, терiскен, жантақ, қарасора сияқты ащы шөптердiң бәрiн жей бередi» деген ол соңғы жылдары қымыран мен түйенiң шудасына, әсiресе… зәрiне сұраныс күрт көбейгенiн айтады. Асқазанында кәкiрi барлар Келер ағаның үйiнде айлап жатып, түйенiң сүтiн iшiп, ауруынан айығады екен. Осындай дертiнен айыққандардың бiрi – терiскейлiк Тазакүл Мүсәнова. Асқазанында жара пайда болған соң iшпеген дәрi-дәрмегi қалмаған ол түйе сүтiнiң пайдалы екенiн естидi. Күн сайын аш қарынға үзбей түйе сүтiн iшкен ол 2 айда дертiнен құлан таза айығыпты!
«Түйе шаруашылығын қарқынды дамыту үшiн алдымен түйенiң етiнiң, сүтiнiң дертке дауа, емге шипа екендiгiн сауатты түрде насихаттай бiлу керек. Ол үшiн ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi мен Ауыл шаруашылығы министрлiгi бiрлесiп, шұбат пен түйе етiн аурухананың ас мәзiрiндегi тағамдар тiзiмiне енгiзсе, халықтың түйе етiне деген көзқарасы өзгерер едi». Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мейрамбек Ермахановтың осы ұсынысын облыстық диагностикалық орталықтың гастроэнтеролог маманы Салтанат Құттықожаева да құптайды. Оның айтуынша, қазiр асқазан ауруына шалдыққандарға жылқы сүтiн пайдалануға кеңес берiледi. Өйткенi, ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi қымызды тексерiп, оның шипасын анықтаған. Сондықтан ол министрлiк тарапынан шұбаттың да шипалы екенiн растайтын құжат берiлсе, қымыз сияқты қымыранды да ем үшiн пайдаланатындар саны күрт көбейер едi.
Қазақ тағамтану академиясының президентi Төрегелдi Шарманов қазы-қартаның сiңiмдiлiгi мен ағзаға пайдасын анықтап, дәруменi көп тағамды спортшыларға жиi тұтынуға кеңес берген болатын. Нәтижесiнде жылқының етi мен сүтiн тұтынатындардың бүгiнде қатары қалың. Ал, қымыранның да құнары мен пайдасы Таяу Шығыс пен араб елдерiнде зерттелiп, түйенiң етi мен сүтi мектеп пен балабақшаның ас мәзiрiне енгiзiлген. Түйе сүтiнiң құрамында кальций, фосфор, темiр, күкiрт сияқты ағзаға пайдалы микроэлементтер жетiп артылады, ол – демiкпе, сусамыр, өкпе, асқазан, бауыр ауруларына бiрден-бiр шипа. Тек Денсаулық сақтау министрлiгiндегiлердiң түйеге деген сүйiспеншiлiгiн ояту керек болып тұр…
Жыланның сорпасын, иттiң етiн қайтесiң…
Өмiрiн түйе сауатын құрылғы құрастыруға арнаған Аймырза Тасов ақсақал түйе етiнiң желiнбеуi Кеңес Одағында қалыптасқан қасаң ойдың кесiрi деп есептейдi. Әңгiмесiн «қазiр қазақтардың көбi түйенiң етiн неге жемей жүргендерiн өздерi де бiлмейдi» деп бастады ол. – Бұрынырақта күн ысығанда дала тышқандары жердiң бетiне шығыпты. Сол кезде тышқандардан өсiмдiктерге оба ауруы тараған. Соның салдарынан шөп талғамайтын түйелерге де жаман ауру жұғыпты. Содан түйелер қырыла бастаған соң ел iшiнде «түйенiң етiн жеуге болмайды» деген сөз тарайды. Бiз сол сөзден әлi құтыла алмай келемiз. Бұл ұғым санамызға әбден сiңiп кеткен. Сондай-ақ, «жүктi әйелдерге түйенiң етiн жеуге болмайды» деген де сандалған сөз. Бұрындары түйенiң етi iштегi балаға ауырлық қылар деп алаңдаған ғой. Бертiн келе оны да бұрмалап «түйенiң етiн жеген әйел бойына бiткен баласын тоғыз ай емес, он екi ай көтередi» дейтiн «данышпандар» пайда болды. Бұл айтылған долбар сөздердiң ешқайсысында ғылыми дәлелдеме жоқ. Ал, түйенiң аз болу себебiнiң бiрi Кеңес Одағы кезiнде обадан бiр қырылды. Одан кейiн жүнi сатылмайтын, сүтi iшiлмейтiн, етi желiнбейтiн түйеге ақша шығындамас үшiн оның көзiн құртуға асықты. Соның салдарынан түйенiң небiр тұқымдары көзден ғайып болды. Оны қойшы, ол кезде кәрi түйелердi ет зауытына өткiзетiн. Арық малдың етiн халық алмаған соң амалсыз хайуанаттар бағындағы аңдарға беретiн болды. Осының бәрiн көрген қазақты «түйенiң етiн неге жемейсiң?» деп кiнәлау да қиын. Алайда, 3 жастан 7-8 жасқа дейiнгi түйенiң етiнен сiңiмдi, одан жұмсақ ет жоқ. Қыста өркешiне май байлағанда, яғни «екi өркешi баладай» болғанда, әсiресе, қараша мен наурыз айлары аралығында дәмi тiл үйiредi. Бiз де отбасымызбен қыс бойы ауылдан түйенiң етiн алдырып жеймiз. Қазiр ветеринарлық жұмыстар жолға қойылған, сондықтан халыққа ешқандай қорқудың керегi жоқ. Түйе етiнiң майы да, маңызы да сорпасына шығады» дейдi ақсақал.
Тарихты ақтарсақ, б.з.д 700-600 жылдардағы деректерде тарихшы Геродот түйелердi әскери ұрыстарға пайдаланғаны жөнiнде жазған. Ертеде қажылыққа баратындар құрбандыққа түйе шалып, Меккеге нар түйелермен жетедi екен. Емшiлер түйенiң өкпесiн, сынықшылар ботаның жiлiгiн емге пайдаланған. Белi ауырғандар түйе жүнiне оранған. Алайда, бүгiнгi ұрпақ аурудан айығу үшiн түйеге ұмтылудың орнына жыланның сорпасын iшiп, иттiң етiн жеп жүр. Азанымен өздерiнiң кiшi дәретiн сiмiрiп салып жүргендер қаншама?! Және «керемет ем екен» деп қоятындарын қайтерсiз?! Бiр таң қалатыныңыз, солар өзiнiң дәретiн iшiп отырып, түйенiң етiн жамандайды. Бүгiнде түйенiң етiне қарағанда түйеқұстың етi қадiрлi боп тұр. Расында да, түйеқұстың етiн жейтiн қазақ төрт түлiктiң төресi атанған түйенiң етiн неге жемейдi? Әйтпесе түйеқұстың етi ем болады деген қан қысымы мен қант диабетiне түйенiң етi екi есе артық шипа болмай ма?! Ең қызығы, 2 жылда бiр боталайтын түйеден гөрi 5 жылда бiр рет жұмыртқа шайқайтын түйеқұс шаруашылығы жанданып келе жатыр. Сондықтан маң-маң басқан Ойсылқара түлiгiнiң көбейгенiн қаласақ, алдымен оның етi мен сүтiнiң қадiрiне жете бiлгенiмiз абзал.